Көп ауылды елжанды азаматтар аман алып қалып отыр. Әйтпесе, шалғайда қараусыз қалған елді мекен көп. Дәл осындай Нұра ауданына қарасты Тікенекті ауылындағы тоғызжылдық мектептің есігіне қара құлып салына жаздады. Рамазан Әбілдин бастаған ауыл атқамінерлері әр өңірден он отбасы көшіріп әкеліп, елінің керегесін кеңейтіп отыр. Игі іс өз жемісін берді. Көшпен бірге мектепке бала келді, мұғалім келді.
Тікенекті ауылы аудан орталығынан әжептәуір қашық. «Шұбаркөл көмір» кен орнына жақын. Мұндағы шаруашылықтар ауылына шарапатын төгіп отыр. Түтін санын көбейтіп. Өткен жылы екі отбасы көшіріп әкелсе, биыл он отбасыны ауылдағы ағайын үлкен ықыласпен қарсы алды. Тегін үйге қоныстандырып, оны жаңартып алуына қолғабыс берді. Алдына мал салып, жұмысқа орналастырады. Малына жем-шөпті де тегін үлестіреді. Көмірді де түсіріп берді. Осылайша, шаруашылық иелері ауылдарындағы берекелі тірлікті жалғап отыр.
Биыл мектептен тоғыз бала оқу тәмамдапты. Мектепке бала бармаса, өкінішке орай, жабылады. Жазда ауылдағы ел-жұрт жиын өткізіп, ел көшіріп әкелуге келіседі. Мұндай игі істің басында жүрген ауыл жанашыры, аудандық мәслихат депутаты Рамазан Әбілдин жан-жақтан көпбалалы отбасыларды қарастырады. Бір жағынан мектепке мұғалім де қажет. Осыны негізге алады.
Он отбасы Астана қаласынан, Жезқазғаннан, Қорғалжыннан және Баршын, Жүкей ауылынан көшіп келген. Көшіп келгендердің арасында жас отау да бар. Ерболат пен Ажар есімді екі жас Астанадан көшіп келген. Ажардың жоғары білімі бар. Қазір бастауыш мектеп мұғалімі.
Ал Қорғалжыннан көшіп келген Қанат Мұзбаевтың шаңырағында жеті бала бар. Барлығы мектепке орналасты. Астанадан қоныс аударған Ұлболсын Серікбайқызы тарих пәнінен, Жезқазғаннан келген Береке Тасыбекова физикадан сабақ береді.
Жүкей ауылынан көшіп келген Уәлихан Оразғалиұлы қазір ауылдағы шаруашылықтың бірінде жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр. Жұбайы Әйгерім әзірге баламен үйде отыр.
– Бес баламыз бар. Бұрын Жүкейде тұрғанда үш балам көрші ауылдағы мектеп-интернатта оқыды. Балалар үйді қатты сағынатын. Сол себепті, бізге балалармен бірге көшуді ұсынып, көмектесеміз дегенде көп ойланбадық. Бес бөлмелі үй берді. Мал берді. Шөбімізді, көмірімізді түсіріп берді. Ауыл халқы тату екен. Жомарт жандар көп, жылы шыраймен қарсы алды, – дейді Әйгерім Серікбаева.
Шағын ауылда ауыз су үйге дейін келіп тұр. Ұялы байланыс бар. Интернет желісіне қосылған. Ауыл халқының қаражатына салынған мешіт бар. Ауыл жанашыры Рамазан Әбілдин ауылына өз қаражаты есебінен мәдениет үйі мен дискоклуб тарту еткен. Онымен қоса, ауылдағы аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себетін үлестіріп отырады.
Рамазан Мұқатайұлының шаруасы шалқыған. 2001 жылы ашқан шаруа қожалығы бүгінде өркен жайған. Өрісін ақбас сиыр мен Қамбар ата төліне толтырған. Ертеректе түрлі қызметке шақырту түссе де, ауылынан алыстағысы келмеген азамат ел мақтанына айналған.
– Ауылдан өсіп-өнеді екенбіз, ал ауыл басына қиындық орнағанда тастап кетсек, не боламыз? Топырағының қастерін сезінеді екенбіз, бір тал еге алмасақ, қайткеніміз? Жалпы, жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді. Ауылдағы фермерлерге шексіз ризашылық білдіру керек. Ұсынысымызды қолдап, көмек қолын созған, демеушілік көрсеткен оларға көптің алғысы жаусын! Жасыратыны жоқ, жаз бойы алаң күйде жүрдік. Кім келе қояды деп шалғайға. Бірақ, жанымызды салып, жұмыла кірістік. Жұмысқа орналастырдық. Ауылымыздың тамырына қан жүгіре бастағандай. Тіршілік қызу. Бізде бір ғана ой бар – ауыл дамыса, ел өркендейді, – дейді игі істің бастамашысы Рамазан Мұқатайұлы.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Нұра ауданы
Ortalyq.kz