Аймақта эпидемиологиялық ахуал – тұрақсыз. Мұнда тұрғындар немқұрайлығының да «септігі» бар. Қауіпсіздікті естен шығарудың соңы орны толмас ауыр салдарға әкелгенін бұқара жақсы біледі. Десек те, қаперсіздіктен әлі арылмады. Бүгінде науқастар саны артып келеді. Пандемиядан құлан таза айығудың жалғыз-ақ жолы – екпе екенін әлдеқашан мойындаған әлем. Осыған байланысты елімізде қатер тобындағы тұрғындарға екпе салу қаңтарда бастау алған. Содан бері елімізде вакцинаны 254 344 адам алды. Сәуірдегі болжам еліміз бойынша – 2 жарым млн. қазақстандық, ал, Теміртау қаласындағы №4 емханадан алдағы уақытта 19 мың теміртаулық вакцина жасатады. Бүгінге дейін емханадағы вакциналау орталығынан 1279 тұрғын екпе алып үлгеріпті. Кеше қоғам қайраткерлері, қатері басым топтағылар екпе жасатты. Олар «Екпемен індетті жеңеміз» дейді…
№4 емхананың эпидемиолог-дәрігері Әсия Омарова коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» екпесін 1279 адам алғанын айтады. Оның ішінде, медицина, полиция, төтенше жағдай қызметкерлері, педагогтар және зейнеткерлер бар. Бүгінде қатер тобындағылар екпе алуды жалғастыруда. Зейнеткерлер де ықыласты көрінеді. «Оларда еш қорқыныш жоқ» дейді мамандар. Эпидемиолог-дәрігердің айтуынша, қазір диспансерлік тізімдегілер екпе алуға шақырылған.
– Күніне 60 адамға екпе саламыз. Алдын ала тізім дайындалады. Тізімді мен жасаймын. Барлық емхана, мектеп, білім ұйымдарымен хабарласа отырып, олар берген мәлімет арқылы тізімделеді. Вакцинаның бір дозасы 5 адамға есептелген. Сол себепті, адамның саны да соған шақталады. Уақытпен, әр 30 минутта екпе салынады. Арақашықтықты сақтап, санитарлық талаптарды бұзбас үшін осындай жүйе қалыптасқан. Бүгінге дейін шамамен, апта сайын 300 доза алдық. Тағы күтіп отырмыз. Жоспар бойынша 19 мың тұрғынға екпе жасауға тиіспіз, – дейді Әсия Омарова.
Екпенің бірінші кезеңін бұл емханадан – 729, екінші кезеңін – 554 адам алыпты. Поствакциналық асқынулар болмаған. Тек қызу көтерілу, қалтырау, бас ауруы, дел-салдық қана белгі берген. Мұндай реакция екпе алғандардың 60 пайызында байқалған. «Бұл – қалыпты жағдай. Екпе нәтижесінен ағзада антидене қалыптасудағы реакция. Үш күн аралығында ол адамды медицина қызметкері бақылауында ұстайды. Қатер тобындағылардан соң қарапайым тұрғындарға салуды бастаймыз», – дейді дәрігер.
Вакцинасы бар азамат «еgov» порталы арқылы өзіне вакцина жасалғандығы жөнінде анықтама алуына болады. Емхана қызметкерлерінің 70 пайызының екпесі бар.
– Бүгін екпе алдық. Өйткені, бірінші кезекте науқастармен жиі ұшырасатын қатер тобында медицина қызметкерлері екені белгілі. Сондықтан, вакцина – баршамызға міндет деп білемін. Екпемен еш алаңсыз өмір сүруге тиіспіз. Баршаны вакцина алуға шақырамын. Біздің мемлекетімізге зор алғыс. Екпе арқылы денсаулығымызды сақтауға қамқорлық танытуда. Алдағы уақытта тұрғындардың барлығы екпе алатындығына сенімдімін.
Иә, алғашында індетке күмәнмен қарағанымыз рас. Себебі, маңайымызда ешкім ауырған жоқ. Бірақ, уақыт өте келе, індет жа[1]қындай түсті. Індет тырнағына іліккен туысқандарымыз, туғандарымыз өмірден кете бастады. Сол кезде мұның ойын емес екенін ұғындық. Бұған жүрдім-бардым қарамау қажеттігін түсіндік. Біз түгілі әлем бұл жағдайды мойындап отыр. Қазір еш күмәніміз жоқ. Барлығымыз екпе алуға тиіспіз. Отбасым да сырт қалмайды, – дейді Авиценна клиникасының қызметкері Равиль.
Қызғалдақ АЙТЖАН.
ТЕМІРТАУ қаласы.