Жаңалықтар

Тасқынды тыңғылықты дайындық тоқтатады

Облыста су тасқынының алдын алу мақсатында ауқымды дайындық шаралары қабылданды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қарағанды филиалы мен Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясының өкілдері мәлімдеді. Су қоймаларындағы жағдай тәулік бойы бақылауда, ал, гидротехникалық нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін кезекшілік ұйымдастырылған. Қауіп жоғары аумақтарда қорғаныс бөгеттері салынып, өзен арналары тазартылды. Жүйелі әрі үйлестірілген шаралар арқасында биылғы тасқын кезеңін қауіпсіз өткізу көзделіп отыр.

Инфографиканы жасаған Е.Кеңсбекұлы

Алдымен сөз алған «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қарағанды филиалы директорының міндетін атқарушы Муслим Аққожин су тасқыны кезеңіне әзірлік жұмыстары жайында хабарлады. Спикердің сөзінше, филиал бұйрығына сәйкес көктемгі тасқын суларды апатсыз өткізу және гидротехникалық құрылыстардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия құрылып, нақты іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұдан бір жыл бұрын жүргізілген дайындық жұмыстары аясында үш ірі су қоймасында – Ынтымақ, Ащысу және Шоқайда – жергілікті хабарлау жүйелері орнатылды. Бұл жүйелер төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

– Сонымен қатар, қажетті материалдар мен отын-май қорлары да даяр көрінеді. Мәселен, 760 тонна құм-қиыршық тас қоспасы, 1260 тонна қоқыс тастары, 2 тонна жанармай және 13 тонна дизель отыны жеткізілген. Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы және Қарағанды мен Ұлытау облыстарының төтенше жағдайлар департаменттерімен бірлесіп, су шаруашылығы объектілеріне су тасқыны алдындағы тексеру жүргізілген. Барлық маңызды нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Су қоймаларындағы төгінділер туралы деректер әкімдіктерге, төтенше жағдайлар департаментіне және өңірлік жедел штабтарға тұрақты түрде жолданып отыр. Бұл ақпарат негізінде жедел шешімдер қабылдануда, – деді Муслим Семсерұлы.

Су қоймаларының жұмыс тәртібі – суды пайдаланудың белгіленген қағидаларына және арнайы бекітілген кестеге сәйкес реттеледі. Бүгінгі таңда жағдай ерекше бақылауда. «Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясы», «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны, облыстық төтенше жағдай департаменті және жергілікті билік өкілдерімен тұрақты ақпарат алмасу жүргізіліп жатыр. Су тасқынының күтілетін көлеміне байланысты, су қоймаларынан суды ертерек жіберу жұмыстары жүзеге асырылды. Филиал мамандары көктемгі су тасқыны кезеңін қауіпсіз әрі басқарылатын жағдайда өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын мәлімдеді.

Өз кезегінде сөз алған «Нұра-Сарысу бассейндік инспекциясының» басшысы Әлия Мырзағалиева негізгі үйлестіруші рөлді Нұра-Сарысу бассейндік су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі инспекция атқаратындығын қаперге салды. Аталған құрылым су ресурстары саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі ретінде бассейн аумағындағы су қорларын пайдалану мен қорғауға жауапты. Инспекция өз жұмысын еліміздің су заңнамасына сәйкес жүргізеді. Яғни, ортақ пайдаланудағы, салааралық және мемлекетаралық маңызы бар ірі су қоймаларының жұмыс режиміне бақылау жасап, аталған нысандардың қауіпсіз әрі тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс арнайы бекітілген пайдалану режимдері мен су ағызу кестелеріне сай атқарылады.

– Көктемгі тасқын кезеңіне дайындық аясында «Қазгидромет» РМК деректеріне сүйене отырып, ірі су қоймаларынан алдын ала су жіберу жұмыстары жүргізілді. Бұл қоймаларда тасқын суларды жинау үшін және өзен арналарының шайылмауын қамтамасыз етуге бағытталған. Айта кету керек, барлық ірі су қоймалары көпжылдық реттеу режимінде жұмыс істейді және облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы саласын сумен қамтуда маңызды рөл атқарады, – деді Әлия Саинқызы.

Бассейн аумағында өзен арналарының өткізу қабілетін арттыру мақсатында санитарлық тазалау жұмыстары да жүргізілді. Атап айтқанда, Солонка және Нұра өзендерінің бірнеше учаскелерінде – Ғ.Мустафин кенті, Қ.Сәтбаев каналы, Шахтер мен Байтуған аралығы, Теміртау қаласы мен Чкалов, Садовое, Майоров, Тассуат ауылдары маңында тазалау жұмыстары атқарылған. Еске салсақ, бұған дейін, яғни, 2015-2023 жылдары Самарқан су қоймасынан жоғары көлемде су жіберілген кезеңдерде Бұқар жырау ауданына қарасты бірқатар ауылдар (Чкалов, Садовое, Ақтөбе) су басу қаупіне жиі ұшырап келген. Алайда, былтыр көктемде бұл жағдай қайталанбады. Нұра мен Шерубай-Нұра өзендерінің бойында орналасқан елдімекендерде су басу тіркелмеді. Бұл – алдын ала жүргізілген жұмыстардың оң нәтижесі.

Сонымен қатар, 2024 жылы су тасқынынан қорғау мақсатында 15-тен астам елдімекенде топырақ және қорғаныс бөгеттері салынды. Бұл жұмыстар Нұра, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Қарқаралы аудандарын, сондай-ақ Саран, Шахтинск қалаларын қамтыды. Қорғаныс нысандарының жалпы ұзындығы 15 шақырымға жуықтады. Бұдан бөлек, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігі 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Құжатта су тасқыны қаупі жоғары өзен учаскелері анықталып, оларда кезең-кезеңімен тазалау және қорғаныс жұмыстары жүргізілуі көзделген. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Нұра-Сарысу бассейніндегі бұл кешенді шаралар – су тасқыны қаупін төмендетіп қана қоймай, өңірдің тұрақты су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып отыр.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button