Тексеріс заңдылығы қадағаланса…
Қарағанды қаласының тұрғыны ретінде, соңғы уақытта көптеген тұрғындардың атынан алаңдаушылық білдіргім келеді. Соңғы айларда көппәтерлі үйлерде тұратын азаматтардан есептегіш құралдарын (су, жылу, газ, электр энергиясы) мерзімінен бұрын тексеруден өткізуге мәжбүрлеп жатқаны жөнінде жиі шағымдар түсіп жатыр.

Жалпы, заңнама бойынша, әр есептегіш құралының техникалық тексеру мерзімі нақты белгіленген. Бірақ, бұл талаптар ескерілмей, кейбір қызмет көрсетуші мекемелер тұрғындарды қысымға алып, есептегіштерді жоспарланған мерзімнен әлдеқайда ерте тексеруге мәжбүр етуде. Ең сорақысы, бұл тексерулердің барлық шығынын тұрғындардың өздері өтеуге тиіс екендігі. Мұндай әрекеттер заңсыз ғана емес, сонымен қатар, халықтың әлеуметтік жағдайына да кері әсерін тигізуде. Зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін бұл қосымша қаржылық ауыртпалық болып отыр.
Әлбетте, есептегіш құралдарын тексеру – бұл келелі мәселе. Алайда, соңғы уақытта осы құрылғыларды жаппай әрі жедел түрде ауыстыру қажеттілігі туралы талаптар жиілеп кетті. Бұл бастаманың заңдылығы, техникалық негіздемесі және қаржылық салдары туралы халыққа толық әрі түсінікті ақпарат беріліп отырған жоқ. Мұның анық-қанығына үңіліп, ашық талдау жасап жатқан құзырлы органдар да байқалмайды.
Сонда бұл қалай болғаны? Монополиялық мекеме «ауыстыру керек» деді екен деп, қарапайым халық күмән тудырған талаптарға күмәнсіз мойынсұнып, қалтасындағы соңғы тиынына дейін бейсауат шаша беруі тиіс пе? Мұндай әрекеттер тұтынушы құқығына қайшы келеді. Қоғамда әлеуметтік әділетсіздікке жол ашады.
Біріншіден, бұл құралдардың шынымен ескіргені және техникалық тұрғыда жарамсыз екені ғылыми-техникалық сараптамамен дәлелденуі тиіс. Екіншіден, жаңартуға қатысты шешімдер ашық, түсінікті әрі тұтынушылардың мүддесін ескере отырып, қабылдануы қажет. Ал, қазіргідей жағдайда халыққа таңдау құқығы берілмей, мәжбүрлеу тәсілімен жүргізіліп жатқан науқанға сенім аз.
Халық – тек тұтынушы емес, олардың дауысын естіп, пікірін ескеру қажет. Әйтпесе, мұндай біржақты бастамалар сенімсіздік туғызып қана қоймай, әлеуметтік шиеленістерге де алып келуі мүмкін. Осы мәселені бақылауға алып, тиісті тексеріс жүргізуді, сондай-ақ, тұрғындарды негізсіз және ерте тексерулерден қорғау шараларын қолға алуды сұраймын. Қызмет көрсетуші ұйымдардың әрекеттеріне заңды баға беріліп, азаматтардың құқықтары қорғалуы тиіс!
Серік ТАУБАЙ,
Қарағанды қаласының тұрғыны