Бас тақырыпМәселе

Өтпелі кезең өкінішке ұрындырмасын

Жыл сайын үйден қашатын балалар саны көбейіп келе жатқанын айтады мамандар. Олардың дені – 10-15 жас аралығындағы жасөспірімдер. Егер, бұған дейін дала безген баланың дені қолайсыз отбасынан шыққандар болса, бүгінде толық әрі әлеуметтік жағдайы жақсы отбасының балалары да қашуды әдетке айналдырған. Отбасындағы жағдай – өз алдына. Мектепте, көшеде болсын, жасөспірімнің әрекетін сырттай бақылап, оның теріс әрекетке бармауын қадағалап, оқыс оқиғалардың жолын кесетін кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлардың да саны аз. Мәселен, Қарағанды қаласының өзінде 1 инспектор 4600 балаға жауап береді. Ал, ауылдық жерлердегі көрсеткіш бұдан да жоғары.

Жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімінің дерегі бойынша 2022 жылы өз бетімен үйлерінен кеткен жасөспірімдер фактісі бойынша 127 іс тіркелген. Бірақ, уақытылы әрекеттің нәтижесінде олардың барлығының қайда екені анықталып, ата-аналарына тапсырылған. Одан бөлек, 101 бала полиция бөлімдерінің есебіне қойылған.

– Қаңғыбастыққа үйір, өз бетімен жүретін балалардың ата-аналарына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 442-бабына, атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуына байланысты – 18 ата-ана, аталған кодекстің 127-бабы, кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттемелерін орындамағаны үшін – 26 ата-ана әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ал, ата-ана қарауынсыз қалған және қаңғыбастыққа үйір 163 бала Теміртаудағы кәмелетке толмағандардың уақытша оқшаулау орталығына жеткізілді, – дейді Қарағанды облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының Ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Факизат Тультаева.

Факизат Мұқанқызы бүгінде толық отбасынан шыққан балалар да үйден қашуды әдетке айналдырғанын айтып отыр. Маман мұны отбасындағы жалғыз баланың еркелігіне баласа, психологтар тәрбие стиліне назар аудару керек екенін айтуда.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің психология кафедрасының аға оқытушысы Мейрамгүл Түсіпова «Бала жастайынан еркіндікке үйренген болса, жасөспірім кезінде мектепте туындаған қиындықтарға шыдай алмай, үйден қашып кетуі мүмкін» дейді. Сондай-ақ, үйден кетудің тағы бір себебі – бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы екен.

– Тәрбие стилі әке жағынан қатал, шеше жағынан еркін болатын болса, екеуінің арасындағы келіспеушілік салдарынан бала өз үйінде өзін жат санай бастайды. Тағы бір себеп – баланың әлі де болса өзін ересек адам ретінде сезіне алмауы. Жасөспірімдік кезең – баланың ересек кезеңге өтетін шағы. Яғни, ата-ана балаға әлі де сәби тәрізді қарап, көзқарасын, қалауын ескермеуі мүмкін. Осыған байланысты өзін ересек ретінде көре алмаған, ойын, пікірін, эмоциясын көрсете алмаған бала сыртта, достарының арасында өзін ересек ретінде сезінуді артық санап тұрады. Оның нәтижесі ауыр салдарларға алып келуі мүмкін, – дейді Мейрамгүл Мақсұтқызы.

Себебі, жасөспірімдік кезеңге дейін ата-ана ролі бөлек болса, дәл осы кезде бала тәрбиесіндегі стильді де өзгерту керек екенін айтады. Қажет болса, психолог кеңесін де алған дұрыс болады.

– Мұндай жағдайда маман ата-анамен де, баламен де жеке сөйлесіп, тәрбие тәсілін құруға көмектеседі. Бірақ, өкінішке қарай, біздің қоғамда отбасылық жағдайларға психологты араластыру әлі де болса орын ала қойған жоқ. Бала тәрбиесі – ең бірінші ата-ананың жауапкершілігінде. Бұл қатал ұстау керек деген емес. Балаға еркіндік бере отырып, дұрыс бағыт-бағдар беру. Ол үшін шешім қабылдау емес, сол шешімді өзі қабылдай алатындай бағытбағдар беру, – дейді Мейрамгүл Түсіпова.

Салтанат ІЛИЯШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button