Жаңалықтар

Сүйікті қалам – Қарағандым

Маған әлемнің қай қаласы ұнайды десе, Қарағанды деп айтар едім. Әрине, әлемде сондай үлкен, мықты, дамыған қалалар көп қой. Бірақ, маған әрқашан Қарағанды ерекше болып көрініп тұрады. Ол – әдемі, ғажап қала. Отбасымызбен бірге қаламнан алыс бір жаққа шығып келсек, қайтқым келіп тұрады. Өзімнің үйімді, қаламды сағынамын.

Суреттер: автордан

Қарағанды еліміздегі ең үлкен қалалардың бірі болып саналады. Қазақстан картасында төртінші орында тұр. Сарыарқада орналасқан. Егер білмеген елдер, «Сарыарқа» деген қай жерде десе, үлкендер «Қарағанды жақ» деп айтады. Көптеген туристер шетелден Қарағандыға ұшып келіп,  Қарқаралыны, Бектауатаны, қала маңындағы «ҚарЛаг» мұражайын тамашалайды.

Менің сүйікті қаламда небір әсем сауда үйлері, биік ғимараттар, ең әдемі театрлар, қызықты саябақтар, хайуанаттар бағы, цирк, кинотеатрлар бар. Біздің қаладағы цирк көптеген қалалардан ерекше. Хайуанаттар саябағына жылда жаңа аңдар келеді. Қазақстан бойынша ең үлкен теннис орталықтары да біздің қалада орналасқан. Әлемдегі мықты және танымал теннисшілер біздің қаламызға келіп, жарыс­тарға қатысады. Қарағандыда әлемге танымал боксшы Геннадий Головкин туған.

Менің ең сүйікті командам «Шахтер» клубы осы қалада орналасқан. Ол – Қазақстан Премьер Лигасында ойнайтын футбол клубы. УЕФА Чемпиондар Лигасының төртінші кезеңіне жолдама алған чемпиондардың командасы.

Маған әжем «қараған» деген өсімдік өте көп өскендіктен, қаланы «Қарағанды» деп атағанын айтты. Жер қойнауындағы қазынаның барлық түрі мол болғандықтан, Қазақстан экономикасында алғашқы орындарды иемденеді екен. Біздің қала көмірге бай. Ең көп шахтерлер тек Қарағанды қаласында тұрады. Олар күніне жүздеген тонна көмір шығарады. Қарағанды көмірі әлемнің бірнеше еліне экспортталады.

Биыл біздің сүйікті қаламыз 90 жасқа толып отыр. Мен қаламды жақсы  көремін, осы жерде туып, өскеніме мақтанамын. Осында менің көп достарым мен сүйікті мектебім бар. Мен ойнайтын ең сүйікті аула да осы қалада орналасқан. Менің басты армандарымның бірі  – Қарағандының гүлдене түскенін көру.

Әкемнің бір әңгімесінде бір жылдары Қарағандының саяси тұтқындар мекені болғаны туралы естіген едім. ҚарЛаг – содан қалған атауы. Саяси тұтқындар лагері қазір мұражайға айналған. Ол – небір қасіретті тағдырлар құпия­сынан сыр шертетін қастерлі орын.

Жылдар бойы кеншілердің маңдай тері мен тұтқындардың көз жасы сіңген қасиетті топырақта Қарағанды секілді сәулетті қаланың бой көтеріп, гүлденуі біз секілді жастарды ерекше мақтаныш сезіміне бөлейді.

Мен Қарағандының төл перзенті болғаным үшін өзімді шексіз бақытты санаймын және сүйікті қалам Қарағандымен мақтанамын!

Мерейтойың құтты болсын, тұғырлы қалам!

Тоқтар КӘРІБАЕВ,
Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның 6 сынып оқушысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button