Руханият

Тың тәсілдерді меңгерді

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Қарағандыдағы «Достық» үйінде «Рухани жанғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру үшін кадрларды қарқынды дайындау» атты үш күндік республикалық семинартренинг өтті.

Семинардың мақсаты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша халықпен өзара іс-қимыл жасайтын қызметкерлерді дайындау, оларды коммуникация тәсілдеріне, медиаторлық қағидаттарға және басқаларына үйрету. Дәрістерді республика деңгейінде танымал және беделді сарапшылар өткізді. Қарағанды облысы – осындай семинар ұйымдастырған үшінші аймақ. Бұған дейін жаттықтырушылар Алматы және Түркістан облыстарында болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аймағымыздан тренингке 150-ден астам адамды жиналған.

Қатысушылар үш топқа бөлінді: басшылар, мамандар және сарапшылар, сондай-ақ, БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті қызметкерлер.

  • Бұл семинар екінші жыл өтуде. Оның межесі мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметкерлердің «Рухани жаңғыру» бойынша халыққа дұрыс ақпарат жеткізуді үйренуі,– дейді «АЛЬРЕСМИ» өңірлік БАҚ альянсының президенті Ержан Сейтқазинов.

Үш күн ішінде сарапшылар қарағандылық мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да сала мамандарын халықпен өзара сауатты және тиімді іс-қимыл жасай білуге оқытты. Спикерлер қатарында – фасилитация бойынша жаттықтырушы Анна Пацюк, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы басқару институтының директоры Ерлан Әбіл, белгілі бизнес-жаттықтырушы Қайсар Мақан және жобалар мен командаларды басқару бойынша жаттықтырушы Зарина Бүйімбаева сияқты елімізге белгілі кәсіби мамандар бар.

  • Біз бүгін өте қызықты құрал – фасилитация әдісін талқыладық. Атап айтқанда, партисипативті фасилитация. Оның мағынасы өте қарапайым. Мұнда талқылау және шешім қабылдау үшін барлық мүдделі тараптар тартылады. Мысалы, бұл қажетті ақпаратқа ие адамдар; жобаны іске асыратын адамдар; осы бағдарлама солар үшін әзірледі. Фасилитация әдісі әлемде шамамен 60 жылдан бері қолданыста. Оның ұсақ-түйектеріне дейін егжей-тегжейлі ойластырылған. Ол мемлекет пен қоғам диалогын құру құралы ретінде өмірге келген. Баяғыда мемлекеттік қызметкерлер салқын қабақ пен қатаң тәртіп арқылы халықпен байланысқа түссе, қазір керісінше, олардың көңіл-күйіне әсер етіп, түрлі эмоциялар арқылы, яғни, бар жүрегіңмен шынайы қарым-қатынас орнату, – деп түсіндірді Анна Пацюк.

Әр бөлімдегі қатысушылардың қызығушылықтары өте жоғары болды. Көптеген өздері білмейтін дүниелермен танысып, мәліметтер алып, жан-жақты зерделі ойлар мен келелі кеңестер, ұтымды әдіс-тәсілдерді бойларына сіңірді.

Аталған семинар-тренингке қатысушы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды полиция академиясының ұстазы Құлынтай Монайдың айтуынша, ол Зарина Бүйімбаеваның тобында болған. Оған «Партисипативті менеджмент» қатынас тәсілі қатты ұнапты. Онда халықты жоғары сауатты, орта белсенді және төмен деңгейлі үш топқа бөліп қарастырған. Мұнда төмен деңгейлі топқа назар аудармаған сыңай таныта отырып, жоғары сауатты және орта белсенді топ өкілдері өзара қарым-қатынас жасайды. Мұны байқаған төмен деңгейлі топ, өзі ұмтылып, іштей талпынып, ізденіп бұл екі топқа келіп қосылады екен. Сонда екі белсенді топ, бір-бірімен белсенді қарым-қатынас жасау арқылы үшінші топтың деңгейін көтеріп, өз қатарына қосады.

Семинар-тренинг аяқталған соң, барлық қатысушылар сертификатқа ие болды. Семинар-тренинг өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар ұйымдастырушыларға дән риза.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button