Руханият

Таудай талапқа талант үйлессе… (Жұпар Жақанның кітапшасын оқығанда)

Жазу өнеріне құмартып, жазушы болуға талпыну – әркімнің жеке бас шаруасы. Кей талапкер ә дегеннен-ақ қаламгерлік қарымын байқатып, елді елең еткізеді. Өз айтары мен өзіне тән көркемдік өлшемі бар екенін бірден сездіру де оңай емес, асылы. Мұндайда білгірлік көрсетіп, ақыл айта берудің жөні жоқ. Кейде аға буын қаламгерлер енді көрінген талапкерге тым биіктен қарап, «Ана жері неге олай?» Мына жерін былай етпеді ме? деп көсемсіп кетері де жасырын ба?

Сурет автордан

Жұпар Жақан есімі бізге аса таныс емес екен, алайда қолымызға түскен бірсыпыра шағын туындыларын оқи отырып, оны жаңадан бастап жазып жүрген һәм енді үйреніп жүрген талапкер деуге болмайтынын байқадық. Ол сөзімізге дәлел, біріншіден – қаламгердің жылпылдақ мұз үстінде тұрғандай күй кештіретін, екінің бірі тәуекел етіп бара бермейтін мысал жанрына тайсалмай қалам тартуы болса, екіншіден – астарлы ойын өте қысқа, барынша сығымдап жазуға машықтануы. Бұған қаламгердің өзіне тән алғыр­лығы мен қиялының біршама жоғары екенін тағы қосып қоюға болар! Орыстың атақты мысалшы-қаламгері Иван Крылов көлем жағынан шағын, бірақ астары тұңғиық терең мысалдарымен-ақ өз заманында қатарластарын ғана емес, әлемдік әдебиет майталмандарын мойындатып кетті. Бірден айтуға болады, қазіргі қазақ әдебиетінде осы мысал жанры мүлде кенжелеп қалды, бұған қалам тартушылар жоқ есебі немесе саусақпен санарлық қана. Осы орайда, әлбетте, Жұпар Жақанның әдебиеттегі енді басталған қадамын қол соға құптасақ, артық па?

Автор екі бөлек топтастырылған көркем дүниелерінің бірін балаларға арналған («Чипси мен Шибауырсақ») деп атаса, екіншісін («Құлақ пен талғам») үлкендерге арналған шығармалар деп айдарлапты. Бірақ, біз бұл туындыларды оқи отырып, анау айтқан үлкен айырмашылықты байқамадық. Мәселе – өмірде бар, болып жатқан әртүрлі кереғар жәйттерді туралап айтпай, астарлап жеткізуге тырысуы, яғни, мысал жанрына бейімдеуінде болып отыр. Айталық, бірінші бөлімдегі «Мысал әлемінде» топтамасын ересектер де тұщына оқып, кейбір жәйттер жайында ойға қалуы әбден ықтимал. Керісінше, екінші бөлімдегі «Өмірлік сабақ» топтамасын жас балалар да оқып отырып, зердесіне тоқып алатын астарлы ойлар мол екеніне көз жетті.

Мысал жанры, сөз жоқ, терең ой мен астарлы оқиғаға құрылып, сосын оқыған адамды әрі-сәрі күйге түсіріп, кісі қиялын қиырларға жетелеп әкетуге себепші! Мұхиттағы айсберг секілді, баяндалған жағдайдың жартысынан көп бөлігі түрін бермей, бүркемеленіп тұрады, тек ішкі түйсік һәм байқампаздықпен ғана сезінуге болатын қайырымдар алдыңа тартылады. Бұл тұрғыда ауыр жанрды таңдаған авторға айтарымыз – алдағы уақытта ой ұшқырлығы мен қиял кеңістігін тағы да ұштай түссе деген тілек бар. Тағы бір есте боларлығы – мысал жанрында пафос пен желпінте баяндау жағына барынша сараңдық танытып, мейлінше сақ болу ауадай қажет.

Ал, жалпы алғанда, өз басым әдебиет деген киелі әлемнің есігін ашып кіруге хақы бар, ойы мен өзіндік тілі орайласып жатқан, тағы бір талабы зор қалам иесін көргендеймін. Ең бастысы – таудай талап пен таланттың үндесуі ғой. Екеуі біріксе, алынбайтын қамал жоқ!

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button