Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан, елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек», – деген еді. Бұл орайда орталық облыста экология мен энергетика саласын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ірі жоба жүзеге асырылмақ. Қытайлық серіктестермен бірлескен берекелі бастама аясында жылына 200 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуге, әрмен қарай сағатына 20 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіруге қабілетті заманауи кешен салу көзделіп отыр. Шаһар инфрақұрылымын мейлінше жаңартуға, экологиялық жағдайды жақсартуға және энергия тапшылығын азайтуға ықпал ететін атаулы зауыт еліміздегі «жасыл» технологияларды дамыту жолындағы қарышты қадам болмақ.

Үздік үйлесім
Жойқын жобаның құрылыс мәселелері облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен шетелдік, отандық әлеуетті инвесторлар арасында өткен іскерлік кездесуі барысында жан-жақты талқыланды. Кездесуге қатысушылар болашақ нысанның техникалық сипаттамаларын, экологиялық тиімділігін және құрылыс кезеңдерін нақтылап өтті. Өз кезегінде инвесторлар жобаның жоғары технологиялы шешімдерге негізделгенін атап, жаңа кешенде қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және залалсыздандыру бойынша үздік әлемдік тәжірибелер қолданылатынын баса белгіледі. Яғни, табиғи ресурстарды үнемдеп, қоқыс полигондарға жіберілетін қалдық көлемін едәуір азайтуға тың мүмкіндік береді.
Облыс әкімдігі тарапынан жобаға жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылып, қажетті инфрақұрылымды жетілдіру, инженерлік желілермен қамтамасыз ету әрі рұқсаттық құжаттарды жедел рәсімдеу мәселелері де мұқият қарастырылды. Мұндай кешеннің іске қосылуы өңір экономикасына да оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындары құрылып, инвестициялық ахуал жақсарады. Ал, жергілікті тұрғындардың өмір сапасы артады. Жоталы жоба сәтті жүзеге асса, Қарағанды облысы үшін экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ете алады. Келелі кездесу барысында өңір басшысы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен фильтрациялық жүйелердің заманауи талаптарға сай болуы жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін басты шарт екенін атап өтті. Сонымен қатар, аймақ басшысы жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне де ерекше назар аударды.
Жобаны іске асырушы – «Қарағанды қаласы ГорКомТранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктес ретінде қалдық өңдеумен қатар экологиялық инфрақұрылым саласында халықаралық тәжірибесі бар Қытайдың Shangxi «CG Construction Group Co., Ltd.» компаниясы қатысуда. Яғни, шетелдік серіктестік өзінің заманауи технологиялары мен тәжірибесі арқылы жобаның сапалы әрі тиімді жүзеге асуына оң ықпал етпек. Инвесторлар тарапынан ұсынылған мәліметтерге сәйкес, кешенде қалдық атаулысын сұрыптаудың автоматтандырылған жүйелері, қайта өңдеу желілері және экологиялық қауіпсіздікке жауап беретін фильтрациялық құрылғылар орнату межеленген. Мұндай соны технологиялар қалдық көлемін едәуір қысқартып, қоршаған ортаға зиянды әсерді барынша азайтуға себін тигізеді.
Жаңа зауыт – жаңа мүмкіндік
Өңір әкімдігі жобаның инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуіне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Анығында инженерлік желілерді тарту, жер телімін дайындау және қажетті рұқсат құжаттарын реттеу жергілікті атқарушы билік тарабында. Аталған жоба аймақтағы инвестициялық тартымдылықты арттырмақ. Өңірде жүзеге асырылуы жоспарланып отырған жаңа экологиялық жоба тек инфрақұрылымдық дамудың ғана емес, сонымен қатар, аймақтың экологиялық қауіпсіздігін арттырудағы стратегиялық қадам. Жаңа қалдық өңдеу зауыты Қарағанды қаласының бас жоспарына сәйкес, қазіргі жұмыс істеп тұрған тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны аумағында бой көтермек. Сындарлы шешім қала сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалануға, сондай-ақ, қолданыстағы қалдық жинау жүйесімен интеграция орнатуға даңғыл жол ашады.
Құрылыс жұмыстары басталған кезде шамамен 100-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал, зауыт толық қуатында іске қосылғаннан кейін кемінде 50 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Демек, жергілікті тұрғындар үшін жаңа әлеуметтік-экономикалық қажеттілігінің өтеуі дей беріңіз. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаға қолдау мейлінше білдіре отырып, оның экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай жүзеге асырылуының маңызын атап өтті. Қазіргі таңда жоба бойынша жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Инвесторлармен бірге қаржыландыру тетіктері пысықталып, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену сатысында. Аталған кезең жоталы жобаның тиімділігі мен болашақтағы экономикалық әсерін нақты бағалау үшін аса маңызды. Заманауи зауыттың іске қосылуы қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеу үдерісін барынша тиімді етіп, полигондарға жіберілетін көлемді айтарлықтай азайтады. Осылайша қоршаған ортаға түсетін жүктеме азаяды.
Компанияның бас директоры Марат Бимағанбетовтің айтуынша, кешенді жоба қалдық өңдеудің толық циклін қамтитын тұйық жүйені қалыптастыруды көздейді.
– Біз қалдық атаулысымен жүйелі жұмыс істеудің тиімді әрі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз моделін енгізгіміз келеді. Мәні терең модель қоқысты сұрыптау, жою және энергия өндіру кезеңдерін толық қамтиды. Қолданыстағы инфрақұрылымға түсіп жатқан жүктемені ескерсек, мұндай шешім көптен бері пісіп-жетілген, – деді ол.
Қалдық тауарға айналған бетте…
Құрылыс кезеңінде 100-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылады. Ал, зауыт іске қосылған соң кемінде 50 тұрақты жұмыс орны құрылмақ. «Жоба неге маңызды?» деген сауалға оралсақ, экологиялық тиімділік тұрғысында болашақ зауыт қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу әрмен қарай энергияға айналдыру мүмкіндіктерін біріктіріп, қоршаған ортаға теріс әсерді барынша кемітеді.
Тұспалды нысанның басты ерекшеліктерінің бірі – Еуропалық одақтың экологиялық стандарттарына толықтай сәйкес келетін көпсатылы газтазарту жүйесімен жабдықталуы. Өндірісті кешен қоршаған ортаға таралатын зиянды заттарды, атап айтқанда, диоксиндер, ауыр металдар мен шаң бөлшектерін тиімді түрде сүзгіден өткізіп, ауаға зиянды эмиссиялардың бөлінуін шындап шектейді. Автоматты түрде жұмыс істейтін заманауи бақылау құрылғылары санитарлық, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты алғышарты саналады. Сонымен бірге жобаның тағы бір маңызды бағыты – қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін жетілдіру және кеңейту. Бүгінде Қарағанды қаласында пластик, қағаз, шыны сияқты қайталама шикізаттарға арналған арнайы контейнерлер орнатылған. Бастау алған ынтагерлік амалдар тұрғындар тарапынан оң қабылданып, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің артуына ықпал етуде. Алдағы уақытта аталған контейнерлердің санын едәуір көбейтіп, қаланың барлық аумағын қамту межеленді.
Қалдықты өркениетті негізде дұрыс сұрыптау – қайта өңдеу үдерісінің алғашқы әрі ең маңызды кезеңі. Осыған байланысты, түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарына ерекше мән берілмек. Байыпты бағытта бұқаралық ақпарат құралдары, мектептер, әлеуметтік желілер белсенді түрде жұмылдырылып, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру тәрбиесі жанданады. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарды ынталандыру шаралары да қарастырылған. Жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарымен, атап айтқанда, мүлік иелерінің бірлестіктері, пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізіледі. Экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты даму – қазіргі заманның бас талаптарының бірінен. Осы ретте Қарағандыда жүзеге асырылып жатқан маңызды кешен өңір экологиясын жақсартуға, тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды.
Байсалды бастама Қазақстан бойынша алғашқы тәжірибе болмақ. Егер жоба сәтті жүзеге асса, өзге өңірлерге де үлгі ретінде кеңінен енгізілуі бек мүмкін. Қоршаған ортаға салмақ түсірмей, қалдықты ресурс ретінде пайдалану – қазіргі заман талабы. Қазыналы Қарағандының ендігі қадамы еліміздегі экологиялық әрі энергетикалық тұрақтылыққа бағытталған нақты әрекеттің көрінісі десек, жарасатындай.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»