«Тату көршілер» таңдауын жасады
12 ықшамауданда орналасқан Қазыбек Нұржанов атындағы гимназиядағы №133 референдум учаскесіне ерекше сайлаушылар келді.

Нақтырақ айтсақ, мұнда 12 ықшамауданы, 47 үйдің тұрғындары жұмыла келіп дауыс берді. Олар өздерін «Тату көршілер» деп атаған.
– Біз көтеріңкі көңіл күймен бірігіп келуді жөн көрдік. «Тату көршілер» бірге келіп, ел ертеңі үшін таңдау жасап, дауыс бердік. Өйткені, бүгін – тарихи күн. Барлық тұрғындарды біз сияқты белсенді болуға шақырамыз, – деп атап өтті Елена Ильченко.

Бұдан бөлек, мұнда референдумға келушілерге арзан бағада тәтті тоқаштар мен қолдан пісірілген бәліштер ұсынылды.
– Бұл тәттілер гимназияның асханасында дайындалды. Жәй ғана дайындамай, арнайы қазақы шаңырақтың астына орналастырдық. Келушілерге арзан бағамен сатып алуға болады. Елге көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат тұттық, – дейді 133 референдум учаскесінің төрағасы Вера Владимировна.

Сонымен бірге, мұнда әдемі ән әуелеп тұр. Келушілердің көңілі көтеріліп, таңдауын жасап, тәтті тоқаш пен бәліштен ауыз тиіп, мәре-сәре болуда.
Жәлел ШАЛҚАР
Ortalyq.kz



