Жаңалықтар

Тарих тағылымы таңбаланды

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, тарих факультетінде Қарағанды облысының әкімдігінің қолдауымен, «Шаңырақ» Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының қауымдастығының ұйымдастыруымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Ол ұлт қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туғанына 130 жыл толуына орайластырылды. «Нығмет Нұрмақов – мемлекет және қоғам қайраткері: ұлт тағдырының күрделі кезеңдері және қазақ саяси элитасы» атты алқалы басқосуда келелі тақырыптар қозғалды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Конференцияға Нығмет Нұрмақовтың мұрасын түгендеп жүрген тарихшы ғалымдар, университеттің профессорлық оқытушылық құрамы, сонымен қатар, тұлғаның ұрпақтары да қатысты. Пленарлық мәжілісті тарих факультетінің деканы, профессор Жамбыл Жұмабеков тізгіндесе, университет Басқарма төрағасы-ректоры, ҚР ҰҒА академигі Нұрлан Дулатбеков, кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннің қазақ халқына тигізген зардабы мен тұлға өмірінің мазмұнды тұстарын тілге тиек етті. Конференцияның маңыздылығы жөнінде сөз қозғады.

– Нығмет Нұрмақов – ұлт тарихында айрықша орын алатын тұғырлы тұлға. Оның өз халқы үшін атқарған еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, Мәскеуде саяси қызмет атқарып жүргенінде бар күш-жігерін салып қазақтың көсегесін көгертемін деп аянбады. Ол 1937 жылы Алаш көсемі Әлиханмен бір күнде атылды. Осыдан 14 жыл бұрын Мәскеудегі Дон зиратында ардақты тұлғаларымыздың басына ескерткіш-тақта орнаттық. Бүгінгі жиында нығметтанушы ғалымдар өз ойларын ортаға салып, жаңа тұжырымдамалар жасап, тарих беттері жаңа парақтармен қатталады деп сенеміз, – дейді профессор Нұрлан Орынбасарұлы.

Шетелден келген арнайы мейман, Эстония мемлекеті Тарту университетінің профессоры, PhD, зерттеуші Аймар Вентсельге университеттің құрметті профессоры атағы табысталды. Тарихшы ғалымдар даярлаған «Кеңестік дәуірдегі репрессиялық саясат: Орталық Қазақстан бойынша» атты зерттеу еңбегі таныстырылды.
Конференция онлайн және оффлайн форматта өтті. Көрші Ресей, Өзбекстан елінен де қатысқан тарихшы ғалымдар өздерінің зерттеу объектілері жайында кеңінен сөз қозғап, баяндама жасады. Тарих ғылымдарының докторы Рымбек Жұмашев өз баяндамасында ұлт қайраткерінің асыл жары – Зүфнүн Нұрмақова жайлы сөз қозғап, тың деректермен бөлісті.

– Аяулы жеңгеміз Зүфнүн Алаш арысы, қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының магистрі Жақып Ақбайдың бауыры Ыбырайдың қызы. Текті әулеттің ұрпағы болғандықтан, және жазықсыз жаламен сотталған асыл азаматтың адал жары бола білгендіктен, озбыр саясат оны да шеңгеліне түсірді. Нығмет нақақтан сотталып, атылған соң Зүфнүн де Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, одан соң «АЛЖИР» лагеріне айдалды. Тек 1956 жылы Нығмет Нұрмақов ақталған соң ғана оның да басына бостандық келіп, Мәскеудегі үйіне оралды. Ардақты ағамыздың соңында қалдырған мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа аманаттаған Зүфнүн апамыздың да елеулі еңбегін еш етпей, үнемі насихаттау керек, – деді Рымбек Жұмашев.

Конференция барысында ізденіс үстінде жүрген тарих факультетінің жас зерттеушілеріне «Шаншар Жарылғап Тілеукеұлы» қорының атынан жалпы сомасы 500 000 теңге көлемінде стипендия табысталды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Қарағанды зерттеу университетінің
ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button