Басты тақырып

Туризм: шетелден біздің неміз кем?

    Қарағанды аймағының бірегей туристік нысандарын дамытудың келешегі туралы кеншілер мекенінде туриндустрия өкілдері келелі кеңес құрды. Өңірде бар туризм орындарының болашағы мен бүгіні хақында бірқатар пікірлер тоғысқан кездесудегі түйін – туризм кең құлаш жая алмай отыр. Сондықтан, бұл орайда оңтайлы шара мен табысқа бастайтын бағыт-бағдар керек. Мамандардың айтуынша, еліміз «ЭКСПО» көрмесінен кейін туристік елдердің  төрттігінің тізімінде. Десек те, бұл – әлем елдерінің арасында 81-ші орын. Қарағанды аймағында шетелдік қонақтардың келуі үш есеге артқанымен  туризмнің өркен жаюы – кемшін.

Бұл  кездесуде  туризм, билік өкілдері мен инвесторлар пікір алмасты. Аймақтың көз тартарлық орындары мен тың жобалар жария етілді. «Қазақ туризмі» АҚ мәліметінше, ел ішіндегі туристердің саны 5 миллионға жуық екен. Ендігі міндет –  осы ішкі туристер санын арттыру.

Қайрат СӘДУАҚАСОВ, «Қазақ туризмі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Бүгінде ел ішінде  5 миллионға жуық отандық турист бар. Бұл көрсеткішті 2023 жылға қарай  12 миллионға дейін жеткізуді  жоспарлап отырмыз. Сыртқы туризмде де  мүмкіндік зор. Сол себепті, 2023 жылға қарай біздің шетелдік туристерді 5 миллионға жеткізу жоспарда бар.

Деректерге сүйенсек, жалпы,  Қарағанды облысында, экотуризмге сұраныс жоғары көрінеді. Мысалы, Осакаров ауданындағы «Бұйратау» ұлттық табиғи паркіне қызығушылық айтарлықтай екен.

Мария РЕДНИКОВА, «Бұйратау» ұлттық паркінің өкілі:

– Сырт елден  келгендер Қазақстанның әсем табиғатын тамашалауды ұнатады. Табиғат аясында жануарлар дүниесімен де танысуға мұнда мүмкіндік бар.

Шетелдік туристердің Қазақстанға келуіне кедергі келтіретін себеп – қызмет көрсету мен жолдардың сапасы болса керек. Мамандардың мәлімдеуінше, шетелдік туристер үшін аталған екі фактор   аса маңызды. Бұл орайда кем-кетіктер жоқ емес. Ал, өзіміздің отандастар үшін мұндай демалыс орындары, тек, сенбі-жексенбі күндері ғана қызмет көрсетеді. Дегенмен де, мұнда да сұраныс жоқ емес.

Туристік агенттік өкілдері біздің аймақтағы демалыс орындарында  толыққанды демалысқа барлық жағдай жасалған дейді. Табиғаты тартымды, сауықтыру кешендері жетерлік.

Светлана НЕЧАЕВА, туристік агенттік директоры:

– Мысалы, Қарқаралы өте жақсы дамыған, Приозерск сауықтыру кешені де ауыз толтырып айтарлықтай.  Біз оны жергілікті тұрғындарға жарнамалаудан, жеткізуден талмаймыз. Тіпті, сізге шетелге барудың қажеті жоқ. Бізде бәрі бар, әрі  лайықты.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров Қарағанды аймағында туризмді дамытуда өсім барын айтады. Әлеуеттің де аз еместігін жеткізді. Тек, қолда барды жетілдіру керек-ті.

Алмас АЙДАРОВ, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

– Туризмді дамытуда өсім байқалады. Жыл өткен сайын көрсеткіштер артып келеді. Жалпы, Қарқаралы, Балқаш, Жезқазғанда және Ұлытауда жұмысты жетілдіру  қажет. Аймақтың әлеуеті зор.

Кездесуді Қарағанды облысы әкімдігінің және кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Туризм, мейманхана, мейрамхана ісінің  Орталық Қазақстан қауымдастығы» ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Келешекте  қауымдастық отандық туризмді дамыту және қолдау академиясын ашуды жобалап отыр.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Сурет ғаламтордан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button