Балқаш

Тоқсанның толғауы

    Орақ ауыз, от тілді әділ де шешен билердің бірі – Шабанбай би ҚАЛҚАМАНҰЛЫНЫҢ ұрпағы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, тоқсан жастың төріне шыққан абыз ақсақал Қайырбек Шалмұһамметұлы БАЙСЕРКИННІҢ жаңа кітабы баспадан шықты. «Шаппай жүйрік болған…» деген атпен жарық көрген кітаптың мазмұны өте бай. Бұрын жарияланбаған әр түрлі қызықты оқиғалар енген.

Автор алғысөзінде кітап мазмұнына тоқталады.

«Бұл кітапта өзімнің өмір жолымда азды-көпті көрген, басымнан өткерген оқиғалар жазылды. Сондықтан, ғұмырнамалық деуге болар. Әдеби көркем сөзді іздегенім жоқ, қазақы қалыпта, көргенді көргендей, естігенді естігендей етіп жаздым. Кітапқа белгілі адамдар, мемлекет қайраткерлерінің аты-жөні жазылды. Біздің елден шыққан, Жалаңтөс батырдың ұрпағы, алғашқы мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген, бұрын көп жылдар белгісіз болған, өмір дерегі архивтен кейіннен табылған Жүніс Көрпебаев жөнінде баяндалды.

Қарағанды көмір комбинатының Бас тех­никалық директоры, Өтемістің бір ұрпағы Шұғай Тоқмағанбетов, Теміртаудың құрылысшысы,  Қусақ елінің азаматы, Сталиннің қабылдауында болған, Теміртау қалалық партия комитетінің бюро мүшесі болған Үкен Тұрмағанбетов, белгілі қоғам қайраткері Рақымжан Шаяхметов жайлы біраз деректер кітапқа кірді», – дейді Қайрекең.

Сондай-ақ, ақсақал өмір жолында кездескен Талғат Бигельдинов, Бәйкен Әшімов, Жұмабек Тәшенов, Манаш Қозыбаев, «Тар жол, тайғақ кешудің» кейіпкері Құсайын Қожамбердин сынды белгілі тұлғалар туралы, Сәбит Мұқановтың екі жарым сағаттық лекциясын тыңдаған сәті жөнінде сыр шертеді. Ж.Шаяхметов пен Н.Оңдасыновтың Мұхтар Әуезовті тұтқыннан аман алып қалу үшін өткізген жабық жиналысы, Керней Нұрлан мырза, Шор Кенже, белгілі ғалым Машанның Ақыжаны, Нығметолла қожа, Ә.Бөкейханов­пен табақтас болған Әбілданың Сәдуақасы жайлы жазылған.

Тағы бір құнды дүние – үлкен Мұхтардың «Абайтану» пәнінен, кіші Мұхтардың «Абайдың портреті» еңбегінен Абай жайындағы баспасөз беттерінде көп жариялана бермейтін қызықты оқиғалар мен Абайдың өзінің қолтаңбасы жинаққа енген.

Қуандық МАҚСҰТҰЛЫ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button