Өткен тәулікте облыстың үш ауданында табиғи өрт шықты
Өткен тәулікте Қарағанды облысының үш ауданы, атап айтқанда, Бұқар жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарында табиғи өрт шықты. Өрттің жалпы ауданы – мың гектардан асады.
Қазір Қарқаралы, Осакаров және Шет ауданындағы жалпы ауданы 1001,7 гектар жерде 6 жергілікті табиғи өрт ошағы бақылауда.
Осакаров ауданында кеше сағат 15:50-де найзағай салдарынан құрғақ шөп өртеніп, өрт «Бұйратау»ұлттық табиғи паркінің орман алқабына тараған. Өрт сағат 19:10-да оқшауланды. Соған қарамастан, өрт сөндірушілер аумақты бақылауда ұстауда. Себебі, өрт әлі толық сөнбеген. Өртті жоюға Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, ТЖМ 52859 әскери бөлімінің қызметкерлері және ерікті өрт сөндіру бөлімдері жұмылдырылды. Барлығы 46 адам мен 10 бірлік техника жұмылдырылған.
Жалпы, барлық өрт ошақтарында 349 адам және 69 техника жұмылдырылғанын айтады облыстың төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz