Ресми

Туристер саны төрт есеге артады

Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі Сараптамалық кеңестің кезекті отырысында Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданында туризмді дамыту жоспары назарға ұсынылды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бизнес-қоғамдастық өкілдерімен аймақтағы туризмді дамыту, жер учаскелерінің қолжетімділігі, қажетті инфрақұрылымды құру мәселелерін талқылады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Балқаш еліміздегі басты туристік 20 үздік орталық қатарына енді. Қаланың дамуына жеке инвестиция мен мемлекеттік қаражат бөлінетін болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, бүгінде Балқаш жағалауында туристерге арналған 54 демалыс аймағы бар. Биыл жаңа 7 аймақ ашу жоспарланған. Аталған бизнеске инвес­тиция салғысы келетіндер үшін тиімді мүмкіндіктер қарастырылған. Қалаға туристер тартудың негізгі орталығы – Ақтоғай ауданына қарасты Шұбартүбек және Тораңғылықтың Балқашқа қосылған кенттеріне негізделген.

– Биыл 50 жұмыс орнын құрып, 7 демалыс аймағын пайдалануға беру жоспарда. Ірі жобалардың бірі – «Balkhash resort» демалыс аймағы мен «Resort Capital» ЖШС. Осы бағыттағы 41 бөлмелі 4 қабатты қонақ үй кешенінің инвестиция сомасы 400 миллион теңгені құрады. 2025 жылға қарай кешенді пайдалануға беру жоспарда, – деді Сапар Сатаев.

Әкім атап өткендей, өткен жылы курорттық ауылдарға полиция мен медицина бекеттерін орналастыру үшін модульдік үй-жайлар және биыл бейнебақылау камералары орнатылды.

– Туризмді дамыту мақсатында Бертіс шығанағы ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жұмыстары аяқталды. Біз сәуір айының соңына дейін демалыс аймақтарын салу үшін 14 жер учаскесін аукцион арқылы ойнатуды жоспарлап отырмыз. Аумақтағы қосымша жұмыстардан кейін 120 га бос жер учаскелері анықталды. Жоспарлау жұмыстарынан кейін аукционға шығарамыз, – деді ол.

Сапар Сатаевтың айтуынша, қосымша жұмыстар нәтижесінде Тораңғылық және Шұбартүбек курорттық кенттерінде де бос жер учаскелері анықталды. Алдағы уақытта олар да аукцион арқылы ұсынылмақ.

– 2025 жылға қарай Балқашқа туристер ағынын төрт есеге, атап айтқанда, 170 мың адамға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Демалушыларды тарту үшін биыл желкенді регата жаңартылады. Сондай-ақ, Балқашта әуежай жөнделмек. Қазір қаланың әуежайы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Такси жолын, әуежайдың ғимаратын қайта құру және қызметтік үй-жайлар ғимаратын салу жоспарлануда. Такси жолын қайта құру бойынша байқау өткізілді. Ұлттық қордан қаражат бөлінгендіктен, жолды қайта жаңарту жұмыстары басталды, – деді Сапар Сатаев.

Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов сөз алып, этно және агротуризмді дамытуға бағытталған жоспармен бөлісті.

– Қазіргі уақытта аудан аумағында бір мезгілде 3 мыңға жуық турист қабылдай алатын 37 нысан бар. Бұл нысандарда 300-ден астам адам жұмыс істейді. Жылдан-жылға жаңа заманауи демалыс аймақтары құрылуда. 2023 жылы ауданға келген ресми турис­тер саны 9,1 мың адамды құрады. «Қарағанды-Қарқаралы» респуб­ликалық маңызы бар жолға орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биылға қаладағы Т.Әубәкіров орталық көшесін қайта жаңарту, Құнанбай қажы мешітін қалпына келтіру, «Үш арыс» ескерткішінің жанындағы саябақты орнату секілді жұмыстар жоспарланған, – деп атап өтті Әділжан Арғынов.

Сондай-ақ, әкім аудан арқылы өтетін «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» жолының жайын атап өтті.

– Қарқаралы ауданының Аппаз ауылы мен Ақтоғай ауданының Қызыларай ауылы арасында барлығы 40 шақырым дала жолы бар. Грейдерлік жол салынған жағдайда Ақтоғай арқылы Балқашқа және одан әрі бағыт алуға болады. Солтүстік бағыт бойынша тарихи нысандарды аралай отырып, турис­тер Павлодар облысының Баянауыл кентіне (Айрық ауылынан 90 км) дала жолымен жүре алады. Туризмді дамыту өңірге инвестиция тартуға, туризмнің жаңа нысандарын және ілеспе қызметтерді ашуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Әділжан Арғынов.

Жиында кәсіпкерлер туристік саланы дамыту жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті бюджетті толықтыруға, қоршаған ортаны қорғауға тиісті қаражатты көздеу­ге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сараптамалық кеңесте өңірдегі бизнес-климаттың жақсаруына ықпал ететін басқа да мәселелер сөз болды.

Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов қаланың іскерлік жоспарлау жобаларын ұсынды. Кәсіпкерлер өңірлік деңгейде шешуді талап ететін агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс және ТКШ, жер қойнауын пайдалану мәселелерін қозғады.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button