Бас тақырып

Технология табиғатқа жәрдемдеседі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан, елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек», – деген еді. Бұл бағытта кешенді шаралар кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Енді өзекті мәселенің өңірлік маңызына Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов аймақтық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Даярсыз ба, оқырман? Онда әрі қарай оқылық…

Сурет: linkedin.com сайтынан

Дәйек

Облыстың Қарағанды, Теміртау және Балқаш секілді ірі қалаларында атмосфералық ауаның сапасы бойынша бірқатар экологиялық проблемалар бар екенін атап өту керек. Мәселен, былтыр облыс бойынша зиянды шығарындылар көлемі – 479, оның ішінде, Қарағанды қаласы – 37,6, Теміртау қаласы – 230,7 және Балқаш қаласы бойынша – 80,7 мың тоннаны құрады. Теміртау шаһарының атмосфералық ауасының негізгі ластаушысы «Qarmet» АҚ-на тиесілі. Ластау үлесі – 87%.

Бұл ретте, бұрнағы инвестор «АрселорМиттал» биылға қарай эмиссияларды 65 мың тоннаға төмендету жөніндегі меморандум шеңберінде өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. Нақтылар болсақ, 2019-2023 жылдар аралығында келісілген 23 іс-шараның ішінде шаң-газ тазарту жабдықтарын күрделі және ағымдағы жөндеу, түтін құбырларын бөлшектеу әрі монтаждау сияқты жергілікті сипаттағы, қоршаған ортаны жақсартуға айтарлықтай әсер етпейтін 7 іс-шара ғана орындалған.

– Айталық, бұл ретте жоспарланған мерзімде 10 іс-шара орындалмады. Мысалы, электр сүзгілерін, аспирациялық қондырғыларды реконструкциялау шынымен зарарлы шығарындының 8 мың тоннаға төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Яғни, сөзсіз қаланың ауа бассейнінің сапасын жақсартпақ. Бүгінгі «Qarmet» Жол картасының пункттерін орындау бойынша өзіне міндеттеме алған. Жаңа инвестор экологияны жақсарту жөніндегі іс-шаралар атқаратын компанияларды равитациялаудың стратегиялық жоспарын әзірлеу барысында, – деді Дархан Ерғалиұлы.

Түтіннен келген түйткіл

Теміртаудан кейін, негізгі техногендік жүктеме Қарағанды қаласының жотасына батып тұр. Шаһардың негізгі экологиялық түйткілі – пешпен жылытатын жекелеген үйлердің түзу ұшқан түтіні. Мұндай үйлердің жалпы саны – 26 мыңнан асты. Аталған мәселені оңтайлы шешу мақсатында әкімдік жеке секторды газдандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда 2 323 үй газбен жабдықталды. Газ тарату желілері 6 018 жеке тұрғын үйге жеткізілді.

– Көрсеткіш төмен екенін атап өту қажет. Бұл аймақ ауасының сапасын жақсартуды тежеп тұр. Биыл газдандыру жобаларына бюджеттен 1 млрд. тенге қаражат бөлінген. Келесі мәселе, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауыты жабдықтарының технологиялық тозуынан туындаған Балқаш қаласының атмосфералық ауасының ахуалы. Мыс кенін балқыту кезінде мұндағы негізгі түйін – шаң тазарту жабдықтары мен сору жүйелерінің тозуына байланысты шаң газының таралуы, – деп тізбектеді спикер.

Оның мәлімдеуінше, профилактикалық бақылау шеңберінде жыл соңына дейін кәсіпорынның мыс балқыту цехтарында түтін газдарын ұстау мен тазартудың қолданыстағы жүйелерін толығымен жаңғыртып, ауыстыру қажеттігі туралы тиісті нұсқама берілген. Кәсіпорын зиянды шығарынды атаулысын мейлінше азайту мақсатында іс-шаралар жоспары шеңберінде 2025 жылы күкірт-қышқыл цехының екінші желісін салуды көздейді. Бұл күкірт шығарындыларын 50%-ға дейін төмендетіп, қала экологиясын айтарлықтай жақсартуға игі әсер етеді. Бүгінгі таңда жобалау-сметалық құжатын әзірлеу амалдары жүргізілуде.

Экологиялық кодекс аясында

Жергілікті экология департаменті скрининг және мемлекеттік экология­лық сараптама қорытындысын беру, экологиялық рұқсат беру, қоршаған ортаға әсерді бағалау қорытындысын беру сияқты мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Аталған мемлекеттік қызметтер кәсіп­орындар жобаларының экологиялық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылып, қоршаған ортаға теріс әсерін барынша азайтуға септеседі. Былтыр департамент барлығы 771 мемлекеттік қызметті іске асырған. Оның ішінде, скрининг қорытындысы, қоршаған ортаға әсерді бағалау, сараптама қорытындысы, экологиялық рұқсат беру қамтылды. Мемлекеттік қыз­мет амалдары толығымен автоматтандырылып, «Е-лицензиялау» порталы арқылы жүзеге асырылады. Облыстың ірі кәсіпорындары 2023 жылы іс-шаралар жоспарын орындауға 7,7 млрд.теңге жұмсаған. Бұл ретте, кәсіпорындар 13,3 млрд. теңгені құрайтын экологиялық төлемдерді салық түрінде төлеген.

Облыс экологиясын жақсартудың тағы бір соны мүмкіндігі, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бекітілген іс-шаралар жоспарларын толыққанды орындауы. Қазақстан Республикасының жаңа экологиялық кодексі шеңберінде, барлық экологиялық төлемдер, қоршаған ортаны барынша қорғауға бағытталуы тиіс. Мәселен, салалық басқарма 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, онда Ақтоғай ауылында кәріз желілерін салу және тазарту құрылыстарын салу, сұрыптау желілерін көздей отырып, Балқаш қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын орнату, облыстың экологиясын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шаралар көзделген.

Жол картасының орындалысы

Экологияны жақсарту жөніндегі маңыз­ды құжат Қарағанды облысының 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасы. Құжатты Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі және облыс әкімі бекіткен. Жол картасы жалпы 57 іс-шараны қамтиды.

– Айта кету керек, былтыр қазан айында Жол картасы қайта пысықталып, Қарағанды мен Теміртау қалаларын газдандыру, «Kazakhmys Smelting» ЖШС, Балқаш мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехының екінші желісін салу, Осакаров ауданының Осакаровка кентінде, Абай ауданының Абай қаласындағы тұрмыстық қалдықтар полигонында кәріз желілері мен тазарту кешенінің құрылыстары бойынша 50 іс-шара жоспарға енді. Жасыл желектер алаңын ұлғайту да зор маңызға ие, – деп тұжырды Дархан Исжанов.

Өткен жылда Жол картасы бойынша Қарағанды қаласының тасымалдаушылары жергілікті өндірісте 146 жаңа автобус сатып алды. Балқаш қаласының әкімдігі тарапынан орталық жылытуға 50-ден астам тұрғын үй қосылды. «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС кәсіпорны №3 қазандықта бейорганикалық шаңды тазарту тиімділігін 99,67%-ға дейін арттыра отырып, 2 буынды эмульгаторды 3 буынды эмульгаторға ауыстырды. «ТЭМК» АҚ түтін құбырына эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі бойынша арнаулы жабдық орнатылды.

Ал, биылға Жол картасы бойынша Балқаш, Шахтинск қалаларының кәріз суларын тазарту қондырғыларын салу жобаларын дайындау, Осакаров елдімекенінде қалдықтарды сұрыптау цехын салу, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеу кезегін күтіп тұр.

Теңдессіз технология

Жол картасынан өзге, экологияны жақсартудың тиімді құралы – ірі кәсіп­орындарда заманауи технологияны енгізу. Келер жылдан бастап I санаттағы ірі нысандар үшін бұл тәртіп міндетті болады. Департамент ірі кәсіпорындардың ең үздік қолжетімді технологияларға уақытылы және тиімді көшуі және қоршаған ортаның сапасын айтарлықтай жақсартуға қол жеткізу мақсатында экологиялық заңнаманың талаптарын түсіндіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, жаңа экологиялық кодекс аясында ірі кәсіпорындар нақты уақыт режимінде зиянды заттардың шығарындыларын бақылауға мүмкіндік беретін әрі тұрақты да экологиялық қауіпсіз өндіріске маңызды қадам болып табылатын автоматтандырылған жүйені енгізу харекетін жалғастыруда.

– Қазірдің өзінде «Теміртау электро­метал­лургиялық комбинаты» АҚ, «Kazakhmys Smelting» ЖШС, «Карцемент» АҚ сияқты кәсіпорындарда бұл жүйе орнатылған. Ағымдағы жылға «Bassel Group LLS», «Kazakhmys Energy» ЖШС, сынды іргелі кәсіпорындарға орнату межесі тұр, – деп хабарлады спикер.

Ауаның ластану проблемаларымен қатар, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен ластану мәселесі де бар.

Полигон пәтуасы

Коммуналдық қалдықтармен күрес заңдастырылмаған қоқыс үйінділерінің санын азайтуға келіп саяды. Қарағанды облысының аумағында қалдықтарды орналастырудың барлығы 168 нысанының бүгінде 51-і заңдастырылған, ал 117-сі заңдастырылмаған және рұқсат құжаттары жоқ. Салалық басқарманың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, бұл бағытта Қарқаралы, Балқаш, Абай қалаларында және Ботақара, Нұра, Ақадыр кенттерінде сұрыптау тізбегі қарастырылған полигондар орнату сияқты іс-шаралар көзделгенін атап өту қажет. Сондай-ақ, елдімекендер аумағында жыл сайын рұқсат етілмеген қоқыс орындарының пайда болу проблемасы бар, бұл жер ресурстарының сапасына теріс әсер етеді. Ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша облыс аумағында 739 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 680-і тазартылды. Департамент былтыр полиция департаментімен бірлесіп 340 рейдтік іс-шара өткізіп, соның нәтижесінде 42 хаттама толтырылған. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды заңсыз орналастырудың 11 фактісі тоқтатылып, тәртіп бұзушылар жауапқа тартылды.

– Жыл сайын департамент «World Cleanup day» атты дүниежүзілік экология­лық акциясын өткізеді. Оған облыс бойынша 34 939 адам қатысқан болса, шара қорытындысы бойынша полигонға 2 191 тонна тұрмыстық қалдық жиналды. Биыл да осы дүниежүзілік экологиялық акцияны жалғастыру жоспарланған, – деді спикер.

Қоғам құлағы түрік

Сүркей күні сұрауы артқан қоршаған орта қорғаушылары қолынан келген қарекетін жасап-ақ жүр. Брифингте бұршақша жауған тілшілер сауалдарына да департамент басшысы дәйек пен дерегін жұптап жауап қатты. Әйтсе де, бұл бағыттағы Президент тапсырмаларының өңірдегі орындалысында іркіліс жоқ. Серпіліс те аңғарылатындай. Әйтеуір «Даудың басы – даладағы полигон» дегізбес үшін құзыретті мекеме ақпарат айдынын оңтайлы пайдаланатыны көрінеді. Оқшауырақ тұрған оқпантай мәселеге бұқпантайламай бетке тік қарап сөйлейтін экологтарға ерікті-еріксіз «ақ-нақағын» айтты деген рәуште қалды БАҚ өкілдері. Нәтиже көңілді нәрәнжу етпеді. Өйткені, экология – күбіжіктегенді әсте жақтырмайтын ел мәселесі!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button