РуханиятТұсаукесер

Тарихи кітаптың тұсауы кесілді

Тәуелсіздік – жылдар бойғы халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысы мен толассыз күресінің жемісі. Боқты көтерілісі – сол тағдырлы тарихтың айшықты парағы. Бұл туралы жуырда жарыққа шыққан «Боқты көтерілісі» кітабының Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өткен тұсаукесерінде кеңінен айтылды. Авторы – Қарағанды медициналық интерколледжінің директоры Аманжол НҰРБЕКОВ пен жеке кәсіпкер Мұрат ТАЛЮКЕНОВ.

Шараға кітаптың шығуына еңбегі сіңген және осы тақырыптағы деректердің мәнін терең білетін Аманжол Нұрбеков, Төрехан Майбас, Жандос Смағұлов сынды ғалым, қаламгерлермен қатар, көтеріліске қатысушысының ұрпағы, Боқты ауылынан Айбек Елеусізов қатысты.

Тарихи кітапқа ардагер журналист Оралбек Жүнісұлы редакторлық жасаса, әдеби өңдеген – жазушы Төрехан Майбас. Туынды Алматы қаласындағы «Palitra-Press» баспаханасында басылған. Алғысөзін жазған – Е.Бөкетов атындағы ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков.

Жөні бөлек, жолы басқа, салмағы басым кітап үш бөлімнен тұрады. Алғашқысы «Үш діңгек» деп аталып, көтерілістің шығу тарихы жайлы дерекке толы авторлардың мақалалары топтастырылған.

Екінші «Халықтық қарулы көтеріліс» бөлімінен Төрехан Майбастың «Боқты көтерілісі: қарақшылары қайсы, басмашылары қайсы?», ақын Мирас Асанның «Боқты қазылығы», сынды мақалалардан көтерілістің халықтық сипатын аңғаруға болады.

Ал, үшінші «Аруақты бабалар» бөлімінен Хамза Әбішевтің немересі, Әбіш Бейсенбайұлының шөбересі Дина Әбішеваның (Байкенова) «Абиш би и его потомки» атты мақаласымен қатар, осы айтулы көтеріліске қатысқан белгілі тұлғалар мен олардың үрім-бұтақтары жөнінде деректерге қанық бола аласыз.

– Бұл көтеріліс туралы егемендіктің арқасында айтып, зерттей бастадық. Тәркілеу, салық сынды қысым басталып, халық осы жерде үлкен көтеріліске шыққан. 2019 жылы ас бердік, конференция өтті. Көтеріліс өткен маңға ескерткіш орнаттық. Бұған белсенді атсалысқан Мұрат Талюкенов, Айбек Елеусізов сынды азаматтар. Яғни, біз осылай сөзден іске көштік. Сол шараның нәтижесі – осы кітап. Енді бұл көтеріліс туралы көркем фильм, деректі фильм түсіру қажет, – деді Аманжол Нұрбеков.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button