Теміртауда автобус жүргізушісі өзі жұмыс істейтін мекемеден 2 600 литр дизель отынын ұрлаған. Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне қалааралық тасымалдаумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығы хабарласып, шағым түсірген. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы автобус жүргізушісі ұсталды.
Тексеріс нәтижесінде 767 мың теңге көлемінде шығын келтірілгені анықталды. Күдікті дизель отынын бес ай көлемінде алып жүргенін мойындады. Айтуынша, «ұрлықты ешкім байқамай қалады» деп ойлағанын да мойындаған. Бүгінгі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz