Білім

Цифрлық қауіпсіздік: жеке деректерді қалай қорғауға болады?

Цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау мәселесі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Дербес дерек – адамның жеке басына, отбасына, кәсіби қызметіне қатысты ақпарат. Мұндай ақпаратты қорғау – адамдардың жеке өмірін, құқығы мен бостандығын қорғаудың негізі. Дербес деректерді қорғаудың мәні мен оның маңыздылығын және осы саладағы заңнамалық негізге көз жүгіртіп, зерделеп көрмекпіз. Сонымен, дербес деректерді қорғаудың мәні неде?

Сурет zero.com.kz

Дербес деректі қорғау – деректерді рұқсатсыз қолжетімділіктен, ұрлаудан, бұрмалаудан және заңсыз пайдаланудан қорғауға бағытталған шара жиынтығы. Дербес дерекке аты-жөні, туған күні, мекенжайы, телефон нөмірі, электронды пошта мекенжайы, медициналық жазбалар, қаржылық ақпарат және басқа да жеке ақпарат жатады. Осының барлығы дұрыс қорғалмаса, жеке тұлғаға зиян келтіруі мүмкін, мысалы, жеке басына үлкен қауіп. Немесе алаяқтық жасау арқылы зиян тиюі мүмкін.

Енді, сәйкесінше жеке деректі қорғаудың маңыздылығына тоқталайық.

Дербес деректерді қорғау жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етеді. Дербес деректі қорғау азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың ажырамас бөлігі болып табылады. Мәліметті рұқсатсыз пайдалану жеке тұлғаның құқығын шектеп, заңсыз әрекетке жол ашады.

Дербес деректі қорғау ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттырады. Егер дер­бес дерек дұрыс қорғалмаса, ол хакерлердің шабуылына ұшырап, құпия ақпарат сырт­қа шығып кетуі мүмкін.

Көптеген елде дербес деректі қорғау бойынша арнайы заң қабылданған. Мысалы, Қазақстанда «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заң 2013 жылы қабылданған. Бұл заң дербес деректерді жинау, өңдеу және сақтау қағидаларын реттейді және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Әр азамат жеке дерегіне мұқият болғаны абзал. Біріншіден, дербес деректі жинау тек заңды негізде және дербес деректер субъектісінің келісімімен жүзеге асырылуы тиіс.

Екіншіден, дербес дерек тек белгіленген мақсатқа сәйкес өңделуі керек. Деректі өңдеу барысында дербес деректің дұрыстығы, толықтығы және өзектілігі қамтамасыз етілуі тиіс.

Үшіншіден, дербес дерек тек қа­жетті мерзімге сақталуы тиіс. Мер­зімі өткен дерек жойылуы керек.

Дұрыс қорғалған дербес дерек адам­дардың жеке өмірін, құқығы мен бостандығын қорғауға, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрбір азамат дербес деректерін қорғаудың маңыздылығын түсінуі және осы саладағы заңнаманы сақтауы тиіс.

Дербес дерек пен цифрлық құқық тығыз байланысты, себебі цифрлық құ­қық жеке тұлғаның интернеттегі және цифрлық кеңістіктегі ақпаратының қауіпсіздігі мен құпиялылығын қамтамасыз етуді қамтиды. Дербес деректі қорғау – цифрлық құқықтың маңызды аспектісінің бірі.

Әрі қарай мұны оқырмандарға қарапайым тілде түсіндіре кету артық болмас. Цифрлық құқық – адам баласына берілетін құқық, тек интернет кеңістікте. Алайда, интернеттегі адам құқығына төнетін қауіптің ықтималдығы жоғары екенін біле бермейміз. Жалпы, цифрлық қауіпсіздікті сақтау үшін тәжірибенің қажеті жоқ, тек бірнеше қағидатты естен шығармай, оларды орындау жетіп жатыр.

Реті келгенде компьютерлік қауіп­сіздікті төмендегідей бірнеше түрге немесе әрекетке бөліп қарастыруға болады:

1. Кез келген техникалық құрыл­ғы­ңыз­ға антивирустық бағдарлама міндетті түр­де орнатыңыз және оны жаңартып отырыңыз. Пираттық бағдарламаны пайдаланбаңыз;
2. Кірістірілген қауіпсіздігі бар Fi­refox сияқты браузерді пайдалануды қарастырыңыз. Интернетке қосылу үшін шифрланған және қауіпсіз байланыс арналарын (VPN, HTTPS) пайдаланыңыз;
3. Қауіпсіздік құпия сөздерін үнемі жаңартып отырыңыз. Олар ұзағырақ, яғни 12 таңбадан (үлкен, кіші әріптен, сандардан) ойластырылған болсын;
Құпия сөздеріңізде сіз туралы жалпыға белгілі ақпарат болмағаны жөн. Өміріңіздегі қызықты оқиғамен, қуаныш­ты сәтпен байланысы бар ассоциация арқылы жасалса, қауіпсіз болмақ. Қолдану мүмкіндігі бар барлық аккаунтта екі факторлы аутентификацияны қосыңыз. Бұл қауіпсіздікті арттырады;
4. Компьютердегі құпия файлды қор­ғау үшін олардың көшірмесі болсын және файлдың атауы мазмұнынан бөлек, шифрланған болсын. Оны да құлыптап қоюға болады;
5. Мобильдік қауіпсіздікке қатыс­ты қазіргі телефонның «прослушкаға» төзімді екенін біле жүріңіз. Бұрындары телефонның тыңдалып жатқанын тырсылдаған дыбыстан бірден аңғаруға болатынын айтты. SMS, дауыстық қоңырау да жазылып алынады екен. Барған жерімізде Wі-Fі-ға жабыса кететініміз бар, ол да қауіпті. Өйткені, сіз өзіңіз жайлы сол жерде біраз ақпарат қалдырасыз.

Телефоныңызды ешқашан ешкімге ұстатпаңыз. Әсіресе, QR арқылы немесе онлайн төлем жасау үшін (интернет байланысы төмен болып тұр деп), дүкенші, даяшы, банк қызметкерінің қолына ұстатып жібермеңіз!

Геолокацияны сөндіріп қойыңыз, әйт­песе, сіздің қайда жүргеніңізді (жалпы, болған жеріңізден цифрлық із қалады) тез анықтайды.

Неғұрлым қарапайым техниканы пай­­далансаңыз, соғұрлым жаныңыз тыныш. Робот-шаңсорғыштың да сіз жайлы мәліметті көп «білетінін» есте сақтаңыз!

Робот-шаңсорғыш өзінің кейбір функциясы арқылы жеке деректерді жинай алады. Көптеген робот-шаңсорғыш үйдің жоспарын жасайтын картографиялық мүмкіндікке ие. Бұл деректер үйдің ішкі құрылымы туралы ақпаратты қамтуы мүмкін. Сонымен қатар, заманауи робот-шаңсорғыш Wi-Fi арқылы интернетке қосылады және смартфон қосымшасы арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Бұл деректерді өндіруші компанияның серверіне жіберу қаупін туғызады.

Ол үшін Wi-Fi желісін қорғау мақсатында қауіпсіз Wi-Fi желісін қолданып, күрделі құпия сөз орнатыңыз, құрылғының бағдарламалық жасақтамасын үнемі жаңартып отырыңыз. Оны қолданбайтын кезде интернеттен ажыратып отырыңыз.

Осы шаралар жеке деректеріңізді қор­ғауға көмектеседі және робот-шаңсорғышты пайдалану қауіпсіздігін арттырады.

«Алиса» дауыстық көмекшісін пайдалану да қауіпті екенін есте ұстаңыз. «Алиса» – Яндекс компаниясының жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін виртуалды көмекшісі.

Алиса пайдаланушылардың дауыстық командасын және кейбір әрекетін жинап, өңдейді. Бұл деректер көмекшінің қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін пайдаланылады. Бірақ, бұл деректің жиналуы жеке өмірге араласу деп санауға болады.

Ақпараттық қауіпсіздікті сақтау біз­дің цифрлық әлемдегі маңызды міндетіміз. Технология дамыған сайын, жеке дерегімізді қорғау әдісін де жаңартып, жетілдіріп отыруымыз қажет.

Жеке деректерді қорғау – бүгінгінің ең өзекті тақырыбының бірі. Айта кетейік, бұл мәселені елімізде IWPR және «Еркіндік Қанаты» қоғамдық қоры жан-жақты зерттеп жүр.

Өзімізді және жақындарымызды қор­ғау үшін барлық қажетті шараны қабылдауға тиіспіз. Қауіпсіздікке көңіл бөлу арқылы ғана біз жеке өмірімізді және құпиялылығымызды сақтай аламыз.

Жанар РАМАЗАНОВА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі,

Марал АЙТМАҒАНБЕТОВА,
филология ғылымдарының кандидаты, медиасарапшы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button