Тозған тоған, сарқылған су
Жұртшылықтың алаңдаушылығын алға тартқан Жезқазған қаласының қоғамдық кеңесі қалыптасқан жағдайды безбендеу мақсатында «Қоғамдық кеңес туралы» Заңға және Су кодексіне сәйкес мониторингтік топ құрған еді. Топ мемлекеттік, республикалық және коммуналдық меншіктегі су нысандарын күтіп ұстау жөніндегі заңнамалық актілердің орындалысын талдауға тырысты. Қорытындысы көңіл құлазытады. Қазір Жезқазған жағындағы су ресурстарын қорғау мен пайдалануда тұрғындардың әлеуметтік көңіл күйіне және экономиканы дамытуда ішкі мүмкіндікті пайдалануға кері әсер ететіндей қиын жағдай қалыптасқан. Қала мен оның төңірегіндегі аумақта жасыл алқап (ағаш, бұта, гүл шоғы) 5 есе қысқарып кеткен. Бұрынғы суармалы жердің оннан тоғыз бөлігі шөл аймаққа айналған. Жеміс-жидек, көкөніс және картоп егу бірнеше есе кеміген…
КЕМЕРІНЕН «ҚАШҚАН» КЕҢГІР
Суға зәрулік Жезқазған аймағында кен орнын игеру басталғанда-ақ байқалған. Содан 1940 жылы Кеңгір су қоймасының құрылысы басталып, 1952 жылы әрең аяқталды. Жезқазған кен-металлургия комбинатының жедел дамуына және басқа кәсіпорындардың қатарға қосылуына байланысты су қоймасы 1967 жылы қайта құрылып, сыйымдылығы 319 миллион текше метрге жеткізілді. Оның ұзындығы 30 шақырымға жуықтайды, ең ұзын ені – 1,7 шақырым, орташа тереңдігі – 8 метр, кейбір жері 20 метрге жетеді.
Кеңгір су қоймасы стратегиялық нысанға жатады. ҚР Су кодексіне сәйкес жалға, сенімді басқаруға берілмей, мемлекеттің меншігінде болуы тиіс. Сондықтан, Үкімет 1996 жылғы 17 маусымдағы қаулысымен «Жезқазғантүстімет» АҚ құрамындағы Кеңгір су қоймасы мен гидротехникалық жабдықтар кешенін Су ресурсы жөніндегі комитеттің қарауына беруді Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетке тапсырды. Қаулы толық орындалуы үшін Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі Жезқазған аумақтық комитеті сол жылы 9 тамызға дейін нысанды облыстық су шаруашылығының балансына беріп, оны жарғылық қордан шығару мәселесін АҚ акционерлерінің жалпы жиналысына қоюы керек болатын.
Үкімет қаулысында Кеңгір су қоймасы мен гидротехникалық жабдықтар кешені жөнінде ғана айтылды. Алайда, «Жезқазғантүстімет» АҚ басшылығы бұдан бөлек тағы шаруашылық-ауызсу және зәрнәжіс тазарту құрылғыларын, Үйтас-Айдос бастоғанын, қалалық су құбыры мен кәріз желісін, суға қатысты тағы бірқатар нысанды облыстық су шаруашылығының балансына беруді ұсынды. Қаулы да, ұсыныс та аяқсыз қалды. Қазір ол «Казахмыс Дистрибьюшн» ЖШС балансында. Ал, жасалған келісім-шартқа сәйкес Жезқазған жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны пайдаланады.
1996 жылдан кейін ҚР Қаржы министрлігі мен оның Мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеті стратегиялық маңызы бар нысанның бұл проблемасына қайта оралған емес. Ал, Су ресурстары комитеті құрамында болған Ауыл шаруашылығы министрлігі, кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су қоймасының мәртебесін Су кодексіне сәйкестендіру мәселесін көтермеді. Бұл кешенге қатысты заңнамалық және нормативтік актілерді сақтау бақылаусыз қалды. Тіпті, «Мемлекеттік корпорацияның» жылжымайтын мүлік тізімі деректер базасынан Кеңгір су қоймасын таппайсыз.
Қазір Кеңгір су қоймасындағы судың көлемі – 251 миллион текше метр, жобалық қуатына жетпейді. Кейінгі кезде су аз түсті, оның үстіне бірнеше ондаған жыл төменгі бьефтегі шлюздерден су жіберілген емес. Оның түбінде не болып жатқанын осыдан-ақ шамалай беріңіз. Ал, қоқыстан аяқ алып жүргісіз жағалауының жайын айтпай-ақ қояйық…
ЖАҒДАЙЫ ЖАЙСЫЗ ЖЕЗДІ
«Казгидропроект» институтының жобасымен 1969 жылы Жезді өзенінің бойынан салынған сыйымдылығы 76 миллион текше метрлік су қоймасының күйі қазір таза сын көтермейді. Оның негізгі гидротехникалық нысандарының қатарында тоған, тасқынды суқашыртқы, су босатқыш бар. Бұл су қоймасы Жезқазған мен Сәтбаев қаласының тұрғындарын көкөніс және ет өнімдерімен қамтамасыз ету үшін бұрынғы Талап совхоз-техникумының 3028 гектар алқабын ұзақ жыл суландырып келді.
Алқапты суғару ұзындығы 15,8 шақырым, босату мүмкіндігі секундына 3,2 текше метр магистральдық арнамен атқарылды. Сонымен қатар, оның суын құю-механикалық зауытының саяжай телімдері мен қала тұрғындарының ұжымдық бау-бақшалары да пайдаланды. Тоған іске қосылған кезден бастап Жезқазған облыстық су шаруашылығының балансында болды. Облыс тарағасын «Казводхоз» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қарағанды филиалына берілді. Гидротехникалық нысандарға тиісті күтім мен бақылау жасалмағандықтан, 2019 жылы көктемде стихиялы-апаттық су қашыртқысы орын алды. Себебі, шлюздер мен бекітпелер, су жіберетін құбырлар әбден тозған әрі коррозияға ұшырап бүлінген еді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, су көлемі 3-3,5 есе кеміп кеткен. Жезді су қоймасында судың сарқылуы оның сапасына кері әсер етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы дақылдарын суғаруға жарамайтын күйге жеткен. Оның үстіне «Қазақмыстың» өндірістік қалдық шаруашылығынан сарқынды судың құйылуы «жығылғанға – жұдырық» болып тиюде.
Жоғарыда жазылғанның бәрі Су ресурстары комитетіне де, Нұра-Сарысу су-бассейні инспекциясына да белгілі. Бірақ, олар Жезді су қоймасының ластану себебін зерделеп, жауапты заңды және жеке тұлғаларды анықтауға асығатын емес. Ал, су қоймасының сапасыз суы, өндірістік қалдықтар және тұрмыстық қоқыстар жағалауына қаптаған қыстақ пен шаруа қожалығы қоныс тепкен Сарысу өзеніне құйылатынын қадап айту керек. Ал, Жезқазған-Ұлытау аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарында қарастырылған Жезді су қоймасы мен Талап суғару жүйесінің магистральдық арнасын қайта құрудың қағаз жүзінде қалуы өте өкінішті.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.