Тіршілік нәрі – су
Аймақтағы бірқатар аудандарда тіршілік нәрі – суға зәру ауылдар жетерлік. Ал, Жезқазғанда жерасты суының бай қоры бары дәлелденген. Бұл ауызсу мен шаруашылық-тұрмыстық суға деген қажеттілікті қамтамасыз етуге жетеді. Бірақ, ауызсу мәселесі, дәлірек айтсақ, оның тапшылығы күн тәртібінен әлі түбегейлі түспей тұр. Суға зәрулік салдарынан Жезқазғанда жиі шу шығып жатады. Енді бұл мәселе шешіледі. Қарағанды облысының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай ҮСЕНОВ айтып берді.
– 2021 жылы облыста 265 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілерін салу мен қайта қалыпқа келтіру жоспарланды. Бүгінгі күні сумен жабдықтау желілері Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы және Нұра аудандарының бірқатар ауылдарындағы үйлерге жүргізілген. Мысалы, Нұра ауданының Қарой ауылында бұрын орталық сумен жабдықтау болмаған, тұрғындар су алу үшін даладағы құбырлардан алуға мәжбүр болды, – дейді Ұлантай Үсенов.
Басқарма басшысы жыл соңына дейін Есқұла су құбырын пайдалануға беру жоспарланғанын айтты. Оның іске қосылуы Жезқазған мен Сәтбаев тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазірдің өзінде облыс бойынша 86 елді мекенде жерасты су көздерін барлауға дайындық жүргізілуде. Жарлы-Қарқаралы су тартқышын салуға жоба әзірленген, оны іске асыру Қарқаралы халқын тұрақты сумен қамтамасыз етеді. Қарқаралы ауданының Аппаз ауылында желілерді қайта құру жалғасуда.
– Бұқар жырау ауданы Асыл ауылында су құбыры желілерінің құрылысы басталды. Қазір оның тұрғындары тасымалданып алып келетін суды пайдаланады. Ұлытау ауылында тазарту құрылғыларының құрылысы аяқталады, – деп қосты Ұлантай Үсенов.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.