Руханият

Тастағы тарихты сөйлетті

Жақында М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында белгілі режиссер, өлкетанушы, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқанның тарихи ескерткіштерге арналған «Таста сақталған тарих» атты танымдық-деректі фильмі көрсетілді. Фильмнің мақсаты – Ақтоғай жеріндегі тарихи ескерткіштерді, археологиялық кешендерді, табиғаттың тың тылсым сыйларын жастарға таныстырып, болашаққа аманаттау.

Суретті түсірген автор

Деректі фильмнің таныстырылымына қатысқан қала әкімінің орынбасары Сая­гүл Жақсылықова мемлекеттік деңгейде ұлттық идеяның негізін құрайтын түбегейлі құндылықтарды дәріптеу, халықтың тарихи өткенін толығымен, жан-жақты зерттеу автордың үлкен еңбегі екендігін атап өтті. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұраны игеру сияқты міндеттерді 78-ге келген жасына қарамастан атқарып жатқан Тұңғышбай Өміртайұлына ризашылығын жеткізіп, иығына шапан жапты.

– Қазақстан ЮНЕСКО-ның Дүние­жүзілік мұралар комитетіне мүше болып кірді. Осы жылы Ұлттық Құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы туған жер тарихын жан-жақты танып-білу және оны қорғап, сақтау бағытында тапсырма берді. Расы керек, осы екі оқиға мені ежелден тарихи ескерткіштерге бай Сарыарқа өңірі – Ақтоғай ауданында деректі фильм түсіру жөніндегі ойға жетеледі. Менің бұл ойымды аудан әкімдігі қолдады. Бюджеттің бір тиынын пайдаланбастан, аудандық мәдениет бөлімінің қызметкерлеріне ғана арқа сүйеп, «Таста сақталған тарих» деген фильмді көктемде саз-балшықты кешіп, 2 мың шақырым жерді жүріп өтіп, таспаға түсірдік, – деді фильмнің авторы белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан.

Ақтоғайдың әр тасын, тарихын саралаған автордың еңбегі ел тарихындағы ең маңызды ескерткіштердің бірі Бегазы-Дәндібай мәдениетінен басталған. Сонымен қатар, балбал тастар, шежіре шерткен бітік тастар, петроглифті сурет жартастар, үңгірлер – тарих кітабы, уақыт үні, тіршілік мектебі екендігін шебер жеткізген. Бұл еңбектен тасын қопарсаң, тарихы сарнап қоя беретін аты аңызға айналған аймақтың, құтты мекеннің өткені мен бүгінгісі сыр шертілді десек, артық айтқанымыз емес. Бұған дейін ғалымдар бұл өлкеде 50-ден астам тас мүсін бар десе, автор 70-тен аса көне мұрамыз бар екендігін дәлелдеп берді. Деректі фильм­ді тамашалаған көрермен көне тарихпен қауышып, рухани байып қайтқандығын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның авторлығымен 2019 жылы «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы», 2022 жылы «Әлихан Бөкейхан – ұлт азаттық күрескері» атты танымдық-деректі фильмдері көрермендерге ұсынылған болатын.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button