«Таза Қазақстан» акциясы аясында 19-ықшам аудан тазартылды
Қарағандыда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» жасақтарының белсенді жастарының қатысуымен кезекті сенбілік ұйымдастырылды.
Қалалық аумақтарды абаттандыруға бағытталған сенбілік барысында «Жасыл ел» қозғалысының 25 сарбазы 19-ықшам ауданның аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жасыл аймақтарды ретке келтірді. Олар көпқабатты үйлердің маңындағы шөптерді шабу, ағаш түптерін қопсыту және қалдықтарды сұрыптап жинау жұмыстарын жүргізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар арқылы жастарға табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау сынды құндылықтар насихатталады. Сонымен қатар, тұрғындарды экологиялық бастамаларға тарту, ортақ жауапкершілік сезімін қалыптастыру да – бұл шараның басты міндеттерінің бірі.
«Жасыл ел» қозғалысы жыл сайын жүздеген жасты табиғатты қорғау жұмыстарына жұмылдырып келеді. Ал «Таза Қазақстан» акциясы бұл бағыттағы жұмысты кең ауқымда жалғастыруға мүмкіндік беруде.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Видео: Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығынан