Жаңалықтар

Телеарна тарланы

Қазақстанның Халық жа­зушысы, ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 1981 жылы Қарағандыға келгенде жас журналист Әлекеңе былайша бата берген болатын: 

Менің   інім Тойжігітов  Әлиді,
Қазір  бүкіл  Қарағанды таниды…
Ұшқыр уақыт жақындатсын алысын,
Ертең оны байтақ Отан танысын!

Аумин! – деген еді. Ақынның ақ батасы қабыл болды. Ол «Saryarqa» телеарнасында 43 жыл жемісті еңбек етіп, қасиетті қарашаңырақтың қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлесін қосты.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Еңбегі еш кеткен жоқ, маң­дай тердің жемісін көрді. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Алтын Сұңқар», «Алтын қалам» және «Нұр Сұңқар» сыйлықтарының  иегері атанды. Нағыз телеарнаның тарланы болды!

Әли ағамыздың  алғашқы бағдарламасы – «Жас қанат» деп аталатын. Біз оны 80-ші  жылдары мектепте оқып жүргенде талай рет теледидардан көргенбіз. Әр алуан салада еңбек ететін жастар мен студенттерді  студияға жиі шақырып,  сындарлы сұхбат өткізуші еді. Олардың  әлеуметтік мәселелерін әңгімелеп, тіршілік тынысынан  жан-жақты сыр шертетін.

Кезінде Қазақстанда қой са­нын 50 миллионға жеткізу жөнінде жоғарыдан пәрменді тапсырма берілген болатын.  «Мұны  біз де қолдаймыз!» деп, Семей облысының мектеп тү­лектері жаңадан комсомол шопандар бригадасын құру жөнінде республика жастары­на Үндеу тастады.  Бұл бастаманы Қарқаралы мен Егінді­бұлақ ауданының жастары бір­ден қолдады.  Бірер жылдың ішінде бұл өңірде мектеп бітірген жастардан 24 шопандар бригадасы құрылды. Олар туралы  Әлекең теледидардан бірнеше хабарлар топтамасын дайындағаны әлі есімде.

Өмір мектебінен өтіп, мол тәжірибе жинақтаған ағамыз әр жылдары «Дархан дала», «Ауыл  тынысы», «Жазира» бағ­дарламаларын ұзақ уақыт жүр­гізді. Ауыл шаруашылық саласына ерекше бет бұрып, шалғайдағы еңбек адамдарының, малшылар мен дихандардың, ауыл Мәдениеті мен кітапханалардың  және мектеп оқушылары мен жұмыссыз жас­тардың проблемаларын  те­реңінен қозғап, оның оң ше­шілуіне ықпал жасады.

Бұдан бөлек біраз жыл «Өндірісті өлке» хабарын дайындады. От жалынға оранған теміртаулық металлургтер мен кен қопарған кеншілердің қол  жеткен жетістіктерін әрдайым әңгімелеп, күрмеуі  қиын күрделі мәселеге жиі көңіл бөлді. Сондай-ақ, көрерменнің көзайымына бөленген «Сұхбат», «Мәселенің мәнісі», «Көңілде жүрген ой еді», «Сарыарқада жасалған», «Бетпе-бет» сияқты авторлық хабарларын тұрақты түрде жүргізіп отырды.  Бұл бағдарламалар облысымыздың  басты арнасы «Saryarqa» телеарнасының мерейін үстем етті.

Әлекең еңбек жолын қатардағы редакторлықтан бастап, Бас редакторлық қызметке дейін көтерілді. Көп жылдар бойы қазақ редакциясына басшылық жасап, өзінің  білгенін жастарға молынан үйрете білді. Кезінде осы шаңырақта  жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған 24 журналисіміз қазір республикалық газеттер мен жетекші арналарда, тіпті, шет елдерде меншікті тілші болып жемісті еңбек етіп жүр. Сол әріптестеріміздің көбі – қарымды қаламгердің шә­кірттері. Ағамыз әр жылдары  облыс айнасы саналатын «Жаңалықтар» бағдарламасының  уақытылы шығуына және  ақпараттардың  шынайылығына ерекше көңіл бөліп отырды. Бұл жақсы үрдіс қазірде жалғасын табуда.

Бұл күндері облыс көлемінде болып жатқан  соңғы жаңалықтар әр үш сағат сайын кө­рермен назарына ұсынылады. Заманауи техниканың жетістіктерін пайдалану үшін журналистерге барынша жағ­дай жасалған.  Әлекеңнің бүгінгі ізбасар інілері мен қарындастары дайындаған материалдар күн сайын көгілдір экраннан бір рет қазақ және орыс тілдерінде сурдоаударма арқылы беріледі. Облыс тұрғындарының 100  пайызы «Жаңалықтар» бағдарламасын спутниктік жүйе арқылы  көре алады. Өңірде тек біздің жаңалықтарымыз ғана тікелей эфирге шығып жүр.

Телеарна  тоқырау жылдарында да тоқтаған жоқ. Сол кездерде қызықты, әрі ақылы хабарлар дайындалып, қаржы  мәселесіне редакторларымыз өз үлестерін қоса білді. Осы орайда Әли ағамыздың «Ойлан, тап» деп аталатын бір са­ғаттық шоу бағдарламасы еске түседі. Бұл – әлемге әйгілі мәскеулік «Поле чудес» хабарының қазақи  баламасы болатын. Басты мақсат – ұлттық рухани байлығымызды, салт-дәстүріміз бен мәдение­тімізді, тіліміз бен ділімізді  көрерменге көбірек таныстыру еді. Көмір бірлестігінің бірнеше шахталары бағдарламаға тұрақты демеушілік танытып, қаржылай және заттай сыйлықтармен қамтамасыз етті. Олармен ұдайы іскерлік байланыс жасаудағы Әлекеңнің еңбегі ерекше болды.

Кейіннен «Ойлан, тап» деген атаумен ақшалай, заттай ойын лотереясы жасалып, билеттер іргелі кәсіпорындарға өткізіліп, біразы сауда нүктелері бойынша сатылымға шықты. Одан  түскен қаржының 50 пайызы ұтысқа, қалғаны телеарнаның қажетіне жұмсалды. Айына екі рет тікелей эфирден берілген  бұл бағдарлама көп  кешікпей халықтың  сүйікті хабарына айналды.

Әли Тойжігіттің 2000-шы жылдары дайындаған «Әкіммен әңгіме», «Күнбе-күн», «Ғи­брат», «2050», «Ауыл тынысы» сияқты  хабарлары кө­терген тақырыптарының өз­­ек­тілігімен көрерменнің көңі­лінен шыға білді. «Uaqyt.kz» деп аталатын танымал авторлық бағдарламасын  әріп­тес­тері әлі күнге дейін  жалғас­тырып келеді.

Телеарна ұжымдасып жұ­мыс істеуді қажет етеді. Эфир­ге шығатын кез келген бағдарламада редактор мен  режиссердің, оператор мен монтажердың және дыбыс режиссері мен телеопе­ратордың қолтаңбасы бар. Сондықтан  осы маман иелері бірлесе отырып, ынтымақтаса жұмыс істегенде ғана  хабар сапалы, әрі тартымды болады. «Бес саусақ бірікпесе, ине қолға  ілікпейді» дегендей, ол үшін түсіністік қажет. Бұл міндетті Әлекең шебер меңгерген. Оның әр хабарының қызықты болуы – әріптестерімен жете тіл табысуының нәтижесі деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, 65 жылдан бері көрерменнен көз жазбай келе жатқан Қарағанды облыстық телекомпаниясы – қазір республикамыздағы ал­дыңғы қатарлы қарашаңырақ­тың бірі. Біз бүгін телеарнаның қалыптасып, дамуына сүбелі үлесін қосқан, «Менің өмірім – менің өлеңімде» деп Сергей Есенин айтқандай,  бар өмірін «Saryarqa» телеарнасында  өт­кізген қарымды қаламгер, Қа­зақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігітті мерейтойымен құттықтап, ағамызға зор денсаулық, шығармашылық табыс және баянды бақыт ті­лейміз.

Берік ДҮЙСЕТАЕВ,
облыстық «Saryarqa» телеарнасының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button