Ресми

Тегеурінді құстың тегі жойылуға жақын

Облыс аумағында ителгі мен сұңқардың саны күрт азайып барады. Табиғатты һәм қоршаған ортаны қорғау жолында еңбек етіп жүрген мамандар осылай дабыл қағуда. Қызыл кітапқа енген құстардың популяциясын сақтау мақсатында Қазақстан бойынша «Сұңқар» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы ұйымдастырылады. Акция тамыздан басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды. Алаңға Экология және табиғи ресурстар министрлігі және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық испекциясының басшысы Абзал Балтабаев пен «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының орталық өңірлік филиалы басшысының орынбасары Шындос Омаров спикер ретінде қатысты. Бұл қатарда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев та бар.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Қазіргі уақытта орнитологтардың зерттеулеріне сәйкес, ителгі санының азаюы байқалады. Мамандар ителгі санының азаюының бірнеше себебін анықтап отыр. Сұңқарды сату және пайдалану мақсатында заңсыз аулау, әдеттегі диапазонның климаттық жағдайларының өзгеруі, электр желілерінде құстардың тоққа түсуі (сұңқар бағаналарға ұя салады), ұялардың бұзылуы, кеміргіштерге қарсы қолданылатын ауыл шаруашылық химикаттарымен улану секілді себептер бар екен. Сұңқар мен ителгі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына, халық­аралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына, СИТЕС (CITES) 2-қосымшасына енгізілген.

Сондықтан, балапандары мен олардың дериваттарын (жұмыртқалар, қауырсындар және т.б.) шекарадан асыру – Қазақстандағы CITES Әкімшілік органының рұқсатымен ғана іске асырылады. Абзал Балтабаевтың айтуынша, Қызыл кітапқа енген қанаттылар кейбір елдерде мүлдем жоғалып кеткен.

– Қазақстан, Моңғолия және Ресей сияқты елдерде соңғы 25 жылда ителгінің саны жартысына жуық қысқарды. Ал, кейбір елдерде ол мүлдем жоғалып кетті. 1980 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда ителгі саны орта есеппен 5000 ұя салатын жұпқа бағаланды. 2012 жылы сарапшылар тек бір мыңға жуық жұпты анықтады. Яғни, ол негізінен браконьерлікке байланысты кем дегенде 5 есеге қысқарды. Қазіргі саны белгісіз.

Бірақ, сараптамалық бағалау бойынша соңғы 10 жылда айтарлықтай өзгерген жоқ. Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан Республикасының осы түрдің құстарын қорғауға, сондай-ақ, олардың табиғи популяциясын ұлғайту үшін жағдай жасауға бағытталған үкіметтік бағдарламасы шеңберінде әр көктемде сұңқарлар табиғатқа жіберілді.

Мәселен, 2021 жылы Қарағанды облысының аумағында – 86, 2022 жылы – 80, 2023 жылы – 52 құс, соның ішінде, 23 сұңқар, 29 ителгі еркіндікке қанат қақты. Биыл 38 сұңқар және 38 ителгі табиғатқа жіберілді, – деді Абзал Балтабаев.

Бұдан басқа, Шет ауданында «Мидя» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігі аңшылық шаруашылығы базасында 2021 жылдан бастап «Самұрық» жыртқыш құстарды өсіру, мониторингілеу және оңалту орталығы құрылды. Жобаға Катар, Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтары да қатысуда. «Самұрық» орталығы жыртқыш құстарды өсіруді, оңалту және реинтродукциялау әдістерін жетілдіру бойынша ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізуді көздейді.

Шындос Омаров «Сұңқар» акциясының негізгі міндетіне тоқталды.

– Бүгіннен бастау алған «Сұңқар» акциясының мақсаты айқын. Бұл акция аясында Алматы, Жетісу, Жамбыл, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Маңғыстау және Шығыс-Қазақстан облыс­тарында және көршілес облыс­тардың іргелес аудандарында сұңқарды атуды, аулауды, сатуды көздейтін ұйымдасқан қылмыс­тық топ қызметін анықтау және жолын кесу жұмыстары күшейтіледі, – деді Шындос Омаров.

Осы шараға нақты жуапты ведомствалар облыстық инспекцияларының, құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өкілдерімен бірлесіп, сұңқардың мекен ететін ортасында жылжымалы блок бекеттерін орнатпақ. Сондай-ақ, полиция, прокуратура органдарының келісімі бойынша шекара және кеден қызметі мен аумақтық инспекциялардың өкілдері және «Охотзоопром» инспекторлары арнайы бригадалар ұйымдастырады. Белгіленген іс-­шаралардың қатарында тұрғындар арасында жүргізілетін қоршаған ортаны қорғау тақырыбын қамтыған түсіндірме жұмыстары да бар екен. Акция нәтижелері БАҚ беттерінде, сонымен қатар, әлеуметтік желідегі парақшаларда тұрақты түрде жарияланып тұрады дейді жауаптылар.

Инспекторлар әккі браконьерлерге қарсы төтеп беретіндей жабдықтармен тиісінше қамтамасыз етіледі екен. Мысалы, инспекторға қызметтік қару мен резеңке таяқ, сауыт, кісен, хаттама толтыратын планшет және бейнежазба жетоны беріледі.

Сұңқар – жыртқыш құс. Халықта «Сұңқар шашып жейді» деген сөз бар. Өз жемтігін әуеде паршалап жіберетін құсты халқымыз қасиетті деп өзге қанаттылардан ерекшелейді. Сирек кездесуі мен жойылу қаупіне байланысты Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген. Бұл құс­ты заңсыз ұстап, аулағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 339-бабына сәйкес жауапкершілікке тарту ­көзделген.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button