TikTok желісі қауіпті ме?
Біз ХХI ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бұрынғыдай көгершінмен хат жібермейміз. Қазір техниканың, ғаламтордың, әлеуметтік желілердің дамыған заманы. Жеті жастағы баладан жетпістегі қарияға дейін телефонның түр-түрін ұстайды. Ал, интернет ақпаратты тасымалдаудың таптырмас құралы болып тұр. Әсіресе әлеуметтік желінің, соның ішінде TikTok-тың дәуірі жүріп тұр. TikTok әлемде тез таралған жаңа желі. Қысқа бейнетаспаларды түсіру мен көруге арналған сервис бейжіңдік ByteDance компаниясына тиесілі. 2018 жылдың жазында іске қосылған мобилді қосымша қазір әлемнің көптеген елдерінде танымал видеоплатформаға айналды. Қазіргі таңда кез келген ақпаратты TikTok арқылы біле аламыз, әлемнің қай бұрышында болсаң да, таныстарыңмен күнде сөйлесетін жағдайға жеттік.
Әлеуметтік желіде Instagram, Facebook, TikTok-та жеке парақша ашпаған адам жоқ шығар?! Өмірімізді ғаламторсыз, телефонсыз елестету мүмкін емес. Сол кішкентай құрылғы арқылы барлық мәселе шешіліп тұр. Бұрындары қалалық жерде ғана бар еді, енді ауылдық жерлерде де ғаламтор қолданысқа еніп, еркін қолдана алатын мүмкіндікке ие болып отыр. Ай сайынғы белсенді TikTok пайдаланушыларының саны 1 миллиард. Оның шамамен 60%-ы 16 мен 24 жас аралығындағы тұтынушылар.
Қазір адамның қаншалықты өз ісінің шебері екенін жүргізетін парақшасына, фолловерлерінің санына байланысты бағалайтын болдық. TikTok парақшасы арқылы жазбаларға өз ойын жазып, халыққа күш-жігер беретін, жақсылыққа шақыратын танымдық парақшалар да өте көп. Жаныңа жақын кумиріңді тауып алып, оның жасағанын қайталап та жетістікке жетуге болады. Тіпті, осы YouTube, Instagram, TikTok арқылы миллиондаған пайда тауып отырған адамдар да бар. Қай желіні ашсаң да, бірін-бірі үйретіп, ғаламтордың заманында түрлі мамандықтардың қырын ашып жатыр. Әрине, ол өте қуантады. Бірақ, бұл жерде біз сол көп ақпараттың ішінен өзімізге керегін саралай алатын халде болуымыз керек. Себебі, таяқтың екі ұшы бар сияқты, желідегі алаяқтар саны да күрт көбейіп кетті. Біреу өтірік ақша алса, бірі жастардың миын кері бағытта улап жүр. Оған дәлел көк кит ойындары, теріс ағымдағы дін өкілдері. Ғаламторға кіре қалсақ, әлдекім бірдеңе үйреткісі, әлдеқандай бір өнімді сатып алуға үгіттегісі келеді.
Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жасалатын ықпал осындай ұсақ дүниелермен шектелмеу керек деп ойлаймын. Сондықтан да, адам сауатты болуы тиіс. Ненің жақсы, жаман екенін ажырата алатын есті болуымыз қажет.
TikTok-та адамның миын улайтын теріс трендтер де баршылық. Мысалы, айтып өтсем, TikTok-та жаңа тенденция кең танылды. Әлемнің түпкір-түпкірінен ондаған миллион қолданушы Горгон Медузасының суреттері бар бейнежазбаларды жариялап, осы арқылы бұрын зорлық-зомбылық көргендерін мойындағысы келді. Қазіргі таңда ата- аналар осы жұмбақ трендке алаңдай ма? Психологтардың кеңесі бойынша бұл тенденция қауіпті емес. Егер де, агрессияны тудыратын белгілерді халық көп қолданса, онда алаңдауға негіз бар көрінеді. Медуза горгоны бар суреттерде зорлық-зомбылық фактісін жеткізу, оның қайғысын бастан кешіру және барлығына оған қарсы тұруға агрессивті дайындық туралы ескерту әдісі бар екендігін психологтар пайымдаған болатын.
Желіде лайк басып, пікір білдірерде кейбір ата-аналар шектен шығып жатады. Көрнекі мысал ретінде сарапшылар TikTok-та елесті балалар трендін және оны ата- аналардың адам басын жануардың басына айналдыратын Instagram бейнежазбаларында бетперде қолдануын келтіреді. Tengri Lifestyle басылымының редакторлары сарапшыларға жүгініп, балаларды неге қорқытпау керектігін және зиянсыз болып көрінетін көңіл көтерудің салдары қандай екенін анықтады.
TikTok-тағы «Бөлмедегі елес» тренді бір қарағанда зиянсыз болып көрінеді. Танымал бейнежазбаларда ата-аналар балаларының алдына смартфон камерасын қосып, «қорқынышты» сүзгіні орнатып, есікті жауып, өздері шығып кетеді. Аз уақыттан кейін бағдарлама іске қосылып, экранға қорқынышты «елес» шығады. Балалар камерада бейнеленген кейіпкердің өтірік екенін түсінбей, қорқып, айғайлап, жылап, телефонды тастай салады да, бөлме жабық болғандықтан, олар бөлмеден шыға алмай қалады. Бұл тренд теріс және оң реакцияларды тудыратын танымалдылыққа ие болған-тын. Балаларға келсек, оларға бұл психологиялық соққы болады.
Мен осы трендтің мәнін түсінбеймін, не үшін баланы мазақ ету керек? Балалар қорыққаннан ауырып қалуы мүмкін. Тіптен, сөйлемей кетуі де ғажап емес. Меніңше, осы сияқты трендті қолданған ата-аналар баласын тәрбиелеуге немқұрайлы қарайды.
Ересектердің міндеті – баланың сезімін төмендетпей, шынайы сезіммен өмір сүруге көмектесу. Ал, балаларды қорқыту трендінің танымалдығының ар жағында жас ата-аналардың жасырын агрессиясы жатпасына кім кепіл?
Елімізде TikTok-тың аясында да әр жастың, әр саланың ерекшеліктеріне қарай пайдалы контенттерді қалыптастыруға мән берген жөн секілді. Бұл жоғарыда айтқандай бейбастақ іс-қимылға баратын жастарды ойлануға, өз іс-әрекетінен қысылуға, кемшілігін түзеуге ықпал етер еді. «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша», – дейді данышпан Абай отыз сегізінші сөзінде. Хакім сөзін басшылыққа алатын бір бағыт осы.
«Заманына қарай бөркіңді ки» деп дәл айтылған. Заман талаптарынан қалмай ілескен дұрыс. Бірақ, керегін алып, керек емес ақпараттармен миымызды, санамызды уламайық. Әсіресе, жастар, уақытымызды осы желіде отырып өткізіп алмайық. Әр нәрсенің өзіндік шектеуі болу керек. Білім іздеп, жан-жақты дамып, өзімізге не керек екенін білген кезде, ешбір әлеуметтік желінің кері әсері мақсатымыздан алыстатпайды.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия Ұлттық университетінің II курс студенті