Ресми

Цифрландыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді шара

Қоғам дамуына кертартпа дүниелер бар десек, соның бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл кеселден сырт қалған мемлекет кемде-кем. Дегенмен, елімізде аталған дерттің тамырына балта шауып, түбегейлі жою мақсатында түрлі әдіс-тәсілдер қолданылуда. Соның бірі – цифрландыру. Атап айтқанда, цифрлық жүйеге көшу сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендеткенін көрсетеді бейресми деректер. Одан бөлек, цифрландыру облыстағы мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда әкімшілік кедергілерді азайтуға ықпал етуде. Мәселен, соңғы жылдары өңірде «Iqala» коммуналдық қызметтерінің сайты, «Қауіпсіз қала», «SmartGeoHub» облыстық геоақпараттық порталы енгізілгенін айтуға болады. Қарағанды облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша тағы қандай шаралар жүзеге асырылып жатқаны жайлы өңір басшысы Ермағанбет ­Бөлекпаевтан сұрап білдік…

– Ермағанбет Қабдулаұлы, әңгімемізді кіріспе сұрақтан бастасақ. Аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қандай мемлекеттік органдарға тиісті өкілеттік берілген?

– Бізде заңнамаға сәйкес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) бар. Аталған орган тікелей Президентке бағынады және есеп береді. Бірақ, бұл сыбайлас жемқорлықпен күрес тек аталған органның ғана жауапкершілігінде деген сөз емес. Мемлекеттік органдар, ұйымдар, мемлекеттік компаниялар мен басшылар, әр қызметкер сыбайлас жемқорлықпен күреске, оған төзбеушілікті қалыптастыруға атсалысуы тиіс. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ықпал ететін іс-шаралар өткізеді. Олар ең алдымен адамгершілік тәрбиесіне, қоғамдағы әрбір адамның санасын жемқорлыққа қарсы қалыптастыруға бағытталған.

– Бүгінде мекеме басшысы қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларына қайшы келетін әрекеттері үшін жауап беруі керек деген мәселеге қатысты қоғам пікірі екіге бөлінген. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

– Әрине, қоғам болғаннан соң түрлі пікірдің болуы қалыпты құбылыс. Бірақ, кез келген мемлекеттік орган алдымен заңды басшылыққа алады. Ол – анық. Яғни, мен де мемлекеттік қызметші ретінде, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары өзіне бағыныштылардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін заңға сәйкес тәртіптік жауаптылықта болады делінген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңды басшылыққа аламын.

– Тұрғындар арасында жиі талқыланатын тағы бір мәселе – туыстық байланыстар. Мемлекеттік қызметте мұндай фактілер кездесетіні құпия емес. Аталған жайтпен қалай күресу керек?

– Мемлекеттік қызметші елі үшін қызмет етеді. Ал, туыстық байланыстарды болдырмау үшін заңнама талаптары қатаң сақталуы тиіс. Одан бөлек, түрлі алыпқашпа әңгімелерді болдырмау үшін сөзбен емес, іс жүзінде мемлекеттік қызметшінің жұмысы қоғам, азаматтар тарапынан сенімнің ең жоғары нысандарының бірі екенін көрсетуге тиіспіз.

– Мемлекет тарапынан қолдау кейінгі жылдары жастардың аталған қызметке деген қызығушылығын арттырды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін жас мемлекеттік қызметшілерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бірінші – жұмысын адал атқару, елінің патриоты болу. Екіншіден, атқарған қызметі үшін алғыс күтпеу. Жастар мемлекеттік қызметте жүріп, қыруар ақша таппайтынын түсінуі керек. Бұл жердегі басты мақсат та, міндет те – елге қызмет. Сондықтан, жұмысымыз елге, адамдарға қызмет ету екенін әрқашан есте сақтау керек. Бұл мансап жолын енді бастаған жастарға ғана емес, барлық әріптес­теріме де қатысты.

– Облыста мемлекеттік сектор мен бизнесте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің қандай әдістері енгізілуде?

– Бұл жердегі маңызды фактор – бизнес-процестерді автоматтандыру. Бүгінде мемлекеттік қызметті «Бір терезе» қағидаты бойынша алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну болмаса egov.kz. электрондық үкімет порталына шығу жеткілікті. Өңірде жыл басынан 4 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 99,4%-ы электрондық форматта.

Сондай-ақ, биылдан Iqala коммуналдық қызметтерінің сайты іске қосылғанын айту керек. Нәтижесінде, қызмет көрсету процесін автоматтандыруға, қағазбастылықты жоюға және қызмет берушілермен байланысты болдырмауға мүмкіндік туды. Одан бөлек, «Smartgeohub» геоақпараттық порталын құру бойынша жұмыс жүргізудеміз. Қазір порталда сәулет және жер қатынас­тары саласындағы мемлекеттік қыз­меттердің бизнес-процестері іске асырылды. Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрімен және egov.kz порталымен жер учаскелерін электронды түрде беруді автоматтандыру бөлігінде интеграция аяқталды. Болашақта бұл жерді ұтымды пайдалануға тиімді мониторинг пен бақылау жүргізуге, сыбайлас жемқорлық пен бюрократия қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

«Қауіпсіз қала» жобасы өзін сәтті көрсетті. Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларында және Осакаровка кенттерінде 2812 бейнебақылау камерасы және 50 жол жүру ережесін бұзу фактілерін тіркейтін камералар орнатылды.

– Ермағанбет Қабдулаұлы, еліміз сыбайлас жемқорлықтан түбегейлі құтылу үшін тағы қандай қадамдар керек деп ойлайсыз?

– Барлығымыз елдегі сыбайлас жемқорлықты барынша азайту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазір мемлекеттік қызметтерді белсенді цифрландыру, процестерді автоматтандыру өз нәтижесін беруде. Бірақ, тұрғындардың да көмегі қажет. Атап айтқанда, онлайн түрде қолжетімді мемлекеттік қызметтерді алудың барлық нысандарын белсенді пайдаланумен қатар, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеу­шілікті де қалыптастыру маңызды. Әсіресе, оны тұрмыстық деңгейде тоқтату керек. Жас ұрпақты сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеу­шілікке тәрбиелеу, оның елге тигізетін зияны туралы айту мәселені кешенді түрде шешуде маңызды болмақ. Одан бөлек, қоғамда заңға бағынудың жоғары мәдениетін қалыптастыру керектігін ұмытпауға тиіспіз.

– Әңгімеңізге рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button