Телефон білімге кедергі ме?
Қазіргі қоғамды смартфонсыз елестету мүмкін емес. Ол – байланыс құралы ғана емес, ақпарат көзі, ойын-сауық алаңы, тіпті, кейде білім алу құралы. Алайда, осы технологияның пайдасымен қатар, әсіресе, мектеп жасындағы балалар арасында, оның зияны да айқын сезіле бастады. Бұл құбылыс бүгінгі білім беру жүйесіне қаншалықты әсер етуде? Шынымен де, телефон – білімге кедергі ме?

Мұғалімдер күнделікті сабақ барысында оқушылардың назарын сабаққа аудару барған сайын қиындап бара жатқанын жиі айтады. Бұрын дәптер мен кітапқа үңілген бала бүгінде үзілісте ғана емес, кейде сабақ үстінде де телефон экранына телміреді. Әлеуметтік желілер, қысқа видеолар, ойындар, барлығы баланың уақытын ғана емес, зейінін де «ұрлап» жатыр. Телефонға тәуелділік ең алдымен, оқушының зейін қою қабілетіне кері әсер етеді. Қысқа форматтағы видеоларға үйренген бала ұзақ мәтінді оқуға, мұғалімді тыңдауға, тапсырманы терең түсінуге қиналады. Бұл – тек үлгерімнің төмендеуіне емес, ойлау қабілетінің үстірт қалыптасуына алып келеді. Яғни, оқушы ақпаратты қабылдайды, бірақ, оны сараптап, талдауға дағдыланбайды.
Екіншіден, смартфон оқушылардың уақытты басқару мәдениетін бұзады. Көптеген балалар «тағы бір видео», «тағы бір ойын» деп, уақыттың қалай өткенін байқамай қалады. Соның салдарынан үй тапсырмасы кеш орындалады немесе мүлде орындалмайды. Ұйқы режимі де бұзылады. Түнгі уақытын телефонға жұмсаған оқушы сабаққа шаршап келеді, бұл оның оқу сапасына тікелей әсер етеді.
Үшіншіден, телефонға тәуелділік тәртіп мәселесіне де әсер етуде. Мұғалімнің ескертуіне қарамастан телефон қолдану, сабақ үстінде жасырын түрде видео көру немесе хат жазу – бүгінде жиі кездесетін жағдай. Бұл тек оқу процесін бұзып қоймай, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасқа да кері әсер етеді. Дегенмен, мәселені біржақты қарастыру дұрыс емес. Телефон дұрыс пайдаланғанда ол – тиімді білім көзі. Онлайн платформалар, оқу қосымшалары, электронды кітаптар – барлығы оқушының білімін кеңейтуге мүмкіндік береді. Яғни мәселе телефонда емес, оны пайдалану мәдениетінде. Бұл жерде негізгі жауапкершілік үш тарапқа жүктеледі: оқушы, ата-ана және мектеп. Оқушы саналы түрде уақытын реттеуді үйренуі керек. Ата-ана баласының экран алдында өткізетін уақытын бақылап, үлгі көрсетуі маңызды. Мектеп тарапынан нақты ережелер мен түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс.
Кейбір мектептерде сабақ кезінде телефон қолдануға тыйым салу тәжірибесі енгізілген. Бұл – уақытша нәтиже беруі мүмкін, бірақ, мәселені толық шешпейді. Себебі, тыйым емес, түсінік қалыптастыру маңызды. Оқушы не үшін шектеу бар екенін түсінгенде ғана нәтиже болады. Егер біз балаларға саналы қолдану мәдениетін үйрете алмасақ, онда телефон шынымен де, білімге кедергіге айналады. Егер дұрыс бағыт көрсете білсек, ол білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашатын тиімді құрал бола алады.
Мәселенің тағы бір маңызды қыры – телефонға тәуелділіктің баланың психологиялық жағдайына әсері. Үнемі экранға телміріп отыру баланың шынайы өмірдегі қарым-қатынас дағдыларын әлсіретеді. Бұрын оқушылар үзілісте бір-бірімен сөйлесіп, ойнап, араласса, бүгінде көпшілігі өз әлеміне еніп кеткендей әсер қалдырады. Бұл – жалғыздық сезімінің артуына, тіпті, кей жағдайда тұйықтыққа әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі «мінсіз өмір» көріністері балалардың өз-өзіне деген сеніміне кері әсер етеді. Басқамен салыстыру, лайк пен пікірге тәуелділік – жасөспірімнің психологиясына ауыр жүк түсіреді. Мұндай жағдайда бала сабаққа емес, виртуалды беделге көбірек мән бере бастайды. Бұл – білімнің құндылығын төмендететін факторлардың бірі.
Тағы бір назар аударатын мәселе – денсаулыққа зияны. Ұзақ уақыт телефон қолдану көздің көру қабілетіне, омыртқаға, жалпы физикалық дамуға кері әсер етеді. Қимыл-қозғалыстың азаюы, таза ауада уақыт өткізудің қысқаруы баланың жалпы дамуын тежейді. Денсаулығы әлсіз бала сапалы білім алуда да қиындықтарға тап болады.
Мұғалімдер тәжірибесінде жиі кездесетін жағдайлардың бірі – оқушының ақпаратты интернеттен дайын күйінде алып, оны түсінбей қолдануы. Бұл плагиат мәселесін күшейтеді. Оқушы ойланбайды, ізденбейді, тек көшіреді. Мұндай жағдайда білімнің сапасы туралы айту қиын. Сондықтан, телефон тек уақытты ғана емес, кейде білімнің мәнін де «жеңілдетіп» жібереді. Дегенмен, бұл мәселені шешудің нақты жолдары бар. Ең алдымен, мектепте цифрлық сауаттылықты арттыру қажет. Яғни, балаларға интернетті қалай тиімді пайдалану керектігін үйрету керек. Ақпаратты тек алу емес, оны талдау, саралау, дұрыс қолдану дағдылары қалыптасуы тиіс.
Екіншіден, сабақ процесін де заманға сай өзгерту маңызды. Егер мұғалім тек дәстүрлі әдіспен түсіндіре берсе, оқушыға ол қызықсыз болуы мүмкін. Заманауи технологияларды дұрыс қолдана отырып, сабақты интерактивті, қызықты етуге болады. Сонда оқушы телефонды тек ойын құралы емес, оқу құралы ретінде қабылдай бастайды.
Үшіншіден, ата-анамен бірлескен жұмыс күшейтілуі қажет. Көп жағдайда ата-ана баласының телефонды қанша уақыт қолданатынын нақты бақыламайды. Кейде тіпті, өздері де үлгі бола алмайды. Сондықтан, отбасында да «цифрлық тәртіп» қалыптасуы тиіс: белгілі уақыт шектеуі, телефонсыз уақыт (мысалы, кешкі ас кезінде), бірге өткізілетін сапалы уақыт. Тағы бір тиімді әдіс – баланың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру. Спорт, шығармашылық үйірмелер, кітап оқу, достарымен тірі қарым-қатынас – мұның барлығы телефонға тәуелділікті азайтады. Егер балада қызықты, пайдалы істер көп болса, ол экранға байланып қалмайды. Телефонға тәуелділік – бүгінгі күннің шынайы проблемасы. Ол білім сапасына, тәрбиеге, денсаулыққа және психологиялық жағдайға тікелей әсер етеді. Бірақ, бұл шешімі жоқ мәселе емес. Ең бастысы тыйым салу емес, дұрыс бағыт беру, түсіндіру және үлгі көрсету.
Егер біз баланың технологиямен қарым-қатынасын дұрыс қалыптастырсақ, онда телефон кедергі емес, керісінше, білім мен дамудың тиімді құралына айналады. Сондықтан, бүгінгі басты сұрақ: «Телефонды қалай шектейміз?» емес, «Телефонды қалай дұрыс пайдалануды үйретеміз?» болуы тиіс.
Алтыншаш ДЮСЕНБЕКОВА,
Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның информатика пәні мұғалімі



