Тастағы тарих. Петроглифтер
Өнердің көне ескерткіштері Қазақстанның барлық аймақтарында, әсіресе, Жетісу, Баянауыл, Қарқаралы, Маңғыстау, Қаратау, Шыңғыстау, Іле Алатауы, Тарбағатай, Алтай тауларында жартас гравюралар жиі кездеседі.
Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған мұрасы – көне заман жайында дерек беретін жәдігер.
Қола дәуірінде, ертедегі көшпенділер заманында ежелгі тайпалардың мифологиялық сюжеттері мен аңыз әңгімелерінің негізінде жасалған көп пішінді композициялар пайда болған.
Орта ғасырлардағы жартасқа сурет салу өнері бұрынғы қалыптасқан дәстүрде дамыды. Бұл заман суреттерін көне петроглифтердің үстіне салу мұнда жиі кездеседі. Кейбір орта ғасырлық петроглифтердің жанында жазулар да бар. Кейінірек қазақтар өмірінің этнографиялық сюжеттерін бейнелейтін петроглифтер пайда болды.
Жер асты суларының мол қоры мен ұлан-ғайыр жайылымды жердің болуы аумақтық және экономикалық жағынан Ұлытау көшпелі малшыларға ұзақ уақыт тұрақты қоныс болған.
Жартастағы суреттерден ертедегі темірқорытушылардың, көшпелі керуеншілердің, малшылардың өмірінен деректер беретін сызбаларды көруге болады. Түйелі керуендер мен салт аттылар топтары бейнеленген петроглифтердің сюжеттері қазақтардың Желмая жайлы көне аңызымен үндеседі. Қола дәуірінің петроглифтері діни нанымдарды, аңшылық сахналарын, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық сюжеттерді бейнеледі.
Суретшілер нүктелі әдіспен қашап, бояу, сызу арқылы көшпелі тұрмысты, шабандоздарды, жабайы аңдардың бейнелерін – құлан, барыс, бұқа-тұр, қасқыр, жабайы жылқы тағы басқаларды анықтап көрсеткен. Жануарлар жанды қимыл үстінде көрсетілген. Ертедегі шеберлер қос өркешті түйенің тәкаппар келбетін, тұлпарлардың сымдай сымбатын, бұғы мен киіктің әсемдігін, барыстың серіппеше атылуға әзір тұлғасын көрсете алған.
Көптеген аңыздар Теректі-Әулиемен байланысты, Жезқазған қаласынан шығысқа қарай 80 шақырым жерде, Теректі теміржол станциясынан 20 шақырым жерде гранитті қарымның ұшар басында орналасқан.
Суреттер – ежелгі адамдардың көшпелі өмірінің көрінісі. Аң аулауға, жабайы аңдарға арналған, ертедегі адамның санасында Көк Тәңірге, Күн рына табыну басым болған.
Петроглифтерде мифологиялық сюжеттер, діни-нанымдар, әдет-ғұрып сахналары – «Көкке табыну», «Құрбандық шалу салты», «Көк Тәңірге жол тарту» көріністері бейнеленген. Сондықтан да, қажылыққа барып тәу етушілер мен мистиканы әр түрлі жақтаушылар мұнда жиі келеді.
Жартас гравюраларының үлкен тобы – Байқоңыр ауылынан 20 шақырым жерде Бұланты өзенінің жартастағы жағалауында орналасқан. Көптеген жануарлар суреттерінен, аңшылық сахнасынан тұратын ондаған метр жерге созылған петроглифтердің ішінде түйелі керуен де бейнеленген. Петроглифтердің көп бөлігі қазіргі уақытта адамның аяғы жете алмайтын, шығуға келмейтін биік тік тастарға салынған. Ертедегі суретшілер аттардың керемет сымбаты мен мінезін бере алған. Сарыарқаның кеңістігіндегі петроглифтердегі ат суреттері ширақ қимылға толы.
Мәдени мұралар адамзаттың ғасырлар бойы жинаған рухани байлығы, тарихы, шежіресі десек, біздің тарихи-мәдени мұрамыздың тамыры тереңде жатыр. Ол ұлттық болмысымызда, салт-дәстүрімізде айқын көрініс тапқан. Ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани материалдық байлықты, жалпы ата-баба мұраларын келешек ұрпаққа дәріптеу – біздің басты мақсатымыз. Құнды мұраларымызды сақтап, оның өміршеңдігін қадағалау әрқайсымыздың ұрпақ алдындағы борышымыз.
Азат САБЫРЖАН, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің экскурсия бөлімінің басшысы.
ҰЛЫТАУ ауданы.