Тартысқа толы турнир
Облыс ардагерлері арасында әр түрлі жарыстар өткізіп отыру дәстүрге айналған. Бұл жолы Қарағанды қаласындағы Қазыбек би атындағы аудан Ардагерлер кеңесі бильярдтан жарыс өткізді. Бұдан бұрын осындай жарыс соғыс ардагерлері, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері Қали Аманбаев пен Камали Дүйсембековті еске алуға арналса, бұл жолы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды.

Турнирге мұндай жарыстарға қатысып жүрген тәжірибелі он ойыншы қатысты. Турнир басталар алдында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өзбек Бимендин және Қазыбек би атындағы аудан ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеубек Камалиев қысқаша кіріспе сөз сөйледі. Турнирдің бас төрешісі, ардагер Аман Жанғожин жарыстың шарттарын түсіндіріп өтті.
Тартысты өткен жарыстан соң бірінші орынды Болат Қабышев жеңіп алды. Екінші орынға Анатолий Бакеев көтерілді. Үшінші орынға Ғинаят Балабеков шықты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді. Қалған қатысушылар ардагерлердің қалалық және аудандық кеңестерінің алғыс хаттарына ие болды.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
жарысқа қатысушы