Топты жарған Тоқтар
Бүгінгі байтақ елдің ертеңгі тұтқасы – білімді ұрпақ. Әлем елдерімен терезе тең түсіп, мәртебе биік болуы үшін мектеп қабырғасында білім алып жатқан баланың бойына көшбасшылық қасиетті сіңіре білу – міндет. Қазіргі күн – бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын күн. Осы орайда Қарағанды қаласы білім бөлімі ерекше дәстүр қалыптастырған. Жыл сайын оқу жылының соңында облыс орталығындағы 80-нен астап мектеп оқушылары арасынан «Жыл оқушысы» анықталады.
«Жыл оқушысы» оқуда үздік болуымен қатар, өнерлі, өрелі, талантты, талапты болуы шарт. Күні кеше осы байқау өзінің жеңімпазын анықтады. Қарағандыдағы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның 6 сынып оқушысы Тоқтар Кәрібаев «Жыл оқушысы» атанды.
Тоқтар байқау аясында бірнеше кезеңнен сүрінбей үздік шықты. Эссе жазудан, шешендік өнерден тең құрбысының алды болған ол қатарластарынан басым ұпаймен оқ бойы озық шықты.
«Финалдық кезеңде қызығушылықтары жайлы айтып, әртістік таланттарын көрсетті. Әр қойылым қызықты және ерекше болды. Тоқтардың білім қоры мол әрі әртістік қабілеті басым», – деп атап өтті байқауды ұйымдастырушылар.
Тоқтарға бес кезең бойы қолдау көрсеткен ұстазы, сынып жетекшісі Эльмира Сыздықованың айтуынша, биылғы сайыстың ерекшелігі – көшбасшы оқушыларды анықтау.
– «Жыл оқушысы» сайысы күзде басталып, жыл бойы жалғасты. Оқушылар бес турдан өтті. Білімі, таланты, қарым-қабілеті, қызығушылығы жағынан сынға түсті. Жалпы есепте Тоқтар 497 ұпаймен көптен ерекшеленді. Қоғамның бар саласынан хабары бар талантты оқушымның білім көкжиегі өте кең. Кез келген пәнге икемді. Тарих пен әдебиетті сүйіп оқиды. Таңдауы – театр саласы, талантты кинорежиссер болу – арманы, – дейді Эльмира Сыздықова.
Байқау «Дарынды балалар» жобасының бөлігі болғандықтан, биыл оқушылардың зияткерлік қасиетін ашу көзделіпті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және естелік мүсіншемен марапатталды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz