Жаңалықтар

Тоқсандағы тарпаң тарлан

«Тоғызыншы тілек тілеңіз,
төреңіз тақтан таймасқа.
Тоқсандағы қарт бабаң
топқа жаяу бармасқа».
Бұқар жырау

Шежірелі де шұғылалы Шет жері ел жақсыларына кенде емес. Арамызда көненің көзіндей болып жүрген өнегелі жандар қаншама?! Сондай абыройлы жандардың бірі, ауданымыздың абыз ақсақалы – Марс Ерембекұлы Төлеу­құлов. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин: «Аяңшыл ат арымас, Білім деген қарымас…» дегендей, Мәкең аяңмен, сабырмен, өмірдің қилы соқпақтарынан аман-есен өтіп, торқалы тоқсанның төріне жетіп отыр.

Сурет автордан

«Шеттің құты еді ғой»

Әдебиетке құштарлығымды ашқан, әсемдікке сезімімді оятқан Бағаш Елубайқызы есімді ұстазым болды. Ішкі және сыртқы дүниесі жарасымды келіскен ондай жан сирек болар. Жас кезінде «Мы из Семиречья» киносында басты кейіпкер Райханның рөлін ойнаған. Сөз саптасы мен ой түйінінде ерекше сипаты бар. Хабарласып тұрамын. Бірде әр тақырыпқа әңгімелесіп келе жатып, ауыл жайында сөз қозғадық. Қалаға көшіп келгендердің ішінде Марс Ерембекұлының да бар екенін айттым. Ұстазым жұлып алғандай: «Марс неге көшіп келді? Ол – Шеттің құты еді ғой» деді. Бұл – Мәкеңмен бірге қызмет еткен нұрлы Нұраның бекзат қызының шынайы ойы еді.

Әрбір адамды бір-бір тұлға десек, тұлғаның қасиеті бір ауыз сөзбен түйінделетінін көріп отырмыз. Марс Ерембекұлының бүкіл саналы ғұмыры Шетке арналды. Қажырлы еңбегімен, әдепті мемлекетшілдік ұстанымымен, терең білімділігі әрі біліктілігімен, адамдық қарым-қатынасымен ауданның қоғамдық-әлеуметтік, экономикалық дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Жақсылармен қызметтес болып тәрбиеленді, азамат ретінде есейді. Өзі тәлімгерге айналып, жастарға қамқор болды.

Бүгінде қамқоршылары мен өнегелі ағаларын ілтипатпен еске алады. Олар – ұстазы Жабас Кеңесбаев, Камали Дүйсенбеков, Ермек Оразалин, Қасымбек Медиев, Мейрам Абақанов, Егінбай Смайылов, Кәрім Тілеубергенов, партия қызметкерлері, шаруашылық басшылары – Төкім Ысқақов пен Шәкен Қасымов.

Мәкеңнің өмір жолы тарау-тарау, оған сәл үңілейік. Ең алдымен ол – ұстаз, жоғарғы білімді. 1953-1966 жылдары үзбей білім саласында еңбек етті. Қайрақты руднигі, жетіжылдық мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі (1953-1954), Қызылту колхозы, жетіжылдық мектебінің директоры (1955-1957), Шет аудандық оқу бөлімінің инспекторы (1957-1961), Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры (1961-1966) қызметін атқарды.

Білім саласында ізі қалды. Қызылтудың негізін қалаушылардың бірі болды. Ы.Алтынсарин мектебін басқарған жылдары оқушыларды оқыту-тәрбиелеу үрдісіне жаңа серпін берді, материалдық базасын нығайтуға күш салды. Ескі ғимараттан жаңасына көшудің басы-қасында болды, жаңа ғимарат аталғанымен, қиындықтарды жеңе білді. «Мәкең білім ошақтарына құт-береке әкелді» десек, артық емес.

1962-1964 жылдар Мәкең үшін көңіл жүдеткен кез болды. Себебі, аудан орталығы Ақтоғайға ауысты. Ақсу-Аюлы қаңырап бос қалды, аудандық мекемелер жабылды. Поселкеге ие екі-ақ адам болды. Бірі – селолық кеңестің төрағасы Исатай Омаров, екіншісі – Мәкең.

Ғимараттардың сақталуына, халықтың көңіл-күйінің түспеуіне барын салды. Ыбырай Алтынсарин мектебі – ағартушы ғана емес, мәдени ошаққа айналды. «Шеттің құты еді ғой» деген қапысыз айтылған сөз осындай жағдайдан туындаған болар.

1966 жылы Марс Ерембекұлының өмірінде бетбұрыс болды, өмір арнасы жаңа бағытқа түсті. Партия-кеңес-кәсіподақ салаларында отыз жылдан астам тынбай, қажырлылықпен қызмет етуі басталды. Шет аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, Орджоникидзе атындағы және «Ақшоқы» совхоздары парткомының хатшысы, аупарткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімі аппаратының жетекшісі. Міне, қадау-қадау қызметтердің тізбесі. Қызмет барысында Мәкең мемлекетшіл, қоғам қайраткеріне айналды. Аудан үшін партия-кеңес кадрларын дайындауда, тәрбиелеуде әрі қалыптастырудағы еңбегі лайықты бағалауға тұрарлық. Ұзақ жылдар аудандық кәсіподақ комитетін басқарды, жергілікті органдарына сүйенді. Жиырма жылға жуық аупартком бюросы мен облыстық кәсіподақтар ұйымы президиумының мүшесі болуы көп нәрсені аңғартары анық.

Мәкең қызметтес те, сыйлас болған Қапас Кәрібекұлы мен Төлеген Қасымұлын, тәрбие-тәлімін алған, адалдығын танытқан, аупарткомның екінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы болған Жанат Шәукенұлын, Жарық тораптық парткомының хатшысы, Ақсу-Аюлы селосының әкімінің қызметін атқарған Кенже Жақсыбекұлын, бірнеше аудандардың әкімі болған Қайыржан Кәрімұлын, ақын Тезекбай Амандықұлын, ғалым, профессор Мәуен Хамзаұлын ерекше тебіреніспен еске алып, оларды мақтан тұтатындығын жиі айтады.

1991 жылы партия таратылды, соңынан аудандық кеңес қызметін тоқтатты. Қаншама өмір әрі қызмет тәжірибесі мол, білімді де білікті азаматтар жұмыссыз қалды. 1992 жылы әкім аппаратының басшысы болып тағайындалған Мәкең кешегі қайнаған қызметтен жаңа кезең жағдайына байланысты босағандарды қызметке тартты. Көпшілігі орнын тауып, бар тәжірибесімен елдік мүддеге сай еңбек етті. Мәкеңнің осы тұстағы еңбегін ескерсек, «Марс – Шеттің құты еді ғой» деген сөз тағы да еске түседі.

Марс Ерембекұлының жарты ғасырдан астам уақытқа созылған еңбегі еленді, бағаланды. Мәкең – «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Ерен еңбек ардагері» медальдарының иегері, Қарағанды қаласының Құрметті ардагері, есімі облыстың ұлағатты ұстаздары энциклопедиясына енді, бастысы – Шет ауданының Құрметті азаматы.

Әрі ұстазым, әрі тәлімгерім

Шүкіршілік, өмір айдынында білімін берген, тәрбиесін көрген ағаларым аз кездескен жоқ. Солардың ішінде әрқашан жаныма жақын болып, жанашырлық танытқан жан – Марс Ерембекұлы.

1960-1964 жылдары 8-11 сыныпты аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте оқып, бітірдім. Бұл жылдарды ерекше бір жылылықпен еске алып отырамын. Алғашқыда қобалжу да болды. Алысқа шықпаған қыс­тақтың баласымын. Бірте-бірте үйрене бастадым. Ауданның әр ауылынан келген сыныптастарыммен таныстым, соңы дос­тыққа айналды.

Мектеп директоры – Марс Ерембекұлы. Оқуға деген жауапкершілік артты, «оқушы белсенділігі» деген ұғымға еніп кетіп, жүзеге асыра бастадық. Мектептің қоғамдық жұмыс қазаны қайнап жатты. Белсенділер қатарындамын, мектеп комсомол комитеті хатшыларының бірімін (бірінші хатшы – досым Оңдасын Серіков) әрі интернат кеңесінің төрағасымын. Мен үшін биік мансап болып көрінеді.

Мәкеңе кіруге асығамыз. Есігі әрдайым ашық, кабинетіне емін-еркін, жасқанбай кіреміз. Іс-шараларды өткізу мәселесін тең кісідей талдаймыз, директор ретінде меселімізді қайтарып, белден басуы болған емес.
Бірде комсомол комитетінің отырысында бір-екі оқушының тәртібі қаралды. Үлгерімдері нашар, сабақтан жиі қалады. Талқылау басталды. «Комсомолдан шығару керек, мектептен пәлен күнге алыстату қажет» деген ұсыныстар түсті. «Қатал ескертумен шектелейік» дегендер де болды. Дауысқа салынды, тиісті шешім, дауыс жетпегендіктен, қабылданбады, екі жақ та тұйыққа тірелді. Мәкең бәрін соңына дейін байыппен тыңдап, айтылған сын-пікірлердің теріс емес екендігін айтып, «Тағы басқа қандай ұсыныстарың бар?» деп сұрады. Оңдасын Мәкеңнің жылы лебізінен бірдеңені сезген болу керек: «Комсомол мүшелеріне түзелу үшін сынақ мерзімін берейік» дегені. Ұсыныс өтті, бәрі «уһ» деп жеңілдегендей болды. Басшының шеберлігі өз ойын шәкірті арқылы жеткізе білуінде болды.

Басқа салалардан да (көркемөнерпаз, спорт) көш соңында қалмадық. Ақтоғайға, жаңа аудан орталығына, мектеп спартакиадасына екі рет 1963-1964 жылдары бардық. Мен болсам, бәйгені шаппай-ақ алдым. Себебі, дискіні әуелете жіберуден, ядроны серпуден қарсылас шықпады.

Осылайша, мектептегі өміріміз қызықты болып, өтіп жатты. 1964 жылы емтиханды бір айдай тапсырып, аттестатты Мәкең салтанатты жағдайда тапсырды. Қыр басында, бұрынғы Мәдениет үйінде ата-аналарымыз шақырылып, тамаша кеш өткізілді. Естен кетпес оқиға болды. Ұстаздар мен ата-аналарымыз бізге, түлектерге, ақжол тіледі, болашаққа жол сілтеді. Қанатымызды қомдап, алыс сапарларға ұшуға қамдандық. Қайран, жастық шақ-ай!

Уақыт өтіп жатты, ұстаздық-шәкірттік жылы қарым-қатынасымыз үзілген жоқ, кездескен жерде мектептегі өмірді еске алатынбыз.

Сөйтіп жүргенде, 80-жылдардың басында Марс Ерембекұлымен аупарткомда бірге қызмет ету маңдайыма бұйырды. Мәкең – ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, мен – нұсқаушымын. Мәкең шыңдалған, салиқалы қызметкерге айналған, менің де бірсыпыра өмір тәжірибем болса да, көп нәрсені үйрендім. Жүріп-тұрудан бастап, қызметкерлермен, жалпы адамдармен қарым-қатынаста сынақ болып, өз ұстанымын қорғай білуді үйретті, яғни, партиялық әдептің қатаң сақталуын талап етті.

Құжаттарды рәсімдеудің өзіне тән ережесі, қағидасы бар еді. Ресми іс қағаздарын жазу, әсіресе, өндірістен тікелей келген азаматтарға қиын болды, шыдай алмай, мамандығына қайта оралуға сұранғандар да кезікті. Орныққан ахуал оларды райынан қайтарды. Кейін олар да кәнігі мемлекеттік қызметкерге айналды. Құжат рәсімдеу дегенде, Мәкеңнің әрбір сөйлемнің, әрбір жолдың астына сызғышты қойып, талапты қоя отырып, талдайтыны әлі есімде. Артық та, кем де болмау керек.

Ұйымдастыру бөлімі барлық атқарылатын іс-шараның ұйымдастырушысы болды. Меңгерушісі Мәкеңнің білімділігі мен біліктілігіне көзіміз жетті. Конференция, пленум, актив, бюро мәжілістерінде шешен сөйлеп, ұсыныстарын батыл айтатын әрі сөзін өткізе алатын, қалыптасқан мемлекеттік қызметкер екенін көрсете білді.

Мәкең зейнеткерлікке шыққан соң қалаға қоныстанды. Қарап отырмады. Қарағанды политехникалық колледжі мұражайының меңгерушісі міндетін атқарды. Оқу ошағының тарихын бір ізге түсіріп жүйеленуіне әрі қазақ тілінің мәртебесі артуына атсалысты. Осы жерде жолымыз тағы да түйісті.

Қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты, қала ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде көмекке зәру жандардың үйін аралап, зейнеткерлермен жұмысты жақсартудың жолдарын орнымен көтере білді.

Қазіргі уақытта Мәкең бала-шағасының ыстық қамқорлығында, алаңсыз өмір сүріп жатыр. Көпшіліктің есінде инабатты жан, ұлағатты ұстаз ретінде қалған аяулы жары Роза Ыбрайқызынан айырылуы, етжақындарының дүниеден озуы, өзінің денсаулығына байланысты ауыр оталарды жасатуы, әрине, жүрегіне салмақ салды. Бірақ, Мәкең өзін-өзі қайрады, мұқалмады, ұрпағын жігерлендірді. Балалары әр салада еңбек етуде, немерелері өмір сахнасына шыға бастады, шөберелері қуат беруде.

Бәріне тоқтамай, кенжесі мен бір немересіне тоқталуды жөн көрдім. Қазір Мәкеңнің жанында – кенжесі Бауыржан мен келіні Гүлім. Екеуі – тірегі, қос қанаты. Олардың арқасында Мәкең барғысы келген жеріне бара алады. Замандастарын, сыйластарын шақырып, дастарқан жайғысы келсе, есігі ашық. Екеуі Мәкеңнің қас-қабағына қарайды, кірбің түсірмейді, одан артық не керек?!

Мақаланың шекесінде келтірген Бұқар жырау толғауынан «Тоқсандағы қарт бабаң, топқа жаяу бармасқа» деген екі жолын еске салғым келеді. «Жаяу бармасқа», мағынасы түсінікті, түп негізі – құрметтеу. Тоқсандағы Марс Ерембекұлы қандай дәрежеде ардақталады? Ол Мәкеңнің еңбегі сіңген елінің басшы, зиялы азаматтарының қолында, ниетінде.

Құрметті Мәке, торқалы 90 жасыңыз құтты болсын, Алланың берген жасын жасай беріңіз!
Ғұмырыңыз қызыққа толсын! Ұрпақтарыңыз өсіп-өне берсін!

Марат ТҮСІП,
шәкірті

Басқа материалдар

Back to top button