Жаңалықтар

Татулық – Тәуелсіздік тұғыры

Теміртау қаласының Мәдениет сарайында Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылуының 30 жылдығы салтанатты түрде атап өтіліп, онда қаладағы ұлттық этномәдени бірлестіктерге дипломдар мен  жылдағыдай қала әкімінің дәстүрлі сыйлығы тапсырылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

   Мерейтойлық салтанатты құттықтау сөзбен ашқан Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Рауан Таран:–Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бергі 30 жылдың ішінде елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдерін біріктіріп, ынтымақ пен татулықтың берік тірегі мен тұғырына айналып отыр. Біздің қаламызда да 90-ға жуық әралуан ұлттың балалары бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, 17 конфессия мен 9 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Соның ішінде осы этномәдени бірлестіктердің өз ұлтының  ана тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытудағы, қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластықты дәріптеудегі алатын орны ерекше,–деп олардың тоғызына бірдей дипломдар мен 250 мың теңгеден ақша сертификаттарын табыс етті.

Мұндай құрмет мен марапатқа ие болғандардың қатарында гректердің “Понтос”, орыстардың “Берегиня”, корейлердің “Кореяна”, Жетісу казактарының, әзірбайжандардың “Достлуг”, немістердің “Видергебурт”, татар-башқұрттардың “Анвар”, чуваштардың “Шанчек” этномәдени бірлестіктері бар. Бұлар қаладағы түрлі мәдени шараларға белсене қатысып, тұрғын халық арасында ұлтаралық келісім мен өзара ынтымақ-бірлікті нығайту жолында көп шаруа атқаруда. Соның бірі гректердің “Понтос” этномәдени бірлестігінің биылғы 30 жылдық мерейтойы туралы осының алдында газетімізде жазғанбыз да. Ол республикамызда Қазақстан халқы Ассамблеясымен бір жылда құрылған осындай қоғамдық құрылымның бірі болып табылады.
Мерекелік салтанатта аталған бірлестіктердің өнерпаздары Мәдениет сарайына жиналған қалың көпшілік алдында өздерінің ұлттық өнерін паш етіп, әндерін шырқап, билерін биледі.
Соңынан этномәдени бірлестік өкілдері естелік суретке түсті.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button