Терезе өкінішке өткел емес
Өкінішке қарай Қарағанды облысы жарақаттану деңгейі бойынша көш бастап тұр. Мамандар тарапынан тұрақты түрде ескертулер жасалғанымен, мәселе күрделене түсуде. Жыл сайынғы статистикалық деректер азаяр емес.
Қарағанды облысы травматология қызметінің ахуалдық орталығының басшысы Ерік Шонбаевтың айтуынша, сәуірден бастап балалардың терезеден құлау фактілері тіркелуде.
– Бұл проблема жыл сайын қайталанады. Ата-аналар баланы қараусыз қалдырғандықтан, бала терезеден құлап, түрлі аралас жарақаттар алады. Бүгінгі күні сәуір айына 4 жағдай тіркелді. Әзірге өлім-жітім жоқ. Дегенмен бұл ата-аналарды ойландыруы тиіс, – деген Ерік Ерланұлы соңғы тіркелген жағдайға тоқталды.
– Жақында ғана баланың терезеден құлау фактісі тіркелді, – деді Ерік Шонбаев. – Бала 2022 жылғы, 4-қабаттан құлаған. Облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Бас, аяқ-қол жарақаты және басқа да жарақаттар алған. Қазір баланың жағдайы қалыпты, дәрігерлердің бақылауында. Құлау салдары баланың алған жарақатына байланысты. Балалар кез келген қабаттан құлайды, біріншіден де, төртіншіден де. Оны болдырмау ата-ананың немесе бала тәрбиесіне жауапты қорғаншы немесе қамқоршының қолында. Ата-аналар өз баласының өмірін 3-5 мыңға бағалайды. Бұл – терезені ашылып кетуден сақтайтын қорғаныш механизмнің құны. Оны кез келген дүкеннен алуға болады және оны орнату да оңай.
Маман сәуірдің бірінші аптасында су тасқынына байланысты жол жабылған кезде аймақта жол-көлік оқиғасы деректерінің күрт төмендегенін айтады.
– Орташа түрде аптасына жол-көлік оқиғасы салдарынан 70-80 адам дәрігердің көмегіне жүгінсе, сәуірдің 1-7 аралығында 23 адам тіркелді. Оның көпшілігі амбулаториялық деңгейде ем алды. Айдың екінші аптасында, жол ашылған кезде біз қайтадан жол-көлік оқиғаларының өскенін көріп отырмыз. Және олардан зардап шегетіндердің жарақаты да деңгей бойынша ауырлай түскен. Мәселен, 13 адамға әжептәуір күрделі операция жасау қажет, – дейді Ерік Ерланұлы.
Сол себепті дәрігер барлық тұрғындарды жол жүру ережесін сақтауға шақырды. Жылдамдық режимін арттырмау, белгіленген регламентпен жүру, жаяу жүргіншілер жолдан өткен кезде абай болу, көліктің толық тоқтағанына көз жеткізіп барып жүруге кеңес берді. Бұл ретте ата-аналар балаларына үнемі айтып, еске салып отыруын да ескертті. Оның айтуынша, облыс бойынша медициналық ұйымдарға жарақаттану себебімен жылына 120-130 мың адам жүгінеді екен. Ерік Ерланұлы бұл өте ауқымды әрі жағымсыз статистика екенін алға тартты.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz