Байқау

Тас жарған таланттар

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы және Халықаралық зағип адам күніне орай ұйымдастырылған облыстық Music Galaxy вокалдық байқауфестивалі көру мүмкіндігі шектеулі жандардың мерейін бір өсірді. Мәдени-рухани шара облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Зағип және нашар көретін азаматтардың мәдениет үйінің қолдауымен өтті.

Байқаудың негізгі мақсаты – көру қабілеті төмен жандардың вокалдық шығармашылығын қолдау, насихаттау жас дарындарды анықтау. Байқауға Қарағанды, Абай, Теміртау, Балқаш қалаларынан 14-29, 30 және одан жоғары жас аралықтарындағы 36 өнерпаз өнер көрсетті. Қатысушылар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ән орындап, көрермендер мен қазылар алқасының қошеметіне бөленді. Талант иелерінің өнерін бағалаған қазылар – Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің солисі Кәмшат Насырова, И.Юрьева атындағы орыс романстарын орындаушылардың халықаралық конкурсының лауреаты Даниил Цыганкин, №3 Балалар музыка мектебінің, дарынды балаларға арналған Мұрагер мектебінің педагогы, балалар мен ересектерге арналған халықаралық фестиваль-конкурстардың ұйымдастырушысы Екатерина Нигматуллина зағип жандардың өнеріне тәнті болды.

– Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Бұл – әрбір қазақстандықтың өміріндегі маңызды оқиға. 13 қарашада Халықаралық зағип адам күні аталып өтті. Бұл күні мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік және мәдени өмірге бейімдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру дәстүрге айналды. Бүгінгі Music Galaxy байқау-фестивалі көзі көрмейтін адамдардың белсенді, рухы мықты екендігінің тағы бір дәлелі болмақ. Байқауға қатысқан әрбір қатысушының арманы, шығармашылық шыңдарды бағындыруға деген ұмтылысы мен үміті орындалсын деп тілейміз, – дейді ұйымдастырушылар.

Фестивальде өзінің дара талантымен таңдай қақтырған өнерпаздар қарасы қалың болды. Көрермендер қошеметі мен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болғандар марапаттар мен ақшалай сыйлыққа ие болды. Эмина Высочинскаяға Бас жүлде мен 100 мың теңге табысталды. 14-29 жас аралығында Сұлтан Малдабеков – І орынға (80 мың теңге), Эльмира Жуланова – ІІ орынға (60 мың теңге), Асхат Досмағамбетов ІІІ орынға (40 мың теңге) ие болды. 30 және одан жоғары жастағылар арасында Сұлтан Мұрат – І орынды (80 мың теңге), Маули Әскерхан – ІІ орынды (60 мың теңге), Еркебұлан Рымбеков ІІІ орынды (40 мың теңге) жеңіп алып, ақшалай марапатқа ие болды. Өзге 29 қатысушы әрқайсы 5000 теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button