Тарихи тұлға
Биыл облыс архивінің ірге қалауымен қатар, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы» Қарағанды бөлімшесінің төрағасы, техникалық ғылымдар кандидаты Марғұлан ХАМИЕВТІҢ туғанына да 80 жыл толып отыр.
Біздің архивте ҚР Ұлттық архивтік қоры құжаттары сақталған. Сондағы жеке қорлардың өзі әр алуандығымен ерекшеленеді. Соның ішінде, экология мәселесімен айналысқан зерттеушілердің есімі – бір төбе. Бұл тұрғыда Марғұлан Хамиұлының есімін аттап өтуге болмас.
Кейіпкеріміз 1937 жылы 25 наурызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа станциясында дүниеге келген. 1955 жылы Челябинск облысының, Златоуст қаласында орта мектепті бітіріп, 1956 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түседі. Кейін, «Карагандауголь» комбинатының «Ленинуголь» №23 трестіне жұмысқа жіберіліп, 1965 жылы «Бүкілодақтық ғылыми-зерттеулік және конструкторлы-жобалау институты (КНИУИ)» көмір қазу бөліміне аға ғылыми қызметкер болып ауысады. Марғұлан Хамиұлы «Создание технологии и средств механизации выемки пластов угля, залегающих в сложных горно-геологических условиях без постоянного присутствия людей в забое» еңбегінің негізгі авторларының бірі. Сонымен қатар, динамикалық соқаға қатысты қазу жүйелерінің параметрлерін анықтау, соқаның жоғарғы жағынан ұру құрылғысымен рұқсат етілген қашықтықты анықтау, дөңгелек бірлігін тиемей тазалау жұмыстарында тау қысымы көріністерін зерттеу секілді құнды зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1975 жылы «Исследование и установление основных параметров технологии выемки крепких и вязких углей с применением динамических струговых установок» тақырыбында диссертациясын үздік қорғап шығады. Бұдан әрі ғылыми деңгейін жоғарылатуда ауқымды жұмыстар атқарып, соған сай, 6 сала бойынша «Карагандауголь» өндірістік бірлестігінде біліктілігін жоғарылату курсын аяқтады. 1981 жылы «КНИУИ үздік қызметкері» атағын иеленіп, суреті институттың құрмет тақтасына ілінді. Еңбектері «Научные труды КНИУИ» журналы мен түрлі жинақтарда 7 мәрте жарық көрді. Екі жыл ішінде 2 авторлық куәлігі өндірісте жүзеге асты. Жетістіктері үшін «КСРО өнертапқышы» белгісімен марапатталады.
Ғалым облыстық, республикалық, кеңестік, халықаралық мәдени іс-шараларға белсене қатысып, бірнеше мәрте Қазақ КСР-і атынан Кремльде сөз сөйледі. 1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған Бүкілодақтық өнер фестивалінде Дунаев хоры құрамында ән салғаны да бар. 1976 жылы Қарқаралы ауданының «Салтанат» ән-би ансамблі құрамында Францияда өткен халықаралық фольклорлық фестиваліне қатысты.
Марғұлан Хамиұлының ендігі ерлігі – 1989 жылғы 28 ақпандағы Алматы қаласында өткен «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың белсенді мүшесі болуы. Сол жылдары елімізде аумақтық қозғалыс басшылары тағайындалған еді. Қарағанды облысы, Қарағанды қаласындағы қозғалыс төрағасы болып осы Марғұлан Хамиев тағайындалды. Қозғалыстың басты мақсаты – адам өркениетінде ядролық қаруды болдырмау, ядролық сынақтан зардап шеккен аумақтарға экологиялық, әлеуметтік-экономикалық көмек көрсету, табиғатты, адамзатты, мәдениетті жандандыру еді.
Бұдан бөлек, Ресей ғалымдарының зерттеулерін негізге ала отырып, генетикалық модификацияланған организмдерге (ГМО) толық және жан-жақты зерттелгенге дейін өндірісте және импорттауда тыйым салу бойынша да маңызды жұмыстар жүргізді. БАҚ арқылы бірнеше мәрте Қарағанды, Балқаш, Теміртау қалаларында экологиялық жағдайдың қиындағаны туралы мәселе көтерді. Осы еңбектеріне орай, ҚР Президентінің 2005 жылғы 25 тамыздағы Жарлығына сәйкес, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. 2011 жылдың 3 маусымында ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі бұйрығымен «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен, «Невада-Семей» ХАҚ президенті бұйрығына сәйкес, «Халықаралық Невада-Семей антиядролық қозғалысының 25 жылдығы» медалімен, 2014 жылғы 5 желтоқсанда ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстан Республикасында ғылымға қосқан еңбегі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
А.НЕСІПБАЕВ,
«Қарағанды облысының ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архивінің» басшысы.