Жаңалықтар

Тарихи тұлға

Ауылдамын. Қым-қиғаш сапырылылысқан, қат-қабат бірінен соң бірі келіп жататын науқанды жұмыстардан қол босамайтыны тағы бар. Жұмыс барысында іссапарға жиі шығамын. Ақсу-Аюлының үстімен өтсем, міндетті түрде Кәмел аға қызмет істейтін аудандық газеттің редакциясына кіре кетуді ұмытқан емеспін. Бір кездері (18 жастамын) аз уақыт болса да қызмет істеген газет редакциясы мен үшін тым ыстық, өзіне тартып тұрады. Не іздеп, не үшін баратынымды өзім де білмеймін. Қашан барсам да терезе алдында сыртқа көзін салып ойға батқан күйін көрем, креслода шалқайып отырғанын кездестірген емеспін. Әдетінше әңгімені өзі бастайды, ел-жұрттың жағдайын, ауылдағы ақсақалдардың саулығын сұрайды. Сол төңіректе өмір сүрген белгілі адамдар жөнінде әңгіме қозғайды. Ол кезде менің білетінім шамалы еді, тіпті мардымды ештеңе айтпаймын десем де болады. Маған көңілі толмағанын білем, сол кезден бастап олқылықтың орнын толтыру мақсатында іздене бастадым. Қазіргі кездегі азды-көпті жазып жүргеніме Кәмел аға тәрбиесінің ықпалы тигені анық.

Сурет: ашық дереккөз

Кәмел Жүнісұлы – тіршілігінде өзін өзі танытып кеткен тарихи тұлға. Берісі Бесата елінің ұмытылып бара жатқан, тарих сахнасынан өшуге шақ қалған айтулы азаматтары жайлы зерттеп, әрқайсысына ерекше мән беріп, ортамызға оралуына бірден бір себепші болған қаламгер. Көмескіленіп қалған санамызға сілкініс жасап, кешегі өткен тарихымыздан алар ғибрат барлығын ашына жазған жазушының бірегейі. Айға жуық өзінің меншікті «Нивасымен» тау-тасты аралап, ауданның бүкіл аумағын сүзіп өтіп, таңбалы тастарға тіл бітіріп, ғасырлар бойы үнсіз жатқан күмбездердің сырын ашып, аудан көлеміндегі киелі орындарды анықтап ел игілігіне жаратқаны ерлік деп бағалауға тұрарлық үлкен жұмыс. Туған жер, ата-бабаларымыздың батырлық, ерлік дәстүрі, тыныс-тіршілігі жайлы жазған жазбалары бүгінгі күнгі жас жеткіншектердің сүйіп оқитын шығармаларына айналуы тиіс.

Шет ауданының құрылу тарихы жөнінде құнды мәліметтермен Кәмел ағаның жазбалары арқылы таныспыз. 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу жұмысы Толағай тауының баурайында жүргізіліп, оған аудан көлеміндегі 16 байдың іліккені, Керней баласы Кәріғұлдан 12 мың жылқы, Ақбұзаудан 12 мың қой, 300-ден аса түйе алынғаны жайлы деректерді біліп отырмыз. Шет ауданының орталығы екі жыл бойы Қызылеспе кенішінде тұрақтаған. Аудан көлемін аралау барысында 180 шақырым жердегі көпшілікке таныс емес мекенге барып, сол маңайдағы халыққа деген ренішін де жасырмаған. Тастан қаланған тарихи нысан бұзылып, құрылыс жұмысына пайдаланылған. Сау қалған бір қабырғасын суретке түсіртіп алып келген.

Қызылеспе кенішінің тарихы әріден басталады. Өндіріс сол маңайда орналасқан байлардың да күнкөрісіне жарап тұрған. Осы өндірісте қазақ өндірісшілері жұмыс істеді. Қ.Сәтбаевтың назарына іліккен, қатардағы жұмысшы бола тұра кен орнын ашқан Дүйсенбай Найманов сынды маман-геолог тәрбиеленіп шықты. Басқа аймақтарға қарағанда көзі ашық қазақ жұмысшылары осы өңірде қалыптасты.

Созақ оқиғасын естіп отырған жұрт Боқтыда болған көтерілістен де хабардар болып қалды. Сондықтан да болар, аудан орталығы Қызылеспеде 1931 жылдың көктемінде жұмысшылар толқуы орын алды. Осыған сәйкес, шала сауатты ОГПУ бастығы Сычевтің үкімімен болған тобымен кісі ату оқиғасының бар шындығын жазып кеткен бірден бір адам Кәмел ағамыз. Шет ауданында құрылған контрреволюцияшыл үш банды бастығының бірі Шәріп Орманов жайлы бар шындықты айтып, ол кісінің қалай қайтыс болғаны, кімдердің қолынан қаза тапқаны жайлы қолмен қойғандай анықтап жазып кеткен тағы Кәмел аға. Біздің жақтағы ел Ш.Орманов ел адамының қолынан мерт болды дейтін. 

Бір барғанымда Марғозы туралы сұрадым. Көп ойланып отырды, есіне өткен өмірі түсті ме деп ойладым. «Мен Марғозының маңайына да жолай алмайтын едім. Ол да, мен де аңдуда болатынбыз. Бірақ білетіндер Колымадағы, Ангарскідегі істерін жыр қылып айтатын. Бірақ ол кісі жайлы ештеңе жазылмай жатыр, ескертіп те жүрмін. Соншама жыл айдауда жүріп бүлінбей келген аңыз адам. Анандай қыспақтан аман-есен келуі білімділігінен дейді жұрт. Рас та болар. 1931 жылғы Кәрсөн-Керней толқуында Марғозы болды, ел арасында беделі де бартын. Жасалып жатқан зорлық-зомбылық, қолдан жасалған аштық белсенділердің ісі екенін айғақтап жұртқа басу айтты. Толқу жазалаушы отрядтың жауыздығымен басылды, белсенділердің араласуымен 26 адам оққа ұшты. Олардың аты-жөндері анықталған, келесі кітабымнан оқитын боласыңдар…»  деп сөзін аяқтады.

Кәмел Жүнісұлы – бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей тыным таппайтын адам. Небір зұлымдықтарды көрген Зекең ақсақалды жанына ертіп, Найзакескенде шейіт болғандардың орнын анықтап, суретке түсіріп тағзым етіп қайтты. Сол маңайдағы шаруа қожалығының жетекшісі Демесін Шәтеков ағамызға таспен бастырылған апанға көз қырыңды сала жүр деп тапсырып кетті. Апан астында жазықсыз жапа шеккендердің рухы тыныстап жатқан.

Ендігі бір сапары Қызылеспе, Бапы, Күйгенсай, Қосдоңғал бағытында өрістеді. Бұл жолы жанына Аманжан ақсақалды ертті. Қызылеспеде болған толқуды жаныштауға қатысқан адамның білетіні көп еді. Соншама жасқа келгеніне қарамастан, қай жерде кімнің, қанша адамның атылғанын анық көрсете алды. Осы оқиға жөнінде 1998 жылы маған да айтып берген болатын. Марғозының оқушысы екенін мәлімдеген ақсақал дұға бағыштап, сөзінің соңын ұстазым кешіре көр деп қайырған. Жазушының бұл сапары таспаға түсірілді. «Уақытың болғанда келіп жазып алып кетерсің»  деген. Оған үлгермей қалдым. Қалай айтсақ та артына үлкен мұра қалдырып кеткен адам. Сөз арасында айта кетейін, жоғарыдағы аты аталған жерлерді 1956-1957 жылдардың бірінде Марғозы Смағұлов мен Рысқұлбек Исатаев екі күн бойы атпен аралағанын Балтабай Адамбаев ағам айтқан еді. 

Кәмекең маңайында болып жатқан құбылыстар мен түрлі оқиғаларға бей-жай қарамаған адам. Елге белгілі бір азамат бабасына кесене салу ісіне кірісіп жатқан кез. Бұл істі көпшіліктің де қолдай қоймағаны да шындық болатын. Бірақ мен сол істің ішінде едім. Ауданға барған бір сапарымда Кәмекең жолығып қалды. Амандық-саулықтан кейін істеп жатқан жұмыстарымыздың дұрыс еместігін ескертті. «Бабаларың ол жерде емес, басқа жерде»  деп жер атауын  айтты. Оны есіме сақтай алмай қалдым. Ол екі ортада талай жылдар өтті. Осыдан екі жыл бұрын болу керек, Ақадыр стансасында жазушы Өмір Кәріп ағаның үйіне Төрехан Майбас ағаның бастауымен серкенің сере қазысынан дәм татуға бардық. Бізден басқа да біраз қаламгерлер жиналған екен, келісті басқосу болды. Қайтуға жиналып, далаға шықтық. Өткендегі оқиғаны еске салып, қайталап айтуын өтіндім.

«Қайрақты өзенінің шығысында, Қызылту ауылынан қашық емес жерде бұзылмаған күмбезде өзіңнің Ақ бабаңның жатқанын жақсы білесің. Оның жанында өздерің белгісіз деп жүрген тағы бір күмбез бар. Сол күмбезде ұлы бабаң тыныстап жатыр. Ертеректе сол маңайда біздің ауыл болған. Бала кезімде жанынан өтіп бара жатқанымызда әкем Жүніс көрсетіп еді. Шындығы бір Аллаға аян» деді. Жанымда кенже ұлым Қайыржан бар еді, шежіреші ағамыздың айтқанын ол да естіді. Бірақ жариялап ешкімге айта қоймадым. Бірақ түбі бір айтылуы керек болғандықтан жазып отырмын.

Адам мәңгілік емес, дәм-тұзы таусылған күні мәңгілік мекеніне қайтатыны ақиқат. Кәмел ағаның дертті болғанын естідік, естідік те қынжылдық. Ажалға ара тұрар күш жоқ. Сәтін салған күні көңілін сұрауға Төрехан аға екеуміз қаладан Ақсу-Аюлыға жол тарттық. Аудан орталығынан Мейрамды кездестіріп көңілін сұрауға бардық. Сәлем айтып үйге кірдік. Төсекте жатқан ағаның түрін көріп, бұл дүниенің адамы емес екенін айқын сездік. Көңілдегі сөзімізді айтып, тез сауығып кетуіне тілектестігімізді білдірдік. Көкірегі ашық адам ғой, дүние жалған екенін біліп жатты. Қош айтысып бөлмеден шықтық. Мен қайтадан кірдім.

Көңілімді толқытып, жаныма маза таптырмай жүрген сауалым бар еді, күдіктенсем де диктофонымды тоса отырып қойдым. Ағаның дауысы өте әлсіз еді, болар-болмас қана шығатын. Өзінің де қаузап жүрген тақырыбы. Күдіктенсем де көңілге қонымды жауап алдым. «Сұрағаныңның бәрі мұрағатта бар. Мен оны көргем. Кешікпей сен де көресің. Тек жаза бер, жаза бер» деді. Кәмел аға әулие екен. Айтқаны айдай келді. Бүгіндері қолымда бірталай материал бар. Жазайын десем уақыты келмей тұрған сияқты. Көп ел наразылық білдіреді, жау жинап қайтесің дейді.

Жазбамды аяқтай келе, бақилық болған Кәмел ағама пейіштің төрінен орын бұйырсын, артта қалған ұрпақтарына бақытты өмір берсін дегім келеді.

Аңғар СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қарағанды

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button