Той топалаңға айналып барады
Əдеп – сөзінің өзін елемейтін болдық. Негізі, бұл – үлкен сөз. Жалпы, қазір сөздің киесінен қорықпаймыз. Бабалар бір ауыз сөзбен ел тоқтатқан. Ал, біз езбе, пəтуəсі жоқ көп сөзді болып алдық. Сөздің қадірін ұқпағандықтан да өзімізді сыйлата алмай жүрміз. Осыдан келіп, тойдағы əдепсіздіктер «балалап» жатыр.
Тойда əйелдердің мас болып билегеніне күйіндік. Жастардың тойдағы түнгі клубта жүргендей əрекетіне тағы ашындық. Үлкендердің қылығын бағып жүрген балақайлардан жүзімізді ала қаштық. Соңғы кезде карантин болып, той азайып, ел тəубесіне түсіп, жынойнақ біршама азайып еді. Кеңшілік заман келіп, қайта құтыра бастадық.
Атап айтайық, қазір тойда ұлттық ойындар ойнатыла бастады. Көк Тумен шығатын болдық. Жөн делік. Елдің рухын көтеруге, ұлттық намысты оятуға пайдасы тиіп жатса, құба-құп. Əдеп шекарадан шықпаса, қонақтардың жеке бас қауіпсіздігін сақтаса, болғаны.
Ал, аударыспақ ойнап, тізесін опыра сындырған бір əулеттің жалғыз асыраушысын не деп жұбатасыз? Қол күресте білегін қырш еткізіп тайдырып алған біреудің жалғыз ұлына не деп ашуланасыз?
Өзіміз бəрін бастаған. Енді, соның «жемісін» көрудеміз. Жалпы, тойда ойын ойнату шарт па?
Бұрынғы бабалар əн, би, күймен-ақ өткізді ғой. Тас кафельде қай есі дұрыс адам аударыспақ ойнатады? Қазір елдің қайбір күші тасып тұр дейсіз? Тойдың өзіне жарасар салт-дəстүрі, рəсімдері бар. Сол жеткілікті. Еңгезердей жігіттерді бір-біріне мінгізіп, аударыспақ ойнату жөн емес.
Көштен бұрын көсемсімей, той саласында тəжірибесі мол, талай тойды ойынсыз-ақ гүлдетіп атқарып жүрген өнер иелерінің пікіріне құлақ түрелік.
– Асаба – той иесі мен қонақтардың арасындағы үйлестіруші. Барлық жағдайды реттеп жүруші менеджер. Ал, тойды қандай стильде, қай бағытта өткізуі оның тəжірибесіне байланысты. Мəселен, мерейтойларға аса көп ойын керек емес. Астарлы əзіл, дəмді əңгіме, байыпты əн жəне ептеп үзілістегі би болса жеткілікті. Ұзату тойында, тіптен, абай болуы керек. Қыз алуға келген құдалар сын көзімен қарап отырады. Үйлену тойында жастар көп болса, биге басымдық беру қажет. Ойын ойнатса да, өмірлік мəні бар, ешкімнің денсаулығына нұқсан келмейтінін ескерген жөн. «Асаба болдым екен» деп апыр-топырын шығарып, тойдың шырқын бұзуға болмайды. Тобық сындыру, тізе жару, білекті созып алу – шектен шыққандық, – дейді ақын Қайрат Иманбек.
Шынында, асаба таңдау да ұқыптылықты қажет етеді. Мəселен, той иесінің өресі, білім деңгейі, көрген-білгені қандай болса, соған сай асабаны таңдайды. Талғамы зор болса, мықты асаба іздейді. Сондықтан, бұл мəселеге бір жақты қарауға болмайды.
– Негізінде, той – тəрбие құралы. «Тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» деген ата-баба сөзі бар. Оны неге ұмыттық. Келген қонақ ақтарып тілегін айтып, өнерін ортаға салып, танысып-білісіп, дос тауып, той иесінің қуанышына ортақтасып, салтдəстүр мен əн-жырға сусындап қайтатын киелі орын емес пе еді қазақтың тойы? Онда күш жұмсалатын ойындарды ойнатудың қажеті қанша? Бұл – үлкен мəселе. Асабалар кеңесін өткізуді қажет деп ойлаймын, – деп бөлісті əнші, сазгер Ердос Мақсұтбек.
Тойдағы аударыспақ ойыны туралы елдің пікірін сұрап, берген жауабына жағамызды ұстадық. «Иə, ойнатады. Əсіресе, мас адамдарды ойнатса, рахат. Күлкіге қарық боласың. Бірі-бірінің үстіне құлап, киімін ластап, қолтығы мен ауын жыртып алғанда, тіпті, қызық» дейді олар.
Мына сөзден кейін «тойға келген қонақтың бəрі той иесіне тілеулес болмайды екен ғой» деген ой мазалады. Қызық көріп, елдің бүлінгеніне ішек-сілесі қата күліп кететіндерді елестетіп көріңіз…
«Елді əкім, тойды ақын басқарсын» деген сөздердің өмірден алынғанына күн өткен сайын көз жетіп келеді. «Табыс табамыз» деп, екі шумақ өлең мен бір əзіл жаттап, той жағалайтын жастар абай болуы керек. Интернеттен көргенін жөні келсе де, келмесе де тойға тықпалап, опық жемесе екен дейміз. Тойда шешініп билеуді қойып, енді қол-аяқ сындыруға көштік. Мұның соңы қайда апарар екен? Ойланайық!
Жəлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz