Тілсіз жау бір адамның өмірін жалмады
16-қазанға қараған түні Морозова көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйден өрт шығып, оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер күйік шалған әйелдің денесін тапты.
– Өрт туралы хабарлама сағат 22.00-де түсті. Жеке тұрғын үйдің жалпы алаңы 70 шаршы метрді құрайтын шатыры, жиһаз және тұрмыстық заттар өртенген. Өрт орнынан 1969 жылы туған әйелдің денесі табылды. Өрттің шығу себебі анықталуда, – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, үйде әйелдің күйеуі де болған. 1964 жылы туған ер адам өрт салдарынан орташа дәрежедегі көмірқышқыл газына уланған, бірақ жедел жәрдем бригадасы тексергеннен кейін ол ауруханаға жатудан бас тартқан.
Жалпы, өткен демалыс күндері, яғни 14 және 15 қазанда Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне 27 хабарлама түскен, оның 16-сы өрт және жану оқиғаларына, 11-і авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарына қатысты.
Төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ