Жаңалықтар

Теміртаулық дәрігерлер адам өліміне кінәлі ме?

Еркемай Мұхамедьярова өзінің 27 жастағы бауырының өліміне Теміртау орталық ауруханасының дәрігерлерін кінәлап отыр.

Ауруханада қайтыс болған 27 жастағы Мақсат Рысмағанбетовтың әпкесі әлеуметтік желілерде осылай деп шағым айтуда. Отбасының пікірінше, дәрігерлер алдымен оның ішінің неліктен ауыратынын анықтай алмаған. Әу баста «соқыршек» деп үйіне қайтарыпты. Соқыршек жарылғаннан кейін ол ауруханаға нашар жағдайда түскен. Қыздың айтуынша, дәрігерлер ұзақ уақыт бойы Мақсатта сепсис диагнозы бар екенін анықтай алмаған. Жаны қысылған жігіт соңында жансақтау бөлімінде көз жұмыпты.

Туыстарының айтуынша, Мақсат алғаш рет 28-қараша дәрігерлерден көмек сұраған. Содан кейін жігіттің іші қатты ауырып, құса бастаған.

– 28-қарашаға қараған түні інім Теміртау қаласының Орталық ауруханасының қабылдау бөлмесіне өз аяғымен келді. Ол іштің ауыруына шағымданды. Сол түні оны кезекші дәрігер қабылдап, ішектің ісінуі және панкреатит диагнозын қойған. Олар тіпті сынақ нәтижелеріне қарамастан үйге қайтарып жіберген. Қарапайым соқыршекті анықтай алмаған. Келесі күні, жағдайы күрт нашарлаған оны ауруханаға жедел жәрдеммен алып кетті. Содан кейін оның перитонит, іріңді соқыршек екені және ол жарылып кеткені белгілі болды.  Ота 10:45 -те басталып, 11:20-да аяқталды. 35 минут ішінде бәрін қалай тазарта алады? Барлық ішектерді емдей ала ма? Жарылғаннан кейін бәрін мұқият шаю қажет. Осының бәрін небәрі 35 минуттың ішінде жасаған, – дейді Мақсаттың әпкесі Еркемай Мұхамедьярова.

Қайғылы оқиғадан кейін облыстық Денсаулық сақтау басқармасы:

– Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы қайтыс болған науқастың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Қазіргі уақытта ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен бірлесіп кешенді тексеру жүргізілуде. Тексеру нәтижелері қосымша хабарланады, – деп мәлімдеді.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button