Руханият

Татариновтар тағылымы

Еңсегей бойлы Алеша ағаны ауыл адамдары ерекше құрметтейді. Анам да үйге келгенде құрақ ұшып қарсы алатын. Беталды жүріп, бейсауат сөйлегенін көрген де, естіген де емеспін. Үнемі томаға-тұйық жүретін. Май сіңген, күректей тілім-тілім  алақаны оның нағыз еңбек адамы екенін аңғартатын. Бос уақыты жоқ, қашан көрсең техниканы айналсоқтап жүргені.

Алексей  (Алеша) Татаринов 1956 жылы 6 желтоқсанда Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында дүниеге келген. Анасы Мария Татаринова орыс ұлтының өкілі болса, әкесі Ю-Го-Джанның ұлты  – қытай. Анасы Мария 1962 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аудармақ болады. Сол кездегі тәртіпке сай Қытай елінен шығуда бірқатар қиындық болады. Анасы балаларын өзінің ата-тегіне жаздырып, сол кездегі Кеңес Одағының аумағына өткен. Бұрынғы Фрунзе, қазіргі Қасым ауылдық округінің Ақбай-Қызылбай ауылына келіп қоныстанып, еңбекке етене араласады.

Отбасындағы тәлім, әке мен шешенің тәрбиесі Татариновтар отбасының тағылымы болды. Әулеттегі бес бала да ауыл халқымен тығыз араласып, сіңісіп кетті. Қазақпен құда болып, құйрық-бауыр асап, қазақ ұлтының құндылықтарына бойұсынып, қасиеті қанына сіңді.

Алеша ағай еңбекке ерте араласты. Сегізінші сыныптан кейін комбайнға отырып, жасы үлкен ағаларымен иық тіресе еңбек етті. Кейіннен тракторды тізгіндеді. Совхоз тарағанға дейін үкіметтің симментал сиырын бақты. Сөзге емес, іске мығым азамат жұмыс талғамады. Қай істі қолға алса да абыроймен атқарып, елдің алғысын алып жүрді.

– Алеша алтын азамат. Істің адамы, жұмысқа тиянақты, айналасына адал. Қолынан келмейтіні жоқ. Өтінген шаруаңды лезде орындап береді. Еңбегін сатқан емес. Уақытында жұмысқа келеді, жұмысын аяқтап, аяңдап үйіне қайтады. Әр нәрсеге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бірнеше жыл бірге еңбек еттік. Айналасына сыйлы болды. Ауыл халқы Алешаны адамгершілігі үшін жоғары бағалайды. Әрі қазақ тілінде таза сөйлейді, – дейді совхоз уақытында бірге еңбек еткен Рымбек Нұрмағанбетұлы.

Үлкен отбасының қара нары Алеша аға мен жұбайы Света апайдың Дмитрий, Тимур, Назар есімді ұлдары мен Гүлсая, Ақерке есімді келіндері бар. Алеша ағай бос уақытында немерелері Елжан, Яна, Милана, Диас, Әлібек, Әлішерге гармоньмен қазақша әндерді құйқылжыта орындап береді.

Бүгінде 66 жастағы Алеша ағаның ермегі немерелері мен бау­бақшасы. Жасында бейнет көрсе де қарттық жақындағанда зейнетін көріп отыр. Кейінгі жылдары Шұбаркөл кен орнында жұмыс жасап, зейнеткерлікке шықты. Ол жердегі еңбегі ескерусіз қалмады, ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

«Ер еңбегімен еңселі» деген тәмсіл Алеша ағайға арналғандай. Ауыл үлкендері еркелетіп «Алеша» десе, жастар жағы «ағалап» тұрады. Құрметке әбден лайық. Жаны қазақ, жүрегі қазақпын деп соғады. «Өзге ұлттың өкілі» деп айтуға қимаймыз.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button