Облыс әкімі

«Тойшыл» шенеунік қызметінен қуылды

Облыста карантин кезінде той өткізуге тыйым салуды елемеген шенеунік жұмыстан босатылды. Бұл туралы өңір басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте мәлімдеді.

 – Бүгінгі күннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Қалел Мақсұтов карантинді өрескел бұзуы, яғни пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды. Тағы да ескертемін, мұндай заңсыздықтар үшін жаза қатал. Мұнда мемлекеттік қызметші этикасының барлық нормасы бұзылған. Облыста коронавирус инфекциясына қарсы жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстың қадірін кетірмеңіздер. Халықтың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңізге, қызметтеріңізге қарамастан бәріңіз де жауап бересіздер! – деді облыс әкімі.

Жеңіс Қасымбек мониторингтік топтың принципті қатаң ұстануына да талап етті.

– Сіздер біреудің мүддесі үшін емес, азаматтардың денсаулығы үшін жасақталғансыздар! Осындай іс-шараларды тоқтатып, жария етіңіздер. Сіздер бақылау камераларына сүйеніп, жұмыс істейтіндеріңізді айтқан едіңіздер. Мұқият қараңыздар. Салынған тыйым барлығына бірдей, – деп атап өтті облыс әкімі.

Оқиға 7 тамызда орын алды. «109» нөміріне «Ариста» мейрамханасында той өткізіліп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Қарағанды қаласының полиция, санэпидбақылау және әкімдік қызметкерлерінен тұратын мобильді топ шықты. Мекеменің жанында көптеген көлік, мейрамханада 400-ге жуық адам болғандықтан, аумақты қоршау үшін полицияның қосымша наряды шақырылды. Карантин режимін бұзу фактісі бойынша СЭҚ қызметкерлері акт рәсімдеді. Мекеме иесіне және тойды ұйымдастырушыларға айыппұл салынады. Өткен демалыс күндері облыс орталығы мен Теміртау қаласының басқа да мекемелерінде карантин режимінің өрескел бұзу анықталды. Қарағанды облысы «қара-қызыл» аймақта орналасқан. Аймақта күн сайын Covid-19 жұқтырудың мыңға жуық жаңа жағдайы тіркелуде. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен шектеулер күшейтілген болатын.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button