Турнирде топ жарды
Балқаш қаласындағы «Металлург» спорт кешенінде волейболдан 2008-2009 жылы туған және одан кіші қыздар арасында ұлағатты ұстаз, спорт ардагері Майя Қасымқызын еске алуға арналған қалалық ашық турнир өтті. Алғашқы жылдары бұл жарыс мектеп, колледж ұстаздары арасында болса, биылдан бастап, бірінші рет мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылды. Осымен бесінші жыл қатарынан өткізіліп отырған дүбірлі додаға спорт ардагерінің шәкірттері ФК-09 тобы түлектері ұйытқы болды.
– Майя Қасымқызы – бізді спортқа баулып шыңдаған ұстазымыз. Біз ұстаздың ұлағатты жолын жастарға үлгі етуге тырысып келеміз. Биыл жарысқа 8 команда қатысуда. Біз негізі, жылда бұл жарыстың форматын өзгертеміз. Биылдан мектеп арасындағы оқушы қыздар арасында өткізіп жатырмыз. Алдағы уақытта облыс деңгейінде өткізуді мақсат қылып отырмыз, – дейді турнир ұйымдастырушысы Дархан Әшірбеков.
Ардагер ұстаз Майя Мырзабекованы еске алу шарасына әкесі Қасым Мырзабеков немерелерімен келіп, қызы туралы естеліктерімен бөлісті. Жарыс барысында командалар қай-қайсы да мықтылығын көрсетіп, тартысты қыздырды. Дегенмен, шын шеберлік мойындатпай тұра ма?! «Балқаш» қалалық спорт клубының «Әлия» командасы №1 мектептің «Бірлік» командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. I орынға «Балқаш» қалалық спорт клубының «Әлия» командасы, II орынға №1 мектептің «Бірлік» командасы, III орынға Ә.Мусин атындағы БГТК командасы тұрақтады. Жеңімпазға арнайы кубок тапсырылды. Үзеңгілес бәсекелестер де, үздік танылған ойыншылар да сый-сияпаттан құр алақан қалмады.
Өз тілшімізден.
БАЛҚАШ