«Таза Қазақстан»: Қарағанды жастары экологиялық іс-шаралар өткізуді үйренді
Қарағандыда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Жастар ресурстық орталығында «ЭкоЖастар: Болашақ біздің қолымызда» семинар-тренингі өтті. Оған жастар ұйымдарының, жоғары оқу орындары мен колледждердің еріктілері қатысты. Семинарды қарағандылық экотренер, саяхатшы және салауатты және экологиялық өмір салты бойынша жаттықтырушы Дамир Кәрімов жүргізді.

Спикер семинар қатысушыларына экология тақырыбында, түрлі акциялар жайында сөз етті. Сонымен қатар, әлеуметтік конкурстар, марафондар, шеберлік сабақтары мен дәрістерін өткізу тәсілдеріне кеңінен тоқталды.
– Жеке тәжірибеме сүйене отырып, бір маңызды мәселені көтердім. Экологиялық шаралар негізінен экологиялық тәртіпке сай келмейді. Оны бір рет қолданылатын ыдыстарды, шарлар мен баннерлерді көргенде байқауға болады. Бұндай іс-шараның пайдасынан зияны көбірек. Біз тек ұтымды әдістермен ғана емес, жіберген қателіктерімізді де бөлісуіміз қажет. Себебі, алдағы уақытта дәл осындай акция ұйымдастырғанда осындай дүниелерден аулақ болуымыз керек, – дейді Дамир Кәрімов.
Сондай-ақ, семинарға қатысушылар жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға көмектесетін өзекті мәселелерді талқылады.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы басталғалы Қарағанды Жастар ресурстық орталығы 100-ден астам экологиялық іс-шара өткізіпті. Ал, маусым айынан бері өңірде алты ауқымды акция мен тренингтер ұйымдастырылған.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz