Теміртауда өткен ұлттық киімдер шеруіне мыңнан астам адам қатысты
Кеше, 18 наурыз Теміртау қаласында ұлттық киімдер шеруі өтті. Шеруге шығармашылық және еңбек ұжымдарымен қатар қала тұрғындары қатысты.

Шара Бауыржан Момышұлы даңғылынан басталып, Металлургтер ескерткіші алаңында, Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының алдында аяқталды. Қозғалыс халық әндері мен мерекелік эстрадалық әуенге ұласты.
– Біздің басты міндетіміз – ұлттық киімдерді қастерлеу, жас ұрпаққа оның қаншалықты әдемі, ерекше екенін көрсету. Бір қуантарлығы, шеруге еңбек және шығармашылық ұжымдарынан бөлек қала тұрғындары да қатысуға ниет білдіріп, нәтижесінде мыңнан астам адам жиналды, – деді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Наурыз мейрамы 10 күн тойланады. Бұл күндердің әрқайсысы ерекше мәнге ие.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ