Тау-кен терминологиясын бірлесе жасадық
Мен Днепропетровскінің тау-кен институтын 1939 жылы бітіргеннен кейін дәм жазып, арнайы жолдамамен Қарағандыға келдім. Келесі жылы облыстық «Советтік Қарағанды» газетін жаздырып алып, үзбей оқып отыруға көңіл қойдым. Міне, осыдан кейінгі жарты ғасырдан астам уақыттан бері оның тұрақты оқушысы болып есептелемін.
Арада шамалы жылдар өткен соң газеттің тек оқушысы емес, авторларының қатарына қосылдым. Тұңғыш жазған «Көмір кенін қолайлы жүйемен ысырапсыз өндірейік» деген тақырыптағы мақаламның 1948 жылы 28 желтоқсанда газет бетінде жарық көргені әлі есімде. Ол әлде газетке арнайы жолданған бірінші қолжазба болғандықтан ба, әйтпесе сол жылы атқара бастаған жауапты қызмет жайына байланыстылығынан ба, әйтеуір редакция есігін алған ашқаным ойымнан кетпейді. Бұл тұста мен мемлекеттік кен бақылаудың Қарағанды аудандық басқармасының бастығы болып істейтінмін…Осы жолдардың авторы сол тұста тау-кен терминологиясын зерттеп, оның қазақ тіліндегі баламаларын табу және бұларды сөздік қорымызға енгізу мәселелерімен шұғылданған еді. Соған орай зерттеу нәтижелерінен туындаған мақалалар циклін газетте жариялаудың сәті түсті. Мәселен, көмір алынып жатқан қабаттарға тіреу қою, көмірді дәрімен ату тәсілі арқылы құлату, метан газы және оны қауіпсіздендіру әдістері, жер асты жұмысы кезінде кеншілерді сақтандыру тәсілдері, механизмдер мен құрал-жабдықтарды дұрыс пайдалану, т.б. тақырыптарда берілген материалдарда қазақ тілінің сөздік қорын жасауға тырыстық…Осыған байланысты газеттің сол тұстағы редакторы Бейсенғали Тәйкіманов, редактордың орынбасары Ғалымбек Нәдіров, өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Қали Садықовтармен газетте кен өндірісіне байланысты қазақ тіліндегі атауларды қалыптастыруға, оны баспасөзге енгізуге зор еңбек сіңіргенін атап өткім келеді. Кейінде облыстық газет бетінде қолданылған атаулар тау-кен тақырыбына арналған авторлардың кітаптарында пайдаланылды десем артық айтқандық емес.
Сөздің ретінде Бейсекеңнің ынта көрсетуі арқылы менің газет бетінде жарияланған көптеген арнаулы мақалаларым негізінде «Қазақстан» баспасынан «Шахтерлерге кеңес» атты кітабымның ана тілімізде басылып шыққаны (1953 жылы, А.Ж.) ойыма оралады. Бұл басылым тау-кен терминологиясын қазақша атауда біршама міндет атқарды деуіме болар еді…
Академик, Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сағыновтың 1991 жылғы 4 мамырда жариялаған «Жұбымызды жазбағанымызға жарты ғасыр» атты мақаласынан.
Дайындаған А.ЖАНҒОЖИН.