Бас тақырып

Тең қоғам – тең мүмкіндік

Қарағанды облысы мүгедектігі бар адамдардың саны жағынан республикада үшінші тұр. Қарағанды қаласының өзінде 25 мыңнан астам мүгедектігі бар адам бар. Олардың көпшілігі мамандардың айтуынша, өз құқықтарын білмейді, мемлекет тарапынан жасалып жатқан тиесілі көмекті толық көлемде алмайды. Екі жыл бұрын ашылған «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы аталған кемшілікті жою үшін осы санаттағы азаматтармен нақты жұмысты қолға алған.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, бүгінгі таңда өңірде 54 932 мүгедектігі бар адам тіркелген. Оның ішінде балалар – 5 206. Мүгедектігі бар адамдардың басым көпшілігі жұмыс істеуге қабілетті. Дерек бойынша 32 693 адам жұмыс істеп, нанын тауып, жей алады. Яғни, оларға денсаулық жағдайына қарай жұмыс табуына қолғабыс ету керек. Орталыққа келетіндердің айтатын басты мәселелерінің бірі – осы, жұмыс табуға көмектесу.

Әлеуметтік бейімдеу орталығының жетекшісі Нияз Сүндеталиевтің айтуынша, мұнда жұмыс іздеушілермен қатар, жұмыс берушілер де жиі келеді.

– Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа алуға дайын жұмыс берушілер аз емес. Қазіргі уақытта оларға мемлекет тарапынан айтарлықтай жеңілдік бар. Мәселен, мемлекет мүгедектігі бар адамның еңбекақысының жартысын субсидиялайды. Ол адамды жұмысқа алған кезде арнайы теру машинасын, арнайы жарықтандыру, тактильдік нұсқаулық, дыбыстық құралдарды орнату қажет болса, мемлекет оның да шығындарының бір бөлігін өтеп беруге әзір. Көп жұмыс берушілер бұл туралы біле бермейді. «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», әлеуметтік жұмыс орны және басқа да жобалар бұл адамдарды жұмысқа орналастыруға септігін тигізеді, – дейді Нияз Аделұлы.

Орталық бір терезе қағидатымен жұмыс істейді, мүмкіндігі шектеулі жандардың мемлекеттік органдармен кездесуі осы арада және сол мезетте мүмкіндігі шектеу­лі жандардың өзекті мәселелерін шешуге көмектеседі. Жұмысқа орналасуға жәрдемдесуден басқа, әлеуметтік бейімделу, заңгерлік және психологиялық көмек бар. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметті алу үшін құжаттарды рәсімдеуге, әлеуметтік қызметтер порталында жеке оңалтудың техникалық құралдарын таңдауға жәрдемдеседі.

Жалпы, мұнда азаматтар бір ғана емес, бірнеше мәселемен келеді екен. Әлеуметтік қызметкер Бауыржан Досжанның айтуынша, мүгедектігі бар адамның бір ғана мәселесі болуы мүмкін емес. Баспана, коммуналдық төлемдер, жеке оңалтудың техникалық құралдарымен қамтылу, психолог, заңгерге сұрақтары бірінен кейін бірі шығып жатады.

– Келген адамның мәселесін тыңдап, оны тиісті маманға жіберемін. Санаторлық-курортты ем алуға, жеңілдіктер туралы, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, халыққа қызмет көрсету орталығынан алатын қызметтерді түсіндіріп, сол жерге дейін алып баратын кездер болады, – дейді Бауыржан Досжан.

– Орталық мамандары келген адамның мәселесін жазып алады, ол электронды түрде тіркеледі, – дейді Нияз Сүндеталиев. – Мәселені шешудің толық алгоритмін көрсетеміз, не істеуі керек екені айылады. Қандай да бір мәселе туындаса, заңгер мен әлеуметтік қызметкер көмектеседі. Біз – қоғам мен мемлекетті байланыстырушы ұйымбыз. Қарағандыда 25 мыңан астам мүгедек бар. Оның барлығы қамтылды деуге келмес. Әлі де үлкен жұмыс бар атқаратын.

Орталық жетекшісі алдағы уақытта қазір қолданыстағы әдіс­терді жетілдіріп, бүгін көрсетіп отырған көмек түрлерін тереңдете түсу жоспарын айтты.

– Біз барлық салаларды қамтыдық. Мұнда он адам жұмыс істейді. Шақырту болса, орталық мамандары үйге барып, кеңес береді. Келе алмаса, телефон арқылы немесе месенджерлерге жазып біздің қызметкерлерден керек кеңесін алады, – деді ол.

Заңгер қызметіне күнделікті жүгінетіндер көп.

– Мүгедектік тобын ауыстыру, тұрғын үй кезегіне тұру, мүлікті бөлу сынды мәселелерге қатысты құқықтық көмек сұрай келеді. Соңғы кеңесіміз несиелеуге қатысты, несиені жабу бойынша. Мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақыдан несие қарызы ұсталып келген. Заңнама бойынша мемлекеттік жәрдемақыдан өндіріп алуға болмайды. Біз келген адамның атынан прокуратураға шағым жазуға көмектестік. Жұмыс орнында жұмыс беруші ол адамның құқықтарын бұзса, мәселен, біздің орталыққа келіп, кеңес алуға мүмкіндігі бар. Себебі, олардың жұмыс ережесі жағдайына қарай бөлек болады, – дейді орталық заңгері Айнаш Иргибаева.

Сонымен қатар, психолог та сұранысқа ие. Мүгедектігі бар адамдардың көп жағдайда психологиялық кедергілері болатыны рас. Заңгерге келген адамның психологтың да көмегіне жүгінуге мүмкіндігі бар.

– Қоғамның қабылдамауы – бар дүние. Біз адамға психологиялық «қорған» жасауға көмектесеміз. Қоғамдық байланыстарды дұрыс қабылдай алуды үйрену керек. Кім не десе де, алған бетінен таймай, мақсатына қарай ілгерілей беру керектігін айтамыз. Проблеманы жылы жауып қоюға да болмайды, оған мән бермегенімізбен, ол өздігінен жоғалып кетпейді. Мүгедектігі бар адам проблеманы өзінің денсаулығы мен психикалық жағдайына зиян тигізбейтіндей реттей алуы керек. Мұны тренингтерде, қажет болса, жеке қабылдауларда айтамыз. Тренинг түрлі тақырыптарды қозғайды. Жұмыс берушімен кездесуде өзіңді ұстау, өз қорқыныштарыңды жеңе білу, ұжымда, қоғамда, отбасында өзіңді ұстау, сенімділікті арттыру және басқа да тақырыптарды талқылаймыз. Орталыққа күніне кемі он адам келеді. Нақты маған бір-екі адам, кейде одан көп болуы да мүмкін, – дейді психолог Камила Токжуманова.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың негізгі мәселесі – қоғамдық стигма екенін Нияз Сүндеталиев те айтып отыр. Ойламаған жерден денсаулығынан айырылып, бұған дейін күнделікті саналған іске шамасы келмей қалған адам оқшауланып қалады. Бұл – бір.Екіншіден. Қоғам мүгедектігі бар адамдарды қабылдауға дайын емес. Бұл, әсіресе, көзге көрініп тұрған мүгедектегі бар адамдарға қатысты.

– Қоғам ғана емес, инфрақұрылым да дайын емес. Мемлекеттік мекемелерде қолжетімділік мәселесі болмағанымен жеке бизнес бұл тұрғыда жабық. Дәріхана, дүкендер әлі күнге дейін қолжетімді емес. «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жұмыс берушілерге түсіндіру жұмысы жүргізіледі. Жобаның міндеті – жазалау емес, түсіндіру. Кедергісіз келешекті қалыптастыру қажеттілік екенін түсіндіреміз, осы бір мәселеге назар аударуын сұраймыз. Мүгедектіктен ешкім сақтандырылмаған, – дейді орталық жетекшісі.

«Кедергісіз келешек» жобасы амбассадоры қаладағы «Огонек» дүкенін мысалға алды. Өткен жылы дүкен басшылығымен болған кездесуден кейін күрделі жөндеу жасалған. Бір жылдан кейін қайта барған жоба қатысушылары жақсы өзгерістерге куә болады. Пандус та орнатылған, касса мен сөрелер арасы да қоларбамен жүруге ыңғайлы етіп жасалыпты.

– Өкінішке қарай, барлығы бұлай қабылдамайды. Біз жолдаған хаттың ешқандай заңдық күші жоқ. Жинақтаған мәліметтерді өкілетті орган – Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыстағы департаментіне жібереміз. Департамент мониторинг жүргізеді, қажет болса, айыппұл салуға құқы бар, – дейді ол.

Бұл ретте жоба аясында мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында жасалған жұмыстар шығынының бір бөлігін мемлекет субсидиялайтынын кәсіпкерлерге түсіндіріледі.

Инфографиканы жасаған А.Рақымжан

Облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі  ретінде Нияз Аделұлы барлық деңгейдегі әкімдердің мүгедектігі бар адамдар бойынша кеңесшісінің болуы жайлы бастаманы көтергенін айта кеткен жөн болар. Бүгінде барлық қала, аудан әкімдері жанында мүгедектігі бар адамдардың мәселелері бойынша кеңесші бар.

– Аудан, қала әкімдігі деңгейінде шешілмеген мәселелер маған жолданады, – деп түсіндіреді ол. – Облыс деңгейінде шешілмесе, мәселе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жағындағы үйлестіруге кеңесіне жолданады. Ол жерде мен Қарағанды облысы бойынша өкілмін. Бұл әдетте республикалық бюджет шеңберіндегі мәселелер, өзгерістерді қажет ететін нормативтік-құқықтық актілер, заңдар, министр бұйрықтарына қатысты жайттар. Сонымен қатар, облыс­тағы бірқатар басқармалармен бірлескен телеграм чаты жұмыс істеп тұр. Онда мүгедектігі бар кез келген адам өзінің мәселесі туралы жазуына болады. Мәселе қаралады деп мен уәде беремін.

Орталық 2022 жылдың соңында ашылды. Өткен жылы 1 798 адамға көмек көрсеткен. Ал, биылғы бірінші жартыжылдықта 3 263 адамды қабылдаған. Жыл соңына дейін орталық арқылы көмек алушылар қатары көбейетіні сөзсіз. «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығының оң ықпалы өз бағасын алған. Аймақ басшысының бастамасымен осындай орталық былтыр Балқашта, биыл Теміртау қаласында ашылды. Орталық мүмкіндігі шектеу­лі жандарға мемлекет пен қоғам арасындағы дәнекер қызметін әрі қарай да атқара бермек.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button