Ресми

Тарих тағылымы таразыланған күн

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне сондай-ақ, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форум өтті. Бұл – қазақ жеріндегі этностарды біртұтас етуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей жобасы. Достық үйінде шетелдерден және республиканың түпкір-түпкірінен келген тарихшы ғалымдар, халықаралық сарапшылар, қоғам қайраткерлері, жазықсыз жапа шеккен арыстардың ұрпақтары бас қосты. Олар ұлт азаттығы жолында құрбан болған боздақтардың, соның ішінде, Сәкен Сейфуллиннің қайраткерлік ғұмырына, шығармашылығына қатысты баяндамалар жасады. XXI ғасыр, жаһандану дәуірінде ұлт болып ұйысуға қажетті құндылықтар төңірегінде өрелі әңгіме өрбітті.

Суреттер халық Ассамблеясының баспасөз қызметінен

Екі күнге созылған халықаралық форумның мақсаты мен міндеті айқын: ұлтты азаттыққа бастаған тұлғалардың тарихтағы рөлін айшықтау, сол арқылы бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, қазақстандықтардың патриоттық рухын көтеру. Ашылу салтанатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, қоғамда белең алып бара жатқан қатерлі құбылысқа тоқталды.

– Ұлттық тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық бірлікті нығайту және тарихи жадыны жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «ХХ ғ. 20-50 жылдарындағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін тарихы: жаңа мұрағат материалдары және зерттеулер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға, кешегі Алаш арыстарының алтын бесігі Арқа жеріне қош келдіңіздер! Бүгінгі басқосудың қазыналы Қарағандыда өтуінің бірнеше себептері бар. Мәселен, Қарағанды облысы – Алаш көсемдерінің кіндік қаны тамып, рухы асқақтаған қастерлі мекен. Екіншіден, ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі зобалаң жылдарда саяси лагерьге айналған бұл өңір – қазақ шеккен қасіреттің куәгері. Алаш арыстарының қаны мен олардың ұрпақтарының көз жасы сіңген топырақта аманаттың ауыр жүгі бар. Қазір біздің қоғамда, әсіресе, ғылыми ортада Алаш көсемдері мен кеңестік жүйе қайраткерлерін бір-біріне қарсы қою үрдісі белең алып бара жатқаны жасырын емес. Тіршілігінде «тар жол, тайғақ кешуден» өткен Сәкен тағдыры екінші мәрте рухани қудалауға тап болып отырғанын тура бүгін ашық айтуға тиіспіз. Осы мәселеге қатысты Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткір пікір білдіріп: «Ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына қарай және өз қоғамының мүддесіне сәйкес елге қызмет етті. Түптеп келгенде, мұның бәрі – біздің тарихымыз», – деді. Құрылтай отырысында Президент көтерген бұл мәселеге қатысты жақында Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі мырза да депутаттық сауал жолдап, қоғамдық ойға қозғау салды. Мен бүгінгі алқалы жиында ақтаңдақ жылдар ақиқатына тік қарап, тарихи тұлғалар туралы тамырланып бара жатқан кереғар пікірлерді «бітістіретін» уақыт жеткенін айтқым келеді.

Сәкен Сейфуллин есімін ардақтап, еңбегін бағалау, рухын дәріптеу мәселесі бойынша қайраткердің туған жері Қарағанды облысы көштен қалып отырған жоқ. Облыстық қазақ драма театры, облыс орталығындағы негізгі көше Сәкен есімімен аталады. Облыс аумағында бірнеше білім ордалары мен елдімекендерге оның есімі берілген, – деді Нұрлан Бикенов.

Конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Лугмар Буларов та қатысты. Ол «ортақ тарихымыз бірлігімізді нығайтады» деген келелі пікір айтты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Айбек Жақсыбаев та сөз алып, маңызы зор жиыннан оң нәтиже күтетінін жеткізді.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, Алаш арыстарының ғұмырын зерттеп жүрген Нұрлан Дулатбеков саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы нәтижелі болғанын атап өтті.

– Комиссия жұмысының нәтижесінде көптеген монографиялық еңбектер жазылды. Мұрағаттарда шаң басып, сарғайған құжаттар жарыққа шығып, ғылыми айналымға енді, – деді Нұрлан Дулатбеков.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев те маңызды деректерді қамтыған баяндамасын жасады.

– Арқаның топырағын айрықша құрметтеймін. Себебі, ұлттық азаттықтың туы осы жерде көтерілген. Қарқаралыдағы орыс, қазақ училищесінің директоры Ахмет Байтұрсынұлы желбіреткен. Өздеріңізге белгілі, кейінгі 4 жылда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процес­тері өтті. Осы Жарлығы үшін Президентке ерекше алғысымды білдіремін! Сол комиссияның құрамында мен де болдым. Нәтижесінде мұрағаттағы құжаттардың 80-ге жуық томы жинақталды. 311 мың адам ақталды. Бұл – ұлт үшін өте маңызды жұмыс болды деп айта аламын. Және мұндайды Өзбекстаннан да, Қырғызстаннан да көрген жоқпын. Германия, Украина, Польша атқарып тастаған. «Кеңес үкіметінің репрессиясы адуынды болғаны соншалық, қазақ халқының екі буыны жапа шекті. Соның салдарынан ұлт саяси басқарусыз қалды» депті Андрей Скаплер есімді халықаралық сарапшы. Бұл – шындық. Қудалаудың кесірінен халқымыз Мәскеуге жалтақтағыш, жетекшілге айналған. Репрессияның нәтижесінде халқы өзінің көзқарасынан, ұстанымынан айрылып қалған. Кеңес үкіметі өз қоғамына «Марксизмді» енгізді. «Марксизм» – қазақ қоғамына мүлде жат қоғамнан келген. Кеңес үкіметі осылайша үлкен, аса қатерлі экспериментке барды деп айтуға болады. Ахмет Байтұрсынов «Для нас социализм – чужая идея, чужая гость» деді. Бұны Мағжан Жұмабаев та айтқан. Социализм деген – кәдімгі таптық күрес. Ал, Алаш арыстары бізге ұлттық тұтастық керек деп шырылдаған. Ұлт болудың алғышарты – тұтастық. Бүгінгі Қазақстан ұлт ретінде сақталып, әріқарай өркендегісі келсе, тұтастыққа баса мән беруі тиіс, – деді Мәмбет Қойгелдиев.

Сәкентанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсеметов «Сәкен Сейфуллин – Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы» атты баяндама жасады. «Сәкен бабамызға қатысты біршама мұрағатты ақтарып отырып, көп мөлшерде құжат жинадық. Сол құжаттарға қарап отырып, Сәкен Сейфуллин білікті реформатор болғанына көзіміз әбден жетті. Сәкен Сейфуллин жоғары лауазымды қызметке тағайындалған бетте іргесіне Алаштың дарынды, білікті азаматтарын жинады. Ағарту саласына ұлт ұстазы атанған, бұрынғы Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы, заң саласына кәсіби заңгер Ахмет Бірімжановты (Алаш орданың Әділет министрі болған), Алаштың біртуар перзенті Әлімхан Ермековті алды, денсаулық сақтау саласына атақты Мәжит Чомбаловты тағайындады. Мемлекет жоспарын Смағұл Сәдуақасовқа тапсырды. Сот саласына Нығмет Нұрмақовты тағайындады. Алаш орда кезінде Батыс аймақты басқарған Есенғали Қасаболатов қаржыға ие болды. Сәкен Сейфуллин сын сағатта ұлтының асыл перзенттерін маңайына тоқайластыра білді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Сәкен Сейфуллинге «Аққа да, қызылға да ортақ, байға да, кедейге де бөлмейтін қазақтың біртуар ақыны» деп баға берген еді», – деді ол өз баяндамасында. Сонымен қатар, баяндамашы Сәкен Сейфуллин Кеңес үкіметінің саяси элиталарын түгелдей шахматтан ұтқан кәсіби, дарынды шахматшы екенін де атап өтті.

Бұл конференцияның бірінші бөлігі ғана еді. Екінші панельдік пікірталас алаңында 8 баяндамашы болды. Қатарда Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Бүркітбай Аяған бар. Ол «Сталиндік қуғын-сүргіннің идеологиялық негіздері мен ерекшеліктері» тақырыбында баяндама жасады.

– 70 жыл миллиондаған халықты сорлатқан Кеңес үкіметін аты-жөні бүркемеленген саяси элиталар басқарды. Владимир Лениннің, Иосиф Сталиннің, Лев Троцкийдің, Филипп Голошекиннің шын аты-жөні басқа еді. Міне, бұл жүйеде шын есімін жасырғандар қасіретке әкеп соқтырған небір әрекеттерге барды. Сонымен қатар, мына бір мәселеге ерекше тоқталған жөн. 1917 жылы жаңа биліктің басына келгендер ешқандай да ақылман, кемеңгер емес. Олар Кеңестік жүйенің қаңқасын Карл Маркстен ала салған. Яғни, олар іргетасы түгілі жүйенің қабырғасын да қаламаған. Одақ тізгінін алған сәтте, тіпті, экономикалық бағыт-бағдарлары да болмаған, – деді Бүркітбай Аяған.

Бірінші күннің соңында қатысушылар Сәкен театрына барып, ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы желісімен сахналанған қойылымды тамашалады. Сонымен қатар, театр алдындағы Сәкен Сейфуллин ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Форумның екінші күнінде қатысушылар Долинка кетіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «ҚарЛаг» музейіне ат басын бұрды. Қасіретті жылдарға, боздақтардың өксігі мен көз жасына куә болған тас қабырғалардың сұр өңін өз көзімен көрді ғалымдар қауымы.

Форумның екінші күнінде дөңгелек үстел басында 10 тарихшы-ғалым баяндама жасады. Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары қауымдастығының төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы Наталья Калашникова «Память во имя будущего» тақырыбында, Геноцид және Литва тұрғындарының қарсылығын зерттеу орталығының директоры Арунас Бубнис «Новые факты Кенгирского восстания» тақырыбында, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің жаңаша тарих кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әлішер Сабиров «Место и значение устной истории в исторической памяти народов Казахстана и Узбекистана» тақырыбында, профессор, тарих ғылымдарының докторы, Гамбург университеті жанындағы Солтүстік-Шығыс Еуропа немістері мәдениеті және тарихы институты директорының орынбасары Виктор Дённингхаус «Политбюро ЦК ВКП и депортации этнических меньшинств в Казахстане в 1930-е годы» тақырыбында баяндама жасады.

Қорытынды шарада қатысушылар екі күнге созылған форумнан мол тәжірибе мен бағыт-бағдар алғандарын жеткізді.

Екі күнге созылған Халықаралық форумның нүктесі Әлімхан Ермековтің басына барып зиярат ету болды. Бүгінгі егемен Қазақстанның өткенін зерттеп жүрген тарихшы ғалымдар әруақты ердің рухына Құран бағыштады.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button