Тіл үшін тер төккендер
Қарағандыда Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы мен Мемлекеттік қызметшілер күніне орай сала мамандары арасында «Ана тілім – абыройым» облыстық байқауы өтті. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен байқауға әр өңірден 10 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Байқаудың ашылу салтанатындабасқарма басшысы Алма Шалабаева сөз сөйлеп,мемлекеттік тілдің қадір-қасиеті туралы жүрекжарды лебізін білдірді.

Байқау төрт кезеңнен өтті. Біріншісі –«Сәлемдесу» кезеңі. Әр команда «Біз мемлекеттік тілді дамытуға қандай үлес қосып жүрміз?» тақырыбында берілген уақыт ішінде командасын таныстыруы шарт. «Абай – дана, Абай – дара халықта» деп аталатын екінші кезеңде ақынның өмір жолы мен шығармашылығы бойынша әзірленген сұрақтар экранға ұяшық арқылы беріледі. Қатысушылар ұяшықтарды таңдап, ондағы сұрақтарға толық әрі нақты жауап беруі қажет. Бұл кезеңде сахнаға бес команда қатар шақыртылады. Содан кейін кезекпен ұяшықтарды таңдап, 3 минутішінде жауап беру керек.
Үшінші кезеңі – «Сөз мерген» сайысы. Әр командаға экран арқылы мақал-мәтел мен сөз тіркестері беріледі. Команда мүшелері бірігіп, 1 минут ішінде өзіне түскен мақал-мәтелдіңмағынасын ашып айтуы шарт. Ал, соңғы кезең –«Ісқағаздар сөйлейді» деп аталады. Әр команда берілген жағдаятқа қатысты іссапар туралы бұйрықтың рәсімделген үлгісін ұсынуы керек. Бұл аталымға командадан тек бір қатысушы қатысады. Мұнда қатысушылардың құжаттарды рәсімдеу мәдениеті мен ресми стильді меңгеруі бағаланды.
– Мемлекеттік тілді тек мемлекеттің бренді ретінде емес, қоғамның күнделікті өміріндегі белсенді әрі беделді трендке айналдыруымыз керек. Бұл – тілге деген құр сөзбен емес, нақты әрекетпен көрсетілетін құрмет. Ал, ұлт руханиятына өлшеусіз олжа салған осындай ұлы тұлғаларымызды дәріптеу – тек өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпаққа өнеге, – деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, байқау барысын қадағалап отырған қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалау кезінде бірнеше маңызды өлшемге сүйенді. Атап айтқанда, сөйлеу мәдениеті, мемлекеттік тіл нормаларын сақтау, берілген жауаптың мазмұнды әрі толық болуы – басты талап. Сонымен қатар, ресми ісқағаздардың сауатты әрі талапқа сай рәсімделуі де басты назарға алынды.
Байқаудың көркіне көрік қосқан команданың бірі – Шахтинск қаласы әкімдігінен келген «Алтын мұра». Команда капитаны, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Рақымбаева үшін мұндай байқауларға алғаш рет қатысуы емес екен.Осыдан бес жыл бұрын өткен онлайн форматтағы дәл осы байқауға командасымен бақ сынап, бас жүлде иеленіпті. Биыл да команда жасақтап, тағы бір мәрте бақ сынап отыр.
– Ол кезде бәрі онлайн өтті. Қарсыластарымыздың жауабын, қалай өнер көрсеткенін көре алмадық. Биыл сахнаға шығып, өнер көрсеттік. Әрине, сахнаға көтеріліп, ел алдындаөнер көрсету – бір басқа. Қобалжу болды. Әрі қарсыластар да керемет дайындықпен келген.Дегенмен, өзіміз білетін сұрақтар келді. Тіл жанашыры Салтанат Шайкеновамен бірлесіп, «Сәлемдесу» аталымына арнайы өлең жаздық. Сол өлеңді «Шындық туралы толғау» әніне салып орындадық. Әрі қойылым қойып, бейнеролик те жасадық, – деді Гүлзат Қайыпқызы.
Аталған байқауға қатысқандардың арасында Теміртау қаласынан келген «Жауыртау үні» командасы да ерекше көзге түсті. Ерекшелігі, команда құрамы түрлі саладан жиналған. Олардың ешқайсысы тікелей тіл саласында жұмыс істемейтін көрінеді. Жарысқа арнайы дайындықпен келіп, үздіктер қатарынан көрінді.
– Команда мүшелері әр кезеңге жеке-жеке дайындалды. Яғни, өзіміз икемімізге қарай аталымды бөліп алып, тереңірек іздендік. Кешкі уақытта жұмыстан кейін қалып, дайындыққа уақыт арнадық. Әрине, оңай болған жоқ. Оның үстіне Теміртауда мемлекеттік құжаттардың небәрі 40%-ы ғана қазақ тілінде ресімделеді. Сол себепті әу баста аудандардан келген командалардан аздап қорыққанбыз. Өйткені, олардың тілдік ортасы бай, сөз саптауы көркем, – деді «Теміртау қалалық соты» ММ-нің бас маман сот отырысының хатшысы Гүлдана Бакирова.
Оның айтуынша, команда мүшелерінің көпшілігі мұндай байқауға алғаш рет қатысуы екен. Дегенмен, өзі жеке дара бірнеше байқауларда бақ сынапты. Өзі поэзия оқып, өлең жазады. Осы байқаудың бірінші кезеңіне әнді өзі жазып, өзі орындаған. Бірақ, соңғы бөлімнің азды-көпті қиындық тудырғанын айтады.
– Іс-қағаз құжаттарын дайындау барысында біршама қателіктер орын алды. Бұл кезең тек бізге ғана емес, бәрімізге оңай соқпады. Себебі, жазған мәтіндеріміз ресми үлгіге сәйкес келей жатты. Осы бөлімде көп дүниені қайта саралап, үйрендік, – деді Гүлдана Өмірсерікқызы.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Шахтинсктен келген «Алтын мұра» командасыеншіледі. Ал, ІІ орынды Шет ауданының «Тіл – тұғыр» және Қарқаралы ауданының «Қарқаралы»командасы иеленді. Үздік үштікке теміртаулық «Жауыртау үні», ақтоғайлық «Тоқырауын»командасы лайық деп танылды. Сонымен қатар, Осакаров ауданынан «Сарыбел», Балқаштан «Ұлы ойшыл ұрпақтары» командасына ынталандыру сыйлығы табысталды. Сараннан келген «Қыран», Нұра ауданынан «Нұрлы Нұра», Абай ауданынан «Телғара» командасына арнайы Алғыс хат берілді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»