Өткен күннен бір белгі
Қазақ халқының тарихында, оның ішінде, ұлттың азаттығы жолындағы күрес шежіресінде Қарқаралының орны ерекше. Қазақстан жеріндегі тұңғыш демократиялық мемлекеттік құрылымның – Алашорда республикасының басты бағдарламасына айналған Қарқаралы құзырхаты (петициясы) 1905 жылы осы қасиетті жерде дүниеге келіп, Ресей империясын дүр сілкіндірген болатын. Ұлттың санасын оятқан осы құжаттың әзірленгеніне 120 жыл толуына орай жарық көрген «Алаштың Қарқаралысы» жинағының таныстырылымы Шолпан Жандарбекова атындағы Мәдениет орталығында ұйымдастырылды.
Әңгіме болып отырған кітап облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қолдауымен басылып шықты. Жинаққа алаштанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері топтастырылған. Атап айтқанда, мұнда жазушы, қоғам қайраткері, Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің басшысы Ербол Тілешев, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессорлары филология ғылымдарының докторы Сағымбай Жұмағұл, филология ғылымдарының кандидаты Қайырбек Кемеңгер сияқты ғалымдардың мақалалары бар.
Жинақтың таныстырылымына аудан әкімі Әділжан Арғынов, кітаптың шығуына мұрындық болған Бұқар жырау ауданының әкімі, Қарқаралының тумасы Ерлан Құсайын, алаштанушы ғалымдар Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Саржан Тақыров қатысты. Кітаптың тұсаукесер іс-шарасын әдебиетші ғалым, жобаның жетекшісі Айтбай Жұмағұл жүргізіп отырды.
Аудан әкімі Әділжан Арғыновтың құттықтау сөзінен кейін еңбек ардагерлері Ойрат Жүкібаев, Саят Оспанов, Мұқит Адамов кітаптың тұсаукесер рәсімін атқарды. Ел ішінде «Өткен күнде белгі жоқ» деген сөз бар ғой. Бұл тұжырымның терістігін осы кітап нақты дәлелдейді.
Іс-шараға жиналғандар алаштанушы ғалымдардың Қарқаралы құзырхатына және өңірдің тарихына қатысты деректері мол мазмұнды баяндамаларын үлкен ықыласпен тыңдады. Одан кейін Бесоба ауылындағы №8 тірек мектебінің 10 сынып оқушысы Өсиет Сағынтай, Бүркітті ауылындағы №20 мектептің тарих пәні мұғалімі Асқар Қуаныш Алаш тарихы және онда Қарқаралы құзырхатының алатын орны туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Мазмұнды іс-шара жергілікті өнерпаздардың әсерлі әндерімен әдіптелді.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕ: «Алаштың Қарқаралысы» жинағының таныстырылымы шарасынан көріністер